Accessibility links

Тимур Дәнебаевтың туысы белсендінің түрмедегі видеоүндеуінен соң қысым жасалғанын айтты


Түрмеде жазасын өтеп жатқан белсенді Тимур Дәнебаевтың бауыры Марат Дәнебаев. Видеодан скриншот.
Түрмеде жазасын өтеп жатқан белсенді Тимур Дәнебаевтың бауыры Марат Дәнебаев. Видеодан скриншот.

Түрмеде жазасын өтеп жатқан белсенді Тимур Дәнебаев тұтқындарды азаптау ісі бойынша айып тағылған түрме қызметкерлерін ақтаған соттың шешіміне наразылық ретінде аштық жариялайтынын айтып видеоүндеу жасағаны үшін қысымға тап болған. Бұл туралы оның бауыры Марат Дәнебаев мәлімдеді.

Азаттық Азия тілшісіне Марат Дәнебаевтың айтуынша, түрме қызметкерлерін ақтау туралы сот үкімі жария болғаннан кейін Тимур бауырына әлгі видеоүндеуді жолдаған. Марат видеоны желіде жариялағаннан кейін видеоны жоюды талап еткендердің қысымына тап болғанын айтты.

Оның сөзінше, келесі күні оған қамауда отырған бауыры Тимур бірнеше рет қоңырау шалып, мекеме қызметкерлерінің талабын жеткізген.

"Ол хабарласқан кезде айналасында бес қызметкер тұрғанын, өзіне тергеушілер барғанын айтты. Бұған қоса кездесудің орнына скайп арқылы екі сағат сөйлесе аласың деп айтқанын жеткізді. Бірақ, түсінгенім, оған ештеңе бермей, алдап, маған қоңырау шалып, видеоны жойып таста деп өтініш айтуға мәжбүрлеген. Мен "жоқ, видеоны жоймаймын" деп айтқанымда, олар байланысты үзе салды. Оны бопсалап жатыр", – деді Марат Дәнебаев.

Оның сөзінше, одан кейін де қоңыраулар түскен, түрме қызметкерінің жеке нөмірінен телефон шалды деді Марат Дәнебаев.

"Жасап жатқан қысымды ол арқылы өзім сезіне бастадым. Және де әлгі видеоны жоюды ол тарап кеткендіктен емес, онда Тоқаев туралы, 20 мың террорист жайлы айтылғандықтан талап етіп жатыр. Мен оларға маған қоңырау шалуды және видеоны жоюды сұрауды доғарыңдар деп айттым. Мен ешкімнің айтқанына көнбеймін, видеоны жоймаймын. Мұндай қысым жасап жатқаны бірінші рет емес. Мені де отырғызамыз деп қорқытқан. Тіпті Тимурды тұтқындап, заңсыз тінту жүргізген кезде де. Саған қарсы да жинақтап қоямыз деген маған", – деді Марат.

Азаттық Азия тілшісі комментарий сұрап хабарласқан Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық атқару жүйесі комитеті видеоға байланысты тексеру жүріп жатқанын айтқанымен, Тимур Дәнебаев бауырына қоңырау шалған қалта телефонның иесі түрме қызметкері ме деген сауалға жауап бермеді.

13 ақпанда Qaharman құқық қорғау қорының желідегі парақшасында белсенді Тимур Дәнебаевтың видеоүндеуі жарияланды, бауырының айтуынша, Тимур видеоны түрмеде жазып, жолдаған. Видеода Тимур мен оның қасында тұрған екі адам колонияның бұрынғы қызметкерлерін ақтаған сот үкіміне наразылықы ретінде аштық жариялайтынын мәлімдеген. Соның алдында Ақмола облысындағы Атбасар қаласының соты азаматтық белсенді Тимур Дәнебаев пен өзге де тұтқындарды азаптау ісі бойынша айып тағылған түзеу мекемесінің бұрынғы 12 қызметкерін ақтаған.

Тимур Дәнебаев әлеуметтік желіде 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) әскерін Қазақстанға шақырғаны үшін билікті сынаған. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты "Алматыға 20 мың бандит шабуылдады" деген сөзі үшін сотқа бермек болған.

Кейін оған әлеуметтік желіде "ұлт араздығын қоздырды" деген айып тағылды. Бұған Өскемен қаласы тұрғынының арызы себеп болған. Сот Дәнебаев Ресейдің Украинамен соғысы тақырыбын сөз еткенде ұлт араздығын қоздыратын сөз айтқан деген ұйғарым жасады. 2023 жылы сот оны үш жылға соттаған.

2023 жылғы қыркүйекте әлеуметтік желіде Атбасар қаласындағы колонияда жазасын өтеп жатқан Тимур Дәнебаев пен басқа да сотталған адамдардың соққыға жығылғаны көрінетін видео тараған. Бұл оқиғаға байланысты түрменің 12 қызметкеріне "Азаптау" бабы бойынша айып тағылып, 2024 жылғы шілдеде сот процесі басталған.

Жарыссөз кезінде прокурор айыпталған 12 қызметкердің біреуіне – 7 жыл, қалғандарына 6 жыл түрме жазасын сұраған. Прокурордың бұл сөзіне жәбірленушілердің бәрі келіскен.

Айыпталушылар түрменің ішкі ережесіне сай, тәртіп сақтап, қарсылық көрсеткендерге арнайы құралдар қолдануға мәжбүр болғанын, заң бұзбағанын айтып, өздерін ақтауды сұраған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG