Accessibility links

Алматыда бір жыл қамауда болған қарақалпақ белсендісі Ақылбек Мұратбай бостандыққа шықты


Қарақалпақ белсендісі Ақылбек Мұратбай
Қарақалпақ белсендісі Ақылбек Мұратбай

Қазақстандағы қарақалпақ диаспорасының жетекшісі Ақылбек Мұратбай (Мұратов) Алматының тергеу изоляторынан бостандыққа шықты. Ол абақтыда 12 ай қамауда отырды. Ташкент Мұратбай мен тағы бірнеше қарақалпақ белсендісін Өзбекстанға экстрадиция жасауды сұраған, бірақ Қазақстан үкіметі оларды берген жоқ.

Абақтыдан бостандыққа шыққан Ақылбек Мұратбайдың фотосы мен видеосын оның қарындасы Фариза Нарбекова 15 ақпанда Instagram-парағында жариялады.

Қазақстан полициясы Ташкенттің сұрауы бойынша Ақылбек Мұратбайды 2024 жылғы 15 ақпанда Алматыда ұстаған. Өзбекстан билігі Мұратбайға "жаппай тәртіпсіздікке үндеу" және "қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке қауіп төндіретін материалдар тарату немесе көрсету" баптары бойынша айып таққан. Қарақалпақтардың құқын қорғаушы белсенді ретінде көпшілікке танылған Мұратбай өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды, оның жақтастары өзбек билігі белсендіні саяси астармен қудалап жатыр деп мәлімдеген.

37 жастағы Ақылбек Мұратов – Өзбекстан азаматы, Қазақстанда 10 жылдан астам уақыт тұрған. Ол 2022 жылы шілдеде Нөкістегі наразылықты үкімет күштері басып-жаншығаннан кейін қарақалпақтар өз Отанында қуғын-сүргінге ұшырағанын Х әлеуметтік желісінде үнемі жазып жүрді. 2022 жылы Өзбекстан билігі референдумға шығаруға ұсынған Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасында Қарақалпақстанның егемендігі мен Өзбекстаннан бөлініп шығу құқығы туралы баптардың болмауы Қарақалпақстанда елдің наразылығын оятты, мыңдаған адам көшеге шығып, үкіметке талабын жеткізбек болды. Өзбекстан билігі наразылық шеруін тарату үшін күш қолданды, соның салдарынан, кейбір деректер бойынша, 20-дан астам адам өлген. Қарақалпақстандағы қантөгістен кейін Ташкент Конституция жобасынан даулы түзетулерді алып тастады.

Мұратбай – Өзбекстанның сұрауы бойынша Қазақстанда ұсталған қарақалпақ белсенділерінің бірі. Ол сияқты Қазақстанда бір жыл экстрадициялық қамауда отырып шыққан төрт қарақалпақ белсендісіне – Жангелді Жақсымбетовке, Зиуар Мирманбетоваға, Раиса Худайбргеноваға және Тілеубике Юлдашеваға қазақ билігі босқын мәртебесін беруден бас тартты. Былтыр күзде ол төртеуі АҚШ-қа кетті. Қазақстанда тұрған тағы бір қарақалпақ белсендісі Қошқарбай Төремұратов Польшадан саяси баспана алды.

Және бір қарақалпақ белсендісі, Ташкент іздеу жариялап, Қазақстанда қамауға алынған Ринат Утамбетов былтыр желтоқсанда Өзбекстанға экстрадиция жасалғаны жақында ғана белгілі болды. Құқық қорғаушылардың дерегі бойынша, Утамбетов баспана беру туралы өтінішін тоқтатуды сұрап, "өз еркімен" отанына кетуге келіскен. Кейінгі ақпаратқа қарағанда ол қазір Нөкістегі тергеу абақтысында отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG