АҚШ өз әскерін Украина территориясындағы сирек жер металдары кен орындарын қорғау үшін орналастыру мүмкіндігі барын айтқан. Мұндай хабарды NBC News арнасы төрт ресми тұлғаға сүйеніп жариялады.
Дереккөздердің айтуынша, президент Дональд Трамптың әкімшілігі Киевке сирек жер металдарын өндірумен айналысатын кәсіпорындардың акцияларының 50 пайызын АҚШ-қа беру жөнінде ұсыныс жасап, егер Ресеймен соғысты доғару туралы келісімге қол жетсе, Вашингтон кеніштерді қорғауға америкалық әскер жіберуге дайын екенін меңзеген.
Аты-жөні аталмаған екі шенеуніктің сөзінше, соғыс басталған 2022 жылдың ақпанынан бері Украинаға берілген қару-жараққа жұмсалған миллиардтаған долларды АҚШ-қа қайтарудың Киев үшін тиімді жолы өндірілген металдардың 50 пайызына иелік құқын беру туралы келісім болмақ.
Сенбі күні Украина президенті Владимир Зеленский Мюнхенде өтіп жатқан қауіпсіздік жөніндегі конференцияда сөйлеген сөзінде АҚШ-пен келісім әлі дайындалып жатыр, әзірге оған қол қойылған жоқ деп мәлімдеген.
Washington Post басылымының дереккөздері Украина президенті өзіне Мюнхенде ұсынылған келісімге қол қоюдан бас тартты деп хабарлаған. Reuters сөйлескен адамдардың айтуынша, Зеленский Украина ел Конституциясына негізделген ұсыныс жасайды деп мәлімдеген.
Associated Press сөйлескен дереккөздер болса, Еуропаның бірнеше елі Украина аумағына әскер жіберу мәселесімен ешкімге жария етпей айналысып жатыр деп айтқан. Агенттік деректері бойынша, еуропалықтар мұндай нұсқаны қарастыруда бір жылдай бұрын бастаған. АҚШ президент Дональд Трамп Ресеймен келісімді еуропалық елдердің қатысуынсыз бекітіп қойып жүре ме деген қауіп оларды бұл мәселені қарқынды талқылауға итермелеген.
Associated Press-тің хабарлауынша, талқылауға Ұлыбритания мен Франция белсендірек қатысып жатыр, бірақ жоспардың егжей-тегжейі белгісіз. Еуропалық әскери контингент саны Ресей мен Украина арасындағы бейбітшілік келісімінің шартына байланысты болмақ деп жазды агенттік.
ПІКІРЛЕР