Accessibility links

Мюнхендегі келіссөзде Зеленский АҚШ-пен сирек металдар туралы келісімге қол қоймады


Украина және АҚШ делегацияларының кездесуі. Мюнхен, Германия, 14 ақпан, 2025 жыл.
Украина және АҚШ делегацияларының кездесуі. Мюнхен, Германия, 14 ақпан, 2025 жыл.

Украина президенті Владимир Зеленский ел қойнауындағы сирек металдардың күллі қорының 50 пайызын келешекте АҚШ-қа беру туралы келісімге қол қоюдан бас тартқан. 14 ақпанда Мюнхендегі қауіпсіздік конференциясында Зеленский АҚШ делегациясымен кездескеннен кейін бұқаралық ақпарат құралдары осылай деп хабарлады.

АҚШ конгресі мүшелері келісімге қол қоюды ұсынғанда Зеленский "сыпайы түрде бас тартқан" деп жазды Washington Post басылымы.

Зеленский мен АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс те Мюнхендегі конференцияда минералдар жөніндегі келісімді талқылаған, бірақ олардың кездесуі қандай да бір нәтиже бергені туралы ақпарат жоқ.

"Біздің командаларымыз құжатпен жұмыс істеп жатыр, – деп хабарлады Зеленский Х платформасында. – Біз шынайын әрі кепіл берілген бейбітшілікке мейлінше тезірек жылжуға дайынбыз. Бір соғысты тоқтатуға және әділеттілік пен Украинаның қауіпсіздігі үшін кепілдікті қамтамасыз етуге көмектесе алатын президент [Дональд] Трамптың батылдығын өте қатты бағалаймыз".

Өткен аптада президент Трамп АҚШ қаржылай көмегінің қарымтасына Украинадан сирек жер металдарын алғысы келетінін мәлімдеген.

"Біз берген нәрселердің орнына Украинадан сирек жер металдары мен басқа да заттарды алатынымыз туралы келісім жасағымыз келеді", – деп мәлімдеген Трамп 3 ақпанда Ақ үйде, Украинадағы соғысты тез аяқтайтыны туралы сайлауалды уәдесін оның әкімшілігі қалай орындайтынын түсіндірген кезде.

АҚШ-тың экономикасы мен ұлттық қорғанысы үшін сирек жер металдары өте маңызды саналады. Украинаның жер қойнауында көптеген сирек металдардың ірі кен орындары бар.

4 ақпанда Зеленский Украина "біздің жерімізді қорғауға көмектесе алатын серіктестерімізбен бірге осылардың бәрін бірлесе игеруге ашық" деп мәлімдеген.

Мюнхендегі кездесуде Украина АҚШ делегациясына сирек металдар бойынша келісімнің жаңартылған нұсқасын тапсырған. 12 ақпанда АҚШ ұсынған келісім жобасына байланысты Киевті толғандырған жайттар болған. Украина тарапының ақпараты бойынша, қайта қаралған жоба маңызды минералдарды өндіру ісіне АҚШ-тан инвесторлар тартуға мүмкіндік береді.

Украина делегациясының екі мүшесі Reuters агенттігіне "кейбір жайттарды" әлі пысықтау қажетін айтқан. Келісімнің негізгі мазмұны әлі белгісіз қалып отыр.

АҚШ әзірлеп ұсынған келісім жобасын осы аптада Киевке қаржы министрі Скотт Бессент алып барған. Fox Business Network арнасына берген сұхбатында Бессет Ақ үй әкімшілігінің соғысты тоқтату жөніндегі жоспары Украина экономикасын АҚШ экономикасына "кіріктіреді" және "АҚШ-тың салық төлеушілері салған ақшасын қайтара алатынын" қамтамасыз етеді деп хабарлаған.

АҚШ-тың бір топ сенаторымен (республикашылдар мен демократтар) Мюнхендегі жабық өткен кездесу бір жарым сағатқа созылды. Зеленский Бессент апарған ұсынысқа байланысты уәжін келтірген деп хабарлады Reuters өз дереккөздеріне сүйеніп. Зеленский "әлі оқып үлгермеген құжатқа қол қоюды өтіну жөнсіз" деп санайды деген аты-жөнін атамауды өтінген дереккөздердің бірі. Зеленский АҚШ-пен келісім туралы өзінің ұсынысын талқылап, оның Украина Конституциясына сай екенін атап айтқан деген дереккөз.

Өзге екі дереккөз Бессенттің ұсынысын "біржақты" деп сипаттаған, бірақ егжей-тегжейін айтпаған.

Келіссөздерден кейін Зеленскийдің кеңсесі Украина мен АҚШ "екі ел арасындағы экономикалық серіктестік туралы құжатты әзірлеу жұмыстарын жалғастыруға уағдаласты" деп мәлімдеді. Оған қоса мәлімдемеде Украина "шынайы қауіпсіздік кепілдігі" жайлы талабын қайталаған.

Украина президенті АҚШ конгресінің өкілдер палатасының Майкл Тернер (Огайодан сайланған республикалық партия өкілі) бастаған бір мүшесімен кездескенін де Х платформасында жазды. Зеленский оларға майдандағы жағдай, Ресейдің Курск облысындағы операциялардың нәтижесі жайлы айтып, соғысқа Солтүстік Кореяның араласуы қандай қауіп-қатер төндіретінін баяндаған. Ол "сенімді қауіпсіздік кепілдігі" қажет екенін атап айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG