Түркия билігі түркімен оппозициялық белсендісі Үмида Бекжановаға берілген ықтиярхаттың күшін жойды, енді оған депортация қаупі төніп тұр деп хабарлады Азаттықтың Түркімен қызметі – Азатлык радиосы.
Бекжанова өзіне берілген ықтиярхаттың күші жойылғанын қаңтардың аяғында банктен хабарлама алған кезде бір-ақ білгенін айтқан. Оның ықтиярхатының күшін жою туралы шешім былтыр қазан айында шыққанын білген. Осыған байланысты оның адвокаты көші-қон қызметіне сұрау салған, бірақ ресми жауап ала алмаған.
"Бейресми әңгімеде менің тіркеуім Түркіменстанның Түркиядағы елшілігінің өтініші бойынша жойылған деп түсіндірді. Түркіменстан мен Түркия арасында Бердімұхамедовтің режимін сынағандарды ұстау және депортациялау туралы астыртын келісім бар деп естігем. Осы келісім аясында бірнеше серіктесімізді (арасында Мердан Маммедов та бар) Түркиядан жасырын экстрадиция жасаған", – деді ол.
Бекжанова өзіне түркімен билігі тікелей және туыстары арқылы қысым жасағанын айтты. Оның сөзінше, былтыр Түркіменстанда оның 24 жастағы ұлын ұстап, ұрлық жасадың деп айып таққан. "Түрмеде ұлымның денсаулығы нашарлап кетті. Оның бүйрегі ауыратын, несеп жолында ақау бар. Үйдегілер оған дәрі-дәрмек пен тамақ апарып берсін деп анда-санда ақша аударып тұрам. Түрме қызметкерлері оған қатыгездік жасамасын деп пара беруге де мәжбүрміз", – деп мәлімдеген белсенді.
Үмида Бекжанова telegram-да (1951 жазылушысы бар) және Youtube-те (10,3 мың жазылушы) HSM Habarlary деп аталатын канал жүргізеді. Ол Түркіменстан азаматтары ел ішінде және шетте жүргенде тап болған қиындықтар жайлы баяндайды, деп хабарлады Азатлык радиосы.
2024 жылы тамыз айында Түркия билігі Түркіменстанның сұрауы бойынша, Turkmen.news тәуелсіз жаңалықтар порталының редакторы Руслан Мятиевті елге кіргізбей қойған. Ол отбасымен бірге Анталияға демалуға ұшып барған. Әуежайда оған Түркияның ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіресің деп мәлімдеп, отбасы мүшелерін бірнеше сағат тергегеннен кейін Түркиядан күзет қосып шығарып жіберген.
ПІКІРЛЕР