Accessibility links

"Үнсіз қала алмадым". Темірлан Еңсебекті қолдап пикетке шыққандарды жазалау


Белсенді Әсем Жәпішева Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті қолдап пикетте тұр. Алматы, 20 қаңтар, 2025 жыл. Пикеттен соң Жәпішева 15 күндік әкімшілік қамауға алынды.
Белсенді Әсем Жәпішева Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті қолдап пикетте тұр. Алматы, 20 қаңтар, 2025 жыл. Пикеттен соң Жәпішева 15 күндік әкімшілік қамауға алынды.

Алматының Алмалы аудандық соты 21 ақпанда Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебектің ісін қарамақ. Оған "ұлтаралық араздық қоздырды" деген айып тағылған. Билік Темірланды тергеу кезінде абақтыға жапқаннан кейін іле-шала бірнеше қалада оны қолдаушылар наразылық акциясына шықты. Кейбірі әкімшілік қамауға алынды. Азаттық Азия тілшісі Еңсебекті қолдаушылармен әңгімелесті.

"САНАДАҒЫ ЕРКІНДІКТІ ЕШКІМ СУЫРЫП АЛА АЛМАЙДЫ"

Жалғыз адам пикетіне бірінші болып алматылық журналист Руслан Бикетов шықты. Ол кейінгі жылдары өнер және мәдениет саласы туралы жазып жүрген. Пикетке шығу туралы ой "шығармашылық адамдарына тән жағдайда, аяқ астынан" туғанын айтты.

"Журналист ретінде жай ғана жазып, үнсіз отыра алмайтынымды түсіндім. Осы елдің азаматы ретінде Темірланды қолдауға міндетті едім", – деп түсіндірді Руслан.

Руслан Бикетов қамаудағы Темірлан Еңсебекті босатуды талап етіп пикетте тұр. Алматы, 19 қаңтар, 2025 жыл.
Руслан Бикетов қамаудағы Темірлан Еңсебекті босатуды талап етіп пикетте тұр. Алматы, 19 қаңтар, 2025 жыл.

Руслан жұрт көп өтетін жерде – мемлекеттік опера және балет театрының алдындағы көшеде жалғыз өзі пикет өткізуді ұйғарған. Қолына Еңсебекті босатуды талап еткен жазуы бар плакат ұстап барған Русланның наразылық акциясы бес минутқа да жетпеген. Полиция қызметкерлері оны алып кетіп, Алмалы аудандық полиция басқармасына апарды. Сол жерде әкімшілік сот Руслан Бикетовті бейбіт жиындар өткізу тәртібін бұзғаны үшін айыпты деп танып, 15 күнге әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды.

Қазақстан заңы бойынша, пикет өткізгісі келетін адам кемінде бес күн бұрын жергілікті әкімдікті хабардар етуге міндетті. Журналист өз ұстанымын білдіру үшін соншама күн күткісі келмегенін айтты. Ол жалғыз адам пикеті – "болған оқиғаға дереу реакция білдіру" деп есептейді.

"Қазір Қазақстан билігі олай істеуге болмайды дегенді меңзеп отыр. Мұнысы қорқыту болуы да мүмкін [Қазақстан президенті Қасым-Жомарт] Тоқаев заң үстемдігі туралы айтып жүр. Негізінен келісемін. Бірақ мұндай заң адамшылыққа қарсы, демократияға қарсы болса, оны қайта қарау керек", – деді журналист елде 2020 жылы қабылданған "Бейбіт жиындар туралы" заң жөнінде.

Әкімшілік қамауға алынғандар жазасын өтейтін арнаулы мекемеде орын жетпегендіктен Бикетовті Алматы қаласы полиция департаментінің жанындағы уақытша ұстау изоляторына жатқызған. Бұған оның адвокаты Жанар Балғабаева назар аударды.

Русланның өзі ешқандай арыз-шағым жасаған жоқ. Ол уақытша ұстау изоляторындағы адамдар оның "митингіге" бола қамалғанын естіген соң өзіне құрмет танытқанын айтты.

Журналистің сөзінше, өзі әкімшілік қамауда отырған кезде маңызды ой түйіпті.

"Абақтыда отырып, еркіндік – санада, оны ешкім суырып ала алмайды деген түпкілікті тұжырым жасадым", – деді Руслан.

Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебек. Алматы, 3 қаңтар, 2024 жыл.
Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебек. Алматы, 3 қаңтар, 2024 жыл.

"МЕНІ ҚАМАЙТЫНЫНА 99,9% СЕНІМІМ КӘМІЛ БОЛДЫ"

Русланнан кейін, ертесіне журналист, белсенді Әсем Жәпішева жалғыз адам пикетіне шықты. Ол да Абай атындағы опера және балет театрының қасына барып, қолына "Сатира қылмыс емес" деген жазуы бар плакат ұстап тұрды.

"Қоғам назарын Еңсебектің ісіне аудару үшін пикеттер өткізуді бастау керек болды, – деді Әсем. – Мені қамайтынына 99,9 пайыз сенімім кәміл болды. Барлық қауіп-қатерді екшедім. Тиманы [Темірланды] отырғызғаны – журналистерге ғана емес, бүкіл қоғам үшін өте жаман", – деп есептейді Жәпішева.

Белсендінің болжамы дөп келді: пикетке шыққан соң бірнеше минут өтпей жатып оны да алып кетті, кейін 15 күндік әкімшілік қамауға алды.

15 күн әкімшілік қамауда отырып бостандыққа шыққан Әсем Жәпішеваны жақтастары қарсы алды. Алматы, 4 ақпан, 2025 жыл.
15 күн әкімшілік қамауда отырып бостандыққа шыққан Әсем Жәпішеваны жақтастары қарсы алды. Алматы, 4 ақпан, 2025 жыл.

Еңсебекті қолдап акцияға шыққандарды ұстап, қамауды Жәпішева "айқын белгі" деп атады.

"Бұл жай ғана қорқытып-үркіту емес, жалғыз Темірланның я журналистердің ғана емес, бүкіл қоғамның, күллі жұрттың үнін өшіріп, оларды үнсіз қылуға тырысу", – деп есептейді Жәпішева.

Кейін әлгі жерде Еңсебекті қолдау акциялары күнде өтетін болды. Билік өкілдері пикетке шыққандарды ұстап әкетіп жатты, бірақ одан кейін ешкімді қамаған жоқ. Көбіне ірі көлемде: 370 доллардан 530 долларға дейінгі мөлшерде айыппұл салды, мысалы, 21 қаңтарда опера және балет театрының алдына Еңсебекті қолдап, плакат ұстап шыққан Ақмарал Жәкібаеваны айыппұл салып жазалады.

Ақмарал Жәкібаева Темірлан Еңсебекті қолдап пикетте тұр. Алматы, 21 қаңтар, 2025 жыл
Ақмарал Жәкібаева Темірлан Еңсебекті қолдап пикетте тұр. Алматы, 21 қаңтар, 2025 жыл

Темірланды қолдап пикетке шыққандарды қамауға алуды доғарғанының себебі, билік қоғамның оларды "азап шегуші" деп қабылдағанын қаламады деп топшылайды Әсем Жәпішева.

"Жаңалықтардан "сегіз адамға айыппұл салынды" деген сөз "сегізін отырғызды" дегенге қарағанда бәрібір жұмсақтау естіледі емес пе. Бірақ қалай болғанда да, адам бір жапырақ қағаз ұстап, көшеде үш минут тұрғаны үшін айыппұл салу да, я 15 күнге не 10 күнге қамау да – мүлде сандырақ. Полицияның қағаз ұстаған ұлды ұстауға тұтас бөлім болып аттанатыны да сандырақ", – деді Жәпішева.

Алматы полициясы пикеттерге байланысты берген түсіндірмесінде "заң бұзған адамға қолдау білдірген бірнеше азамат әдейі заңсыз пикетке шықты" деп мәлімдеген.

"ҚЫҢҚ ДЕМЕЙ, ТЫНЫШ ОТЫРЫҢДАР"

Темірлан Еңсебекті қолдаушылар Астанада, Ақтөбеде, Қостанайда, Семейде наразылық акцияларын өткізді.

Қазақстанның солтүстік-батысындағы Қостанай қаласында жергілікті белсенді Сергей Зинченко Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театрының алдына шығып, перформанс өткізді. Оның сол жерге шығуының себебі бар: дәл сол кезде театрда 20-ғасырда совет өкіметі Қазақстан аумағында ашып, саяси тұтқындарды қамап ұстаған "АЛЖИР" лагері туралы спектакль қойылып жатқан.

Белсендінің қолында плакат болған жоқ, ол "Сатира қылмыс емес!" деген жазуы бар күртесін көрсетіп, мұның митинг емес, перформанс екенін айтты деп жазды жергілікті "Наша газета" басылымы. Полиция белсендіні ұстап, кейін оған 370 долларға тең айыппұл салды.

Бұған дейін де бірнеше рет жалғыз өзі жергілікті әкімдіктің рұқсатынсыз пикетке шыққан Сергей Зинченко Азаттық Азияға берген сұхбатында, осындай акциялар өткізгені үшін қазірге дейін 600 мың теңгеге жуық (бір мың доллардан астам) айыппұл жиналып қалғанын айтты.

Белсенді Сергей Зинченко "Сатира қылмыс емес" деген жазуы бар сырт киімді көрсетіп тұр. Қостанай, 21 қаңтар, 2025 жыл. "Наша газета" басылымы жариялаған фото.
Белсенді Сергей Зинченко "Сатира қылмыс емес" деген жазуы бар сырт киімді көрсетіп тұр. Қостанай, 21 қаңтар, 2025 жыл. "Наша газета" басылымы жариялаған фото.

Еңсебектің үстінен қозғалған қылмыстық іс және қамауда отырған Темірланды қолдап, ой-көзқарасын ашық білдіргендерді биліктің қудалауы жайлы пікірін бөліскен Зинченко Қазақстан автократиялар мен диктатуралар жолына түсті деп санайтынын айтты.

"Біздің билік: "Балалар, қыңқ демей, тыныш отырыңдар" дейді. Біз Ресейдің, Солтүстік Кореяның жолына түстік. Пікір білдіріп, билікті сынасаң айыппұлдар мен әкімшілік қамаудан бастайды да, кейін үстіңнен қылмыстық іс қозғайды. Мұның бәрі өзге қоғамдық белсенділерді, журналистерді, блогерлерді қорқытып, үрейде ұстау үшін жасалады", – деді Зинченко.

Ақтөбеде жергілікті белсенді, көру қабілеті жағынан мүгедектігі бар Мұсағали Дауылов Тахауи Ахтанов атындағы драма театрдың алдына шығып, "Маған күлкілі емес" деген плакат ұстап перформанс өткізді. Полиция қызметкерлері оған жолаған жоқ. Дауылов аязды күні 40 минутқа жуық уақыт тұрып, қатты тоңғаннан кейін перформансты доғарған. Ол – Еңсебекті қолдап көшеге шыққандардан акцияны өз қалауымен аяқтаған жалғыз адам.

Мұсағали Дауылов перформанс өткізіп тұр. Ақтөбе, 21 қаңтар. 2025 жыл. Oyan, Qazaqstan жариялаған фото.
Мұсағали Дауылов перформанс өткізіп тұр. Ақтөбе, 21 қаңтар. 2025 жыл. Oyan, Qazaqstan жариялаған фото.

"Мені ешкім ұстаған жоқ, бірақ мен бәрін: Темірланды қолдап шыққандарды және шығатындарды қолдаймын. Пікір білдіру құқын, сөз еркіндігін шектеу жөнінде жоғарыдан түскен нұсқау бар-ау деп ойлаймын. Осының барлығы мемлекеттік қызметшілер, үкімет пен президент өз атына қандай да болсын сын айтылғанын құп көрмейтінін көрсетеді. Мұндай әдістермен қорқытып-үркітіп ұстау – заңсыз. Бұл керісінше, әлеуметтік шиеленіс тудырады", – деп есептейді Дауылов.

ЕҢСЕБЕКТІҢ ІСІ БОЙЫНША СОТ

Алматының Алмалы аудандық соты Темірлан Еңсебектің ісін қарауды 21 ақпанға жылжытқан. Бұл туралы оның адвокаты Жанар Балғабаева хабарлады.

Адвокаттың айтуынша, процесс прокурордың өтінішіне байланысты кейінге қалдырылған. Бұл ақпарат 14 ақпанда негізгі сот талқысы басталардан бір сағат бұрын белгілі болды.

Темірлан Еңсебектің тергеу ісіне "Йоу, орыстар" деген ән себеп болған. Сатиралық паблик мазмұнында дөрекі сөздер бар даулы әнді осыдан бір жыл бұрын, ресейлік тележүргізуші Тина Канделакидің Қазақстанда "орыс тілі кемсіту көріп жатқаны" жайлы мәлімдемесіне реакция ретінде жариялаған еді (Қазақстан сыртқы істер министрлігі Канделакиді сол мәлімдемесінен кейін нон-грата тұлғалары тізіміне қосқан).

Алматы полициясы Еңсебектің үстінен қозғалған іс сатираға байланысты емес, "ол тұтас бір этнос өкілдерін қорлайтын, ұлтаралық алауыздық қоздыратын айқын белгілері бар материал жариялады" деді.

"Йоу, орыстар", қолдау мен айыптау. Темірлан Еңсебек ісінің мән-жайы
please wait

No media source currently available

0:00 0:14:50 0:00

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ РЕАКЦИЯ

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Астананы Темірлан Еңсебекті босатуға, оған тағылған айыптарды алып тастауға және оны қолдап пикетке шыққандарды қудалауды тоқтатуға үндеген.

13 ақпанда Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебектің үстінен қозғалған қылмыстық істің саяси астары бар деп мәлімдеді. Ұйым оны қудалауды Қазақстандағы "азаматтық қоғамды басып-жаншудың бір бөлігі" деп атады.

Amnesty International ұйымының Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Мэри Стразерс Қазақстан билігін Еңсебекті қамаудан босатуға және оған тағылған айыпты алып тастауға үндеді.

"Бұл – Қазақстанның Қылмыстық кодексіндегі "алауыздық қоздыру" деген бұлыңғыр және ауқымы кең анықтамаға сүйенген және азаматтық қоғамды неғұрлым басып-жаншудың бір бөлігі саналатын саяси астары бар қудалау. Сөз еркіндігі – қылмыс емес, билік өзгеше ой-пікір мен сын айтушылардың үнін басуға қолданылатын қылмыстық заң мен "алауыздық қоздыру" деген айыпты теріс пайдалануды тоқтатуы керек", – деді Стразерс.

Бұған дейін International Partnership for Human Rights, Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен "Журналистерді қорғау комитеті", Article 19 ұйымы Қазақстан билігін Темірлан Еңсебекті босатуға үндеген. Сатиралық паблик авторының үстінен іс қозғалғанын тәуелсіз сарапшылар да сынға алған. Белсендінің жақтастары Темірлан саяси астармен қудалауға түсіп жатыр деп біледі.

Азат Еуропа/Азаттық радиосының Орталық Азия бойынша бөлімі – Азаттық Азияның материалынан аударылды.

XS
SM
MD
LG