Ақмола облыстық прокуратурасы жаза өтеуші азаматтарды азаптау ісі бойынша айып тағылған Атбасардағы түзеу мекемесінің бұрынғы 12 қызметкерін ақтаған сот үкіміне келіспей, шағым түсірді. Бұл туралы 15 ақпанда облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады. 13 ақпанда алқабилер соты ЕЦ 166/4 түзеу мекемесінің бұрынғы қызметкерлерін "кінәсіз" деп ақтаған.
"Ақмола облыстық прокуратурасы сот актісіне келіспеді және 14 ақпанда апелляциялық шағым түсірді", – деп хабарлады прокуратура.
Мұның алдында Қазақстандағы азаптауларға қарсы үкіметтік емес ұйымдар коалициясы Бас прокуратураны үкімге қарсылық білдіруге үндеген. Құқық қорғаушылар сот шешіміне байланысты "қылмыс жасалғанына айқын дәлелдер бола тұра, ақтап үкім шығару жаңа азаптаулар легін тудыруы мүмкін" деп қатты алаңдап отырғанын айтқан. Коалиция бұл іс "барлық айғақ-дәлелдерді есепке алып, жәбірленушілер атап көрсеткен ауыр қылмысты жасауға қатысқан кінәлілердің БӘРІН жауапқа тарту" үшін қайта қарауды қажет етеді деп есептейді.
2023 жылы Атбасардағы түзеу колониясына этаппен жеткізілген ондаған жаза өтеуші азамат өздерін колонияның 25 қызметкері ұрып-соққанын айтып шағынған. Жәбірленушілер арасында "ұлтаралық араздық қоздырған" деген айыппен үш жылға сотталған азаматтық белсенді Тимур Дәнебаев та бар (құқық қорғаушылар оны саяси тұтқын деп біледі, Астана елде саяси астармен қудаланғандар жоқ дейді). Қоғамда резонанс тудырған бұл іс бойынша түрменің бұрынғы қызметкерлерінен 12 адам жауапқа тартылған.
Сот оларды ақтағаннан кейін түрмедегі Тимур Дәнебаев үкімге келіспейтінін айтып, наразылық ретінде аштық жариялайтынын мәлімдеп видеоүндеу жасады. Бұл видео әлеуметтік желіде лезде тарап кеткеннен кейін Дәнебаевтың бауыры өзіне қоңырау шалғандар видеоны жоюды талап етіп қысым жасап жатыр деп хабарлады.
Атбасар түрмесінде жазасын өтеуші азаматтарды азаптап жатқаны түсірілген видео 2023 жылы күзде желіде тараған. Онда түрме қызметкерінің киімін киген бірнеше ер адам жаза өтеушінің киіміндегі кісілерді ұрып-соғып жатқаны көрінеді.
Қылмыстық атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) алғашында әлгі видеода "тәртіпсіздіктерге мұрындық болғандарға" қарсы арнайы құралдар қолданылған сәт көрсетілген деп хабарлады.
ҚАЖК түзеу мекемесіне жаңадан түскен жаза өтеушілер "режим тәртібінің талаптарын бірнеше рет бұзған" деп түсіндірген. Бірақ кейін ішкі істер министрлігі колонияда тексеру жүргізілгенін және бірнеше қызметкердің теріс қылығы үшін жұмыстан босатылғанын хабарлады. Жұмыстан айырылған оларға азаптау айыбы тағылып, 2024 жылы шілдеде сот процесі басталған. Арада жеті ай өткенде алқабилер соты бұрынғы түрме қызметкерлерін түгелдей ақтады.
ПІКІРЛЕР