Сенбі күні Мюнхенде өтіп жатқан қауіпсіздік жөніндегі конференцияда сөйлеген Украина президенті Владимир Зеленский еуропалық бірегей қарулы күштер құруға шақырды. Украина лидерінің сөзінше, Ресей тарапынан үнемі төнетін қауіп-қатер мен АҚШ-тың қолдауына қатысты әрі-сәрі жағдайда – ол мұны "жаңа шындық" деп атады, Еуропа құрылығы дербес болуға тиіс.
"Егер америкалықтар өзінің қатысуын қысқартып, осы жолмен жүруді ұйғарған болса, бұл, әрине, жақсы емес, бұл өте қауіпті", – деді ағылшынша айтқан сөзінде Зеленский.
АҚШ-тың жоғары лауазымды тұлғаларының кейбір елеулі мәселелерге байланысты айтқан мәлімдемелері Мюнхен конференциясының делегаттарын алаңдатып тастады. Мюнхенде америкалық шенеуніктер Еуропа елдерін өз қорғанысы мен қауіпсіздігіне көбірек қаржы жұмсауға шақырған мәлімдемелерін қайталады.
Зеленский АҚШ-тың жаңа әкімшілігі Украинаға ғана емес, тұтас Еуропаға қатысты жаңа ұстанымда тәрізді деп топшылады. "Баяғы заман жоқ", – деген ол Вашингтонға Еуропа сауда үшін қажет, бірақ одақтас болуы шарт емес деп мәлімдеді.
Бұған жауап – ұжымдық күш біріктіруде жатыр деді Украина президенті.
"Америка Еуропа қайда бағыт алғанын көруі керек, және еуропалық саясаттың бұл бағыты жай ғана көп үміт күттіретін болып қалмауға тиіс, ол Американы мықты Еуропаның жағына шығуға итермелейтіндей болуы керек, – деді Зеленский. – Біз Еуропаның қарулы күштерін Еуропаның болашағы тек еуропалықтардың өздеріне тәуелді болатындай, ал Еуропа туралы шешім Еуропада қабылданатындай етіп құруымыз керек".
Мюнхен конференциясында Зеленскийге дейін сөйлеген Германия канцлері Олаф Шольц Украина жөніндегі келісім Украинаның қатысуынсыз қабылданбауы керек деді. Ол шешімді "таңуға" және Еуропаның қауіпсіздігін Американың қауіпсіздігінен "бөлуге" болмайды деп мәлімдеді. Егер елдің ЖІӨ-іне шаққандағы пайызбен өлшейтін болсақ, Германияның Украинаға берген көмегі АҚШ-тың бергенінен төрт есе көп деп атап көрсетті канцлер.
Осыдан бір күн бұрын Еуропадағы демократия стандарттары мен көші-қон жайын сынға алып сөйлеген АҚШ президенті Джей Ди Вэнстің сөзіне меңзеген Шольц:
"Германияға сырттан қарап отырған адамдардың біздің демократиямыз бен сайлауымызға араласуына жол бермейміз", – деп айтты.
АҚШ вице-президенті Вашингтонның Украинада бейбітшілік орнатуға қол жеткізу жөніндегі жоспарының егжей-тегжейін айтатын болар деп күткен конференция делегаттары Вэнстің сөзін естігенде айран-асыр қалған. Кейінірек Вэнс "Германия үшін балама" (AfD) партиясының басшысы Алис Вайдельмен кездесіп, тағы да таңқалдырды. AfD жетекшісін конференцияға ешкім шақырмағандықтан ол кездесу тысқары жерде өткен. Шольц бұл партия "қылмыскер национал-социализмді дәріптейді не ақтап алғысы келеді" деген пікірде.
Бұрыннан қалыптасқан дәстүр бойынша, әдетте Мюнхен қауіпсіздік конференциясы кезінде АҚШ делегациясын бастап барған тұлға Германияның іс басындағы канцлерімен кездесетін. Алайда бұл жолы Шольц пен Вэнс осы дәстүрді бұзды – екеуі кездескен жоқ.
Зеленскийдің Еуропа бірегейлігі пен батылдығын көрсететін кез жетті деген мәлімдемесі АҚШ пен Еуропа арасындағы қарым-қатынас салқын тарта бастаған шақта өзекті мәнге ие болып отыр. Украина президенті мен АҚШ вице-президенті 14 ақпанда бес жұлдызды қонақүйдің жер астындағы қабатында кездескен.
Вэнс пен Зеленский кездесу "жақсы" өткенін айтты, бірақ айтарлықтай ілгерлеу барын аңғартатындай ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.
Бұған дейін Украина президенті Мюнхен конференциясы кезінде NBC News журналистеріне Киевке АҚШ-тың қолдауынсыз Ресеймен соғыстан аман қалу "өте қиын" болады деген.
АҚШ әскери көмек беруді доғарса, Украина болашақта Ресей көлемді шабуыл жасағанда қарсылық көрсетуге әлсіз болады деп есептейді Зеленский.
Сенбі күні сөйлеген сөзінде Украина президенті өз елінің НАТО құрамына ену мәселесі күн тәртібінен ешқашан түспейтінін мәлімдеді.
ПІКІРЛЕР