АҚШ-тың әскери қолдауынсыз Украинаға Ресей басқыншылығын тойтарып, аман қалу "өте қиын" болады деп мәлімдеді президент Владимир Зеленский Мюнхенде қауіпсіздік конференциясында сөйлейтін күннің қарсаңында көрсетілген сұхбатта.
"Ол өте, өте, өте қиын болатын шығар. Сосын, әрине, барлық қиын жағдайдан шығар мүмкіндік барын білесіз ғой, – деген ол NBC News арнасына. – Бірақ бізге АҚШ-тың қолдауынсыз аман қалуға мүмкіндік аз болады".
Бұған қоса Зеленский Украина қару шығаруды ұлғайтқанын, бірақ өндіріс көлемі елді қорғауға аздық ететінін айтқан.
Ресей мен Украина арасындағы соғысты реттеу амалдарын іздестіру қолға алынып жатқан шақта, 14 ақпанда Зеленский Мюнхенде қауіпсіздік жөніндегі конференция аясында кездесулерге қатысқан. Ол сенбі күні осы жиында сөйлемек.
Жұма күні Зеленский вице-президент Джей Ди Вэнс бастаған АҚШ-тың жоғары лауазымды өкілдерінің делегациясымен кездескен. Мюнхен конферециясындағы сөзінде Вэнс Украинада "берік, ұзақ мерзімді бейбітшілік" қажеттігін айтқан. Зеленский оған Украина Ресеймен соғысты тоқтату туралы кез-келген келіссөзді бастау үшін Вашингтонның "қауіпсіздік кепілі" болуын қалайтынын жеткізген.
Зеленский NBC News арнасына сұхбатында Украина АҚШ-тың стратегиялық серіктесі емес деп ойлағысы келмейтінін, өйткені ондай тұжырым украиндердің моральдық рухына зиян тигізетінін айтып, бірақ та "біз бұл жайлы да ойлануымыз керек" деп қосқан.
АҚШ-тың өз стратегиясы жайлы айтып жүргені Киевті "Украинаға тиімсіз, ал Путинді шабыттандыратын келісім жасасуға мәжбүрлеу болып шықпай ма" деп алаңдатып қойды.
Осы аптада АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет НАТО бойынша одақтас елдердің қорғаныс министрлерімен кездескенде Украинаның 2014 жылғы шекарасын қайтарып алуы "мүмкін емесін" айтып, Ақ үй Украинаның НАТО-ға қосылғанын Ресей-Украина қақтығысын шешетін басты тетік ретінде қарастырмайды, АҚШ армиясы бұл аймақтағы бейбітшілік кепілінің бір бөлігі болмайды деп мәлімдеген.
Украина Ресей басып алған аумақтардан әскерін шығарсын, Мәскеу келешекте қайтадан шабуылдамас үшін Украина НАТО-ға мүше болып енуі керек немесе барабар қауіпсіздік кепілдігі берілсін деген талап айтып отыр.
14 ақпанда Варшавада сөйлегенде Хагсет Американың НАТО бойынша еуропалық одақтастары өз қорғанысы мен Украинадағы болашақ бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін айтарлықтай көп кұш салуы керек деген сөзін тағы қайталады. Бұған қоса Хегсет Ресеймен келіссөзде прездиент Владимир Путинге "сенім арту міндетті емес" деп айтқан.
Содан екі күн бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп Путинге телефон шалып, екеуара "ұзақ әрі өте өнімді" әңгіме болғанын, Путин екеуі өз командалары [соғысты тоқтату жөніндегі] келіссөздерді дереу бастауға келіскенін айтқан.
Зеленский сұхбатында Украинаның қатысуынсыз жасалған ешқандай келісімді қабылдамайтынын мәлімдеген. Атысты доғару туралы келісімге қол жеткен жағдайда Украина бірнеше жылдан кейін әлсіз болады деп санамайсыз ба деген сауалға ол: "Иә, олай болуы мүмкін деп ойлаймын" деп жауап берген. Оның пікірінше, Путин соғысты аяқтауды қалағандықтан емес, Ресейге салынған кейбір санкцияларды алып тастауды және өз әскерін қайта топтастыруды көздеп келісім жасағалы отыр.
Вэнспен кездесуден кейін Зеленский екі тарап "жақсы әңгімелесінін" айтып, Киев "шынайы қауіпсіздік кепілдігіне" қол жеткізіп соғысты аяқтағысы келеді деді.
ПІКІРЛЕР