2006 жылғы 11 ақпанда хабар-ошарсыз кеткен Алтынбек Сәрсенбайұлы, көмекшісі Бауыржан Байбосын мен жүргізушісі Василий Журавлев екі күннен кейін Алматы маңындағы таудан табылған. Үшеуі де атып өлтірілгені анықталды. Бұл қылмыстың төңірегінде жауапсыз сұрақ әлі көп.
БҰРЫНҒЫ ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ТЕРГЕУШІГЕ АЙТҚАНЫ
19 жыл бұрын Қазақстанды дүр сілкіндірген іске қатысты жақында "Nege" сайты жаңа дерек жариялады. Басылым қылмыстық іс қайта қарала бастаған 2012 жылы бұрынғы ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджановтың куәгер ретінде берген жауабын қолға түсірген.
Құжатта аса тың дерек болмағанымен, істі ең басында тергеуге жауапты болған экс-министрдің кейбір маңызды сұрақтарға не деп жауап бергені жазылған. Мұхамеджанов тергеушіге саясаткер мен екі көмекшісінің қазасын қалай естігенінен бастап баяндаған. Сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев қылмыстық істі тергеуді Мұхамеджанов пен бас прокурор Рашид Түсіпбековке жүктеген.
Бауыржан Мұхамеджанов тергеушіге Алтынбек марқұмның ұялы телефоны қосылып, оны қолданған мейрамханада жұмыс істейтін қызды іздеп тауып, сол арқылы "Арыстан" арнаулы жасағының қызметкерлері ұсталған оқиғаны, кейін негізгі күдікті Рустам Ибрагимовті тергеу барысы туралы да айтып берген.
Мұхамеджанов осы кезде Ибрагимов тапсырыс беруші ретінде сенат аппаратын басқарған Ержан Өтембаевты атап, оған телефон шалды дейді. Оның сөзінше, телефонды Өтембаевтың көмекшісі көтеріп, Ибрагимовтің қайда екенін сұрап, "шеф" іздеп жатыр деген соң олардың өзара байланысы анықталған. Бұрынғы ішкі істер министрі тергеушінің кейбір сұрағына "білмеймін", "есімде жоқ" деп жауап берген.
– Сенат аппаратының жетекшісі Өтембаев Ибрагимовпен қалай танысты? Бізді осы сұрақтың жауабы қызықтырды. Өтембаев өз түсініктемесінде Ибрагимовпен оны ұлты бурят әлде қалмақ, Ресей азаматы болса да Қазақстан президенті әкімшілігінде бөлім бастығы лауазымын атқарған Алексей Кекшаев таныстырғанын айтады. Кекшаев Ибрагимовті мәселе шешетін "боевик" деп ұсынған, – деген бұрынғы ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов 2012 жылғы 8 маусымда тергеуге берген жауабында.
АЛЕКСЕЙ КЕКШАЕВ ДЕГЕН КІМ?
Тергеуші бұрынғы ішкі істер министрінен осы Алексей Кекшаев жайлы сұрайды.
– Ол Ресей азаматы бола тұра, бас айналдырарлық карьера жасады. Менің ойымша, бұл істегі оның рөлі оңай-оспақ емес. Бәлкім, ол әдейі жіберілген адам шығар, оған қатысты ҰҚК (Ұлттық қауіпсіздік комитеті - ред.) қарауы керек, – дейді Мұхамеджанов.
Тергеуден үзінді жариялаған "Nege" сайтының редакторы Ерік Рахымның айтуынша, 19 жыл бұрын болған бұл қылмыста Алексей Кекшаев деген адамның кім екенін әлі ешкім нақты білмейді. Сол кезде ҰҚК-ні басқарған Нартай Дүтбаев та, ішкі істер министрі болған Бауыржан Мұхамеджанов Кекшаевтың кім екенін білмейтінін айтқан.
Алексей Кекшаевты бұрынғы президент Назарбаевқа ең жақын адамдардың бірі болған, билікте сенат төрағасына дейін көтеріліп, жоғары лауазымды қызметтер атқарған Нұртай Әбіқаев әкелді деген әңгіме болған, бірақ оны ешкім дәлелдей алмайды дейді журналист Ерік Рахым.
– Бұл іс әлі толық ашылған жоқ. Іс бастала салған күннің өзінде-ақ жәбірленуші тарап Рахат Әлиевті, Дариға Назарбаеваны, тіпті Назарбаевтың өзін сотқа шақыру жөнінде сотқа өтініш берген. Бірақ сот оның ешбірін қанағаттандырған жоқ, – деді Ерік Рахым.
Сол жылдары Алтынбек Сәрсенбайұлының және Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы, сол кезде "Хабар" агенттігін басқарып тұрған Дариға Назарбаева мен оның сол кездегі күйеуі, ҰҚК төрағасының орынбасары Рахат Әлиевтің арасында текетірес жүріп жатқан. "Хабар" агенттігі Сәрсенбайұлы телеарнаға "моральдық зиян келтірді" деп сотқа арыз берген. Алтынбек Сәрсенбайұлы "Әлиев елдегі саяси билікті басып алмақ болды" деп президенттің күйеу баласын тікелей айыптаған еді. Ерік Рахымның айтуынша, оларды бұл қылмысқа итермелеген мотив болды деген тұжырым бар.
"НАЗАРБАЕВ КЛАНЫНЫҢ ҰЖЫМДЫҚ ҚЫЛМЫСЫ"
Журналист бұл істі "Назарбаев кланының ұжымдық қылмысы" деп бағалайды. Алтынбек Сәрсенбайұлы "Жас Алаш" газетінде жарияланған мақаласында Назарбаевтың төңірегіндегі үш топты – айналасы, отбасы және олигархтарды "Үштаған" деп атап, елдегі билік осы "Үштағанның" құрбаны болуы мүмкін деп болжаған еді.
Ал Ерік Рахымның айтуынша, ақыр соңында Алтынбек Сәрсенбайұлының өзі осы "Үштағанның" құрбаны болды.
– Сондай қылмыс жоспарланып жатқанын, Алтекеңнің және оның серіктерінің артынан әлдекімдер аңдып жүргенін ҰҚК-нің сол кездегі төрағасы Нартай Дүтбаев, оның бірінші орынбасары Владимир Божко, тіпті сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев білмей қалды дегенге сенуге болмайды, – дейді Рахым.
Оның ойынша, істің жабылуына мүдделі болғандар не солардың адамдары әлі де билікте отырған болуы мүмкін.
Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісін өлтірді деген айыппен өмірлік түрме жазасына кесіліп, абақтыда отырған Рустам Ибрагимов былтыр қылмыстық істі қайта қарауды сұрап, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдаған. Тіпті түрмеде түсірілген видео сұхбаты да жарияланды. Ибрагимов "оларды мен өлтірген жоқпын, бірақ отбасымның қауіпсіздігі үшін [Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы] Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаевтың нұсқауымен жүрдім" деген. Ал тергеуге жауапты Бауыржан Мұхамеджанов, Қалмұханбет Қасымов, Рашид Түсіпбековтер оларды құтқарып, істі бұрмалады деп айтқан Ибрагимов.
НАЗАРБАЕВ БІЛМЕЙ ҚАЛУЫ МҮМКІН БЕ?
Саясаткердің қазасына байланысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаев "Орда" сайтына сұхбат берді. Ол бұл қылмысқа ҰҚК-ге қарасты "Арыстан" арнаулы жасағы қызметкерлерінің қатысы бары анықталған тұста, яғни 2006 жылы, отставкаға кеткен.
– Өзім үшін бұл қылмысқа Рахат Әлиев араласты деген түйін жасадым әрі соған сенімдімін. Мұндай ой алғашқы күннен бері бар және оқиғадан бірнеше күн өткенде президентпен кездескенде оны [Назарбаевтың] өзіне айтқанмын, – деді Дүтбаев "Ордаға" сұхбатында.
– Демек, сіз қылмысқа Рахат Әлиевтің қатысы барына сенімдісіз. Бірақ бәрімізді алаңдататыны – "Ол соңғы адам ба?" деген сұрақ. Әлиев қайынатасын айналып өтіп мұндай атышулы қылмысқа бара ала ма? – деп сұрайды тілші.
– Екіталай, оған күмәнім бар. Меніңше, ол жерде белгілі бір деңгейде келісім болған. Бұл енді жеке пікірім. Сол себепті де осы іс бойынша болған тергеп-тексеру амалдары егжей-тегжейлі жүргізілмеді деп ойлаймын. Басы ашық сұрақ өте көп. Бірақ қылмысқа Ибрагимов, Мирошников, Әлиев пен Мұсаевтың қатысы барына күмәнім жоқ, оған сенімдімін. Ал құқық тұрғысынан келсек, бұл атышулы қылмыс әлі күнге дейін толық ашылмады деп айта аламын. Әсіресе, тапсырыс беруші кім деген мәселеге келгенде әлі де көлеңкелі тұстары көп, – деген Нартай Дүтбаев.
"ҚЫЛМЫСТЫҢ АШЫЛУЫ – ТАРИХТЫҢ ЕНШІСІНДЕГІ МӘСЕЛЕ"
Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров та бұл қылмыс әлі толық ашылған жоқ деп санайды және "ұлттық эксцестер болмас үшін бұл қылмысты толық зерделеп ашқан дұрыс" деген пікірде.
Оның ойынша, бұл қылмыстың айналасында ашылмаған фактілер болуы мүмкін, бірақ оған кінәлі – Рахат Әлиев және оның төңірегіндегі адамдар деген тұжырымға жалпы келісуге болады.
– Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне алып келген – сол кездегі жүйе. Ол кісі Нұрсұлтан Назарбаевтың жанұясының Қазақстан саясатына араласуына, оның отбасының Қазақстанның экономикасына дендеп еніп кетуіне қарсы болды, – деді Сайыров. Оның айуынша, болашақта бұл іске қатысы бар адамдардың "аты аталып, түсі түстеледі".
Сайыровтың пікірінше, Алтынбек Сәрсенбайұлы – Қазақстан тарихындағы ең мемлекетшіл тұлғалардың бірі және оның "тәуелсіз, әділетті Қазақстанды қалыптастыру жөніндегі ойлары әлі күнге өзекті".
– Ол мемлекеттің мүддесі үшін оппозицияға кетті. Өйткені сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев 2000 жылдардың басында жанұясын билікке жақындатып, билікті жекешелендіруге қатысты нақты қадамдар жасады. Алтынбек Сәрсенбайұлы осы қадамдар Қазақстан мемлекеттігіне қайшы келетінін түсініп мемлекеттік қызметтен кетті және оппозицияға ойысты. Ол кісі бойына мемлекеттік құндылықтарды жия білген, Қазақстанның қандай болуы керегін жақсы білген азамат еді, – деді Сайыров Азаттыққа сұхбатында.
РЕСМИ НҰСҚА
Ұзақ уақыт ақпарат министрлігін басқарып, Қазақстан билігінде басты идеологқа, ықпалды саясаткерге айналған Алтынбек Сәрсенбайұлы 2003 жылы оппозицияға өтті. "Ақ жол", кейін "Нағыз Ақ жол" партиясында тең төраға болды.
2006 жылғы 11 ақпанда оны екі көмекшісі – Бауыржан Байбосын мен Василий Журавлевпен қоса ұрлап әкетіп, атып өлтірген. Үшеуінің мүрдесі арада екі күн өткенде Алматы маңындағы Көктөбе ауылына жақын сайдан табылған.
Тергеу бойынша, саясаткерді ҰҚК-нің "Арыстан" арнаулы жасағының офицерлері ұстап, Руслан Ибрагимов пен Виталий Мирошниковке тапсырған. Үшеуін де Ибрагимов атып өлтірген делінеді.
Рустам Ибрагимов куәлік сөзін бірнеше рет өзгерткен. Әуелі қылмысқа тапсырыс берді деп парламент сенаты аппаратының жетекшісі Ержан Өтембаев сотты болды. Ал 2014 жылы Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаевты "тапсырыс беруші" деп атап, Сәрсенбайұлы, Байбосын мен Журавлевті атып өлтіргенін растаған. Былтыр түрмеден жазған хатында Ибрагимов оларды атқанын қайта жоққа шығарды.
Айта кетейік, қылмысқа қатысы бар делінген "Арыстан" офицерлерінің түрме жазасы аяқталған. Түрмеден шартты түрде босаған Ержан Өтембаев 2018 жылы ауырып қайтыс болды. Өмір бойына сотталған Рустам Ибрагимов қазір Қостанай облысындағы "Қара бүркіт" түрмесінде отыр. Оның көмекшісі болған Виталий Мирошниковтің жаза мерзімі 2026 жылы аяқталады.
ПІКІРЛЕР