Accessibility links

"Артымыздан ерген азамат жоқ..." Аштық жариялаған академик


Дәрігер, ғалым, қоғам қайраткері Камал Ормантаев. Астана, 14 маусым, 2012 жыл.
Дәрігер, ғалым, қоғам қайраткері Камал Ормантаев. Астана, 14 маусым, 2012 жыл.

Азаттық радиосының деректі хабарларына арналған "Азаттық толқынында" подкасында дәрігер, ғалым, қоғам қайраткері Камал Ормантаевтың қоғамдағы қызметі мен саяси белсенділігі жайында айтылады. Академиктің көзін көргендер ол туралы естеліктерін бөліседі.

Камал Ормантаев: теңсіздікке төзбеу саясатқа әкелді
please wait

No media source currently available

0:00 0:21:59 0:00

2025 жылғы 12 ақпанда педиатр, балалар хирургиясының негізін салған ғалым, қоғам қайраткері Камал Ормантаев 89 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

ҒАЛЫМ СЫНАҒАН ҒЫЛЫМ ТУРАЛЫ ЗАҢ

Таяуда ғана академиктің 1993 жылы Азаттық радиосына берген сұхбаты талдағанда кезінде Ормантаев тең төрағаларының бірі болған "Азат" қозғалысы және өзі құрған халықтық-демократиялық партия жайында айтқан едік.

"Дербестік алған Қазақстан қиын-қыстау жағдайды бастан кешіріп жатыр. Тәуелсіздік – ата-бабамыздың аңсаған арманы. Сол арманға жету үшін Қазақстанда тұратын әр ұлт, әр адам, әр азамат, халқымыздың барлық ұл-қыздары та салысу керек", – деген Камал Ормантаев сұхбатында.

Академик кейін саясаттан кеткенімен, ғылымның жоғын жоқтап, мұңын мұңдады. Саладағы кемшіліктерді сынап, оңдау жолдарын нұсқады. Күйінді, алаңдады, жанкүйер жанашыр болды.

"Біз ерте ме, кеш пе – бұл дүниеден кетеміз. Өкінішке қарай, артымыздан ерген азамат жоқ. Соған жанымыз ашиды. Айтып жатырмыз, жазып жатырмыз, бірақ тыңдайтын адам жоқ", – дейтін ол ғалымдар басқосуында.

"Бұрын медицина құрып бара жатыр дейтін едік, қазір ол жоққа жақын. Өкіметтен төрт-бес адамды шақырып, осы жайларды талқыласақ деймін. Соның өзінде олар бұл мәселені түсінсе ғана өзгеріс болып қалуы мүмкін. Әйтпесе, біздің айтқанымыздан бірдеңе шығады деп ойламаймын", – деп қынжылған ғалым. Камал Ормантаев бұл тұста 2010 жылдарғы ахуалға алаңдап отыр. Бұл – биліктің ғылымды басқаруды білім саласымен араластырып жіберген кезі болатын.

"Ғылымды өз алдына жеке бөліп, оны ғылымға үлес қосқан абыройлы азаматтар басқаруы керек. Сонда ғана ғылым өседі ғой деп есептейміз. Ғылымның ішінде медицина – өте қиын салалардың бірі. Медицинада ғылым өспей, практика өспейді. Бай мемлекет деп мақтанамыз ғой, бірақ байлығымыздың қайда кетіп жатқанын білмейміз. Ғылымға қаржы бөлінбейді. Адамдардың денсаулығы нашарлап кетті. Қолынан келгендер шетелге барып емделуге мәжбүр. Елдегі мамандардың айлығы төмен, бар маманды ұстап тұра алмаймыз. Содан барып дәрігерлерді кінәлап, сотқа беріп жатқандар да бар. Ал дүние жүзінде ең бай адамдардың бірі – дәрігерлер. Талантты жастар шетке кетіп жатыр. Жетпістен асқан бізге ештеңе керегі жоқ. Бірен-саран патриот жастар қалғанымен, олардың көбі шетке кетіп жатыр", – деген Камал Ормантаев өз саласындағы көкейкесті мәселелер жайлы.

Камал Ормантаев (ортада) және Аманкелді Тыныбеков (сол жақта). Жеке архивтегі фото.
Камал Ормантаев (ортада) және Аманкелді Тыныбеков (сол жақта). Жеке архивтегі фото.

Кейіннен билік ғылым мен білімді басқаруды өзара бөліп, қайта оңтайландыруға мәжбүр болды. Камал Ормантаев бұл ретте 2011 жылы қабылданған "Ғылым туралы" заңды сынға алды. Сынауының себебін сол кездегі парламенттің билікшіл "Нұр Отан" партиясы мүшелерінен ғана жасақталғандығымен түсіндірген.

2007 жылы партиялық тізіммен өткен мәжіліс сайлауына басқа да партиялар қатысқанымен, соңында тек "Нұр Отан" партиясының өкілдері ғана, ресми мәлімет бойынша, 88 пайыз дауыс жинап парламентке өткен. Өзге партиялар 7 пайыздық межені "еңсермеген". Сол мәжіліс қабылдаған "Ғылым туралы" заң 2024 жылы күшін жойып, орнына "Ғылым және технологиялық саясат туралы" заң қабылданды.

"БҰРЫН-СОҢДЫ БОЛМАҒАН ОҚИҒА"

2025 жылғы 12 ақпанда академик Камал Ормантаев бақилық болған күні көңіл айту кезінде экономист ғалым, қоғам қайраткері, кезінде Ауыл партиясы, ЖСДП тәрізді саяси ұйымдарда басшылық құрамда болған, бұрынғы парламент депутаты Оразалы Сәбденовті ұшыраттық. Ол Ормантаевты "мемлекетшіл ғалым" деп сипаттады.

Оразалы Сәбденов. Алматы, 12 ақпан, 2025 жыл
Оразалы Сәбденов. Алматы, 12 ақпан, 2025 жыл

– Камал Ормантаев жан-жақты, көп қырлы жан еді. Адамдар ол кісінің балаларға жасаған мыңдаған отасы жайлы айтады. Тағы бірі ғалымның 130 ғылым докторы мен кандидатын тәрбиелегенін айтады. Соның бәрі – қыруар еңбек. Бізде ғалым мен жазушы көп. Бірақ солардың ішінде мемлекетшілі осы Кәмекең болатын, – деді Оразалы Сәбденов. Айтуынша, 1990-жылдары халықтың әлеуметтік ахуалы қиын кезде Қазақстан медицинасындағы біршама белгілі мамандар Қырғызстанға кетуге мәжбүр болған. Оларға Қазақстанда жасалмаған жағдай Қырғызстанда жасалса керек. Олардың қудалануына қарсы болған Камал Ормантаев сол кезде Алматыдағы парламент үйінің алдына аштық жариялап жатып алған.

– Сол кезде мен Жоғарғы кеңестің президиум мүшесі, комитет төрағасы едім. Сонда Жоғарғы кеңес төрағасы Серікболсын Әбділдин Камал Ормантаевтың алаңда аштық жариялап жатқанын айтты. Мен қасыма бірнеше депутатты ертіп алып бардым. Ол қудалауға түскен бір топ дәрігердің құқы қорғалуын талап етіп аштық жариялаған екен. Акция бір жарым күнге созылса да, бұрын-соңды мұндай оқиға болған емес еді. Ғалым адамның бұл әрекетіне елдің бәрі таңғалғанбыз. Бұл оның батырлығы еді, – деді Оразалы Сәбденов Азаттыққа.

Оның айтуынша, Камал Ормантаев медицинаның болашағы үшін бір кездері Мұхтар Әлиевпен, тіпті өзінің досы деген Төрегелді Шармановпен де келіспей қалған кездері болған. Олар – бір кездері денсаулық сақтау министрі болған академик Мұхтар Әлиев пен академик Төрегелді Шарманов.

Камал Ормантаевтың ғылымдағы, медицинадағы еңбегі жеткілікті бағаланбады деген Оразалы Сәбденов жоғары атақтың билікті қолдайтын адамдарға ғана берілгенін мойындайды.

– Бірақ ресми болмаса да, халық оған батыр деген атағын беріп қойды. Ел алдындағы беделі биік болды, – деп еске алды ол.

Академиктің аштық акциясы жайында ғалымның шәкірті, саясатта да жақын серіктерінің бірі болған профессор Аманкелді Тыныбековтен де анықтап сұрауға тырыстым. Бұл – 1992 жылғы оқиға.

Аманкелді Тыныбеков
Аманкелді Тыныбеков

– Мен сол кезде Ақтөбеде едім. Қателеспесем, 20 шақты адам болар, аштық жариялады. Арасында Камал Сәруарұлы да бар. Бұл – ол кісіні педиатрия орталығы директоры қызметінен екінші рет алып тастаған кезі. Жанында кардиохирургия институтынан тағы да бірнеше кардиохирург болды. Қазір Тараздағы Сейітхан Жошыбаев бар. Қудаланған осы кісілер кейін Қырғызстанға барып, сонда кардиохирургия және трансплантология саласын ашып, жолға қойған еді, – деді Аманкелді Тыныбеков.

Белгілі кардиохирург Сейітхан Жошыбаев 1992 жылы сол кеткеннен мол кетіп, Қазақстанға 2007 жылы ғана оралды. Елге келген соң ол Тараз қаласында Кариохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығын құрған. Сейітхан Жошыбаев – Қырғызстанда болған жылдары Жүрек хирургиясы және органдар трансплантациясы ғылыми-зерттеу институтын ашып, соған басшылық еткен маман.

ТЕҢСІЗДІККЕ ТӨЗБЕГЕН, ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ҮНДЕГЕН

Елдегі балалар хирургиясының атасы, мыңдаған ота жасаған академик Камал Ормантаевтың саясатқа келуіне, дұрысы оппозицияға қадам басуына не себеп болды? Онсыз да өзінің ғылыми жұмыстары мен күнделікті шаруасы бастан асатын әйгілі дәрігерді саясатқа жетелеген қандай арман, нендей ұран? Аманкелді Тыныбековтен сұрадым.

– Басты мәселенің бірі – елдегі теңсіздік. Бұл теңсіздік тек саяси өмірге ғана емес, ғылымға да дендеп кеткен еді. Сол кезде медицина саласында төрт академик болды: Сайын Балмұханов, Мұхтар Әлиев, Төрегелді Шарманов және Камал Ормантаев. Осылардың ішінде теңсіздікке қарсы күресуге суырылып шыққаны Камал Ормантаев болды, – деді Аманкелді Тыныбеков Азаттыққа.

Кезіндегі "Азат" қозғалысының белсендісі Жұмаш Кенебаев – 1990-жылдардың басында осы қозғалыспен аттас газет шығаруға қатысқан журналист. Оның айтуынша, 1990 жылы оппозиция ұсынған Егемендік декларациясының алғашқы нұсқаларын жазуға да атсалысқандардың бірі – Камал Ормантаев.

– Бұл кісі мамандығы дәрігер бола тұра саясатқа белсене араласты. Алғашқы аштық акциялары, алғашқы саяси қозғалыстардың бәрінің басы-қасында Камал Ормантаев жүретін. Қазақстандағы балалар хирургиясын қалыптастырып, дамытқаны өз алдына, сол кезде әлі жарияланбаған тәуелсіздікті қозғап, Батырхан Дәрімбет екеуміз шығарған "Азат" газетіне мақалалары жиі жарияланып тұрды. Тәуелсіздік декларациясының алғашқы нұсқасын жазуға қатысты. Егемендік декларациясын біз осылай атайтынбыз, – деді Жұмаш Кенебаев.

Айтуынша, Камал Ормантаев сол кезде Желтоқсан оқиғасы кезінде қамалып, сотталғандарды азат ету үшін өткізілген және басқа да оппозициялық ұйымдар өткізген наразылық шараларының да қасынан табылған. "Кәмекең аңқылдаған, мінезі жақсы адам болды", – дейді Кенебаев.

Жұмаш Кенебаев сол кезде Камал Ормантаевтың "Азат" газетінің редакциясына көлік алып беруге себепші болғанын да айтты.

БИЛІК ТІРКЕУДЕН ӨТКІЗБЕГЕН АЛҒАШҚЫ ПАРТИЯЛАРДЫҢ БІРІ

"Азат" азаматтық қозғалысын басқара жүріп Камал Ормантаев Халықтық-демократиялық партияны құрды. Осы партияны өздері Ұлттық-демократиялық партия деп атады. Бұл қозғалыс басшыларының жеке-дара партия құрудағы алғашқы талпынысы емес еді.

Қозғалыс аясынан бірде "Алаш", тағы да бірде Республикалық партия құрылғанымен, билік бұл ұйымдарды тіркеуден өткізбеді. Қозғалыстың негізгі жетекшілерінің бірі Сәбетқазы Ақатайдың әуелде Тәуелсіздік партиясын құру идеясы болғаны айтылады.

"Азат" азаматтық қозғалысы әзірлеген "Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы декларациясы" жобасы "Азат" тәуелсіз газетінің 1990 жылғы 1 қазандағы нөмірінде жарияланған. Журналист Марат Тоқашбаевтың жеке архивіндегі сурет.
"Азат" азаматтық қозғалысы әзірлеген "Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы декларациясы" жобасы "Азат" тәуелсіз газетінің 1990 жылғы 1 қазандағы нөмірінде жарияланған. Журналист Марат Тоқашбаевтың жеке архивіндегі сурет.

Саяси қозғалыс ішінен партия құрудың қажеттілігі қандай болуы мүмкін? Үй ішінен үй тіккенмен бірдей емес пе? Бұл жағдайды Камал Ормантаевтың осы партиядағы жақын серіктерінің бірі Аманкелді Тыныбеков "Азат" қозғалысы басшылығындағы дағдарыспен байланыстырды. Партия құрып әрекет ету даулы қозғалысты басқарудан гөрі күресті тиімді жүргізудің бір амалы болғанға ұқсайды.

– Кәмекеңнің партия құру әрекеті 1992 жылы басталды. Мен кейін облыстық мәслихаттың депутаты болып жүріп, осы партияға мүшелікке өтіп, Жоғарғы кеңес сайлауына түскем. Ол кісі партияның төрағасы болды да, мен партияның Ақтөбе облыстық бөлімін басқардым. Бірақ партия ақыры тіркелген жоқ. Себебі партия атауындағы "ұлттық" деген сөз билікті шошытып жіберсе керек, – деп еске алған Аманкелді Тыныбеков жақтас адамдар арасында да ауызбірлік болмағанын тұспалдап жеткізді.

1993 жылғы 6 наурыздағы, тәуелсіздіктен кейінгі барынша демократиялық жолмен өткен саяси науқан ретінде сипатталатын парламент сайлауына Ұлттық-демократиялық партия мүшелері де қатысқан. Олар партиялық тізіммен емес, өзін-өзі ұсыну жолымен сайлауға түскен. Соның бірі – Аманкелді Тыныбеков. Белсенді өз саяси бағдарламасы қандай болғанын да айтып берді.

– Ядролық қаруды сақтап қалу керек деген ұстанымда болдық. Себебі екі алып елдің ортасында отырған біз үшін бұл көршілермен қатынаста маңызды еді. Менің үш арманым болды. Біріншісі – ядролық қару. Екіншісі – Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанның ортақ әскерін құру. Үшіншісі – НАТО ұйымына мүшелікке өту. Қазіргі Украинадағы жағдайдан кейін енді НАТО-ға кіру мүмкін емес. Үш мемлекет басшыларының сол кезде әскери одақ құруы екіталай еді. Қазір Тұран одағы екінші кезекке ысырылып қалды. Себебі үш мемлекеттің мәселесі кеңейді. Ал ядролық қарусыз осынша ұлан байтақ аумақты аман алып қалу қиын, – деді Ұлттық-демократиялық партияның белсендісі болған, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы парламент сайлауында саяси бәсекеге қатысқан Аманкелді Тыныбеков.

Құрған партиясын билік тіркемей қойған соң Камал Ормантаев "Азат" қозғалысы басшылығынан да кеткен. Бертінде берген сұхбаттарының бірінде ол "1994 жылы айтыс-тартыс үдеп кеткен соң ары қарай істі жалғастырудың мен үшін мәні қалмай, "Азаттан" кеттім", – дегені бар.

Камал Ормантаев көзі қарақты, зиялы адамдардың оппозиция жағында жүргенін құп көретін. "Қарапайым адамдар өз нанын тауып жесе, соның өзі үлкен табыс", – дейтін.

Бұл хабардың подкаст нұсқасын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдау мүмкіндігі бар.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG