Accessibility links

АҚШ пен Еуроодақ арасында сауда соғысы болуы мүмкін бе?


АҚШ президенті Дональд Трамп пен Еурокомиссия президенті Урсула фон дер Ляйен. 2020 жылғы қаңтар.
АҚШ президенті Дональд Трамп пен Еурокомиссия президенті Урсула фон дер Ляйен. 2020 жылғы қаңтар.

Тарифтер. Технологиялық компанияларды басқару. Жасыл инвестициялар. Алдағы жылдары АҚШ пен Еуроодақ арасында көп дүрбелең болатын сияқты.

АҚШ президенті Дональд Трамп импортталатын болат пен алюминийге 25 пайыз салық енгізгісі келетінін айтқан күннің ертеңіне Еуроодақ басшысы қарымта қайтарды.

"Еуроодақ өз экономикалық мүддесін қорғау үшін әрекет етеді. Жұмысшыларымызды, бизнес пен тұтынушыларымызды қорғаймыз", – деді Еурокомиссия президенті Урсула фон дер Ляйен өз мәлімдемесінде. "Еуроодаққа негізсіз салық салу жауапсыз қалмайды: дәл осындай деңгейдегі қатаң жауап шара болады".

Трансатлантикалық қарым-қатынас түрленіп жатыр. Өйткені Трамп әкімшілігі АҚШ өндірісі мен жұмыс орындарын қорғап, байырғы халықаралық сауда ережесін қайта жазу үшін сыртқы саясатта әлдеқайда қатал әрі пайдакүнем позицияға көшті.

Вашингтонның бұл қадамы Иран мен Қытайды қатты таңғалдыра қоймады. Өйткені АҚШ-тың бұған дейінгі басшылары да осыған ұқсас саясат ұстанды. Ақ үй саясаты Еуроодаққа ауыр тиіп отыр.

Бірінші президеттік мерзімінде Трамптың алдағы қадамдарын болжау қаншалық қиын болса, қазір одан да қиын дейді Лондондағы патша колледжі саясаттану кафедрасының доценті, АҚШ пен Еуроодақ басқару саясатын зерттеуші Чейз Фостер.

Вашингтондағы кәсіпкерлік институтының аға ғылыми қызметкері Далибор Рохак Вашингтон мен Брюссель арасында текетірес туындайтынына сенімді.

"АҚШ-тың айтып отырғаны Еуропаның дәстүрлі басшыларын ыңғайсыз жағдайда қалдырып жатыр", – дейді Рохак. "Саясаттың бәрі өзара пайда көруге бағытталған, бірақ Дональд Трамп АҚШ-тың ұлттық мүддесін өте тар және өзімшіл сипатта түсінеді".

"Алдағы бірнеше жыл Еуропаның тұрақтылығы мен қауіпсіздігі үшін өте қауіпті болып, кейінгі 80 жылда Америка мен Еуропа елдеріне пайдалы болып келген трансатлантикалық қатынастарды шиеленістірудің шегіне жеткізуі мүмкін", – дейді Лондондағы еуропалық реформалар орталығы директорының орынбасары Иэн Бонд.

The EU responded quickly to the announcement by the White House that new tariffs on steel and aluminium would be put in place.
Еуроодақ Ақ үй мәлімдеген тарифтерге қарымта қайтаруы мүмкін.

ЕСКЕРТУ: ДҮРБЕЛЕҢ КЕЛЕ ЖАТЫР

Трамп әкімшілігі ірі сауда серіктестері – Канада мен Мексикаға қарсы салық енгізгелі екі аптаға жетер-жетпес уақыт өткенде, яғни 10 ақпан күні болат пен алюминийге кеден төлемдері жарияланды. Осылай болатыны айтпаса да белгілі еді. Канада мен Мексика болат пен алюминийдің ірі өндірушісі және олар оны АҚШ-қа экспорттап келген.

Трамп бұрыннан АҚШ өнеркәсібі арзан импорттан зардап шегіп жатыр деп дабыл қағып келеді. Трамп әкімшілігі жұмыс орнын қорғап, бюджетке түсетін салық төлемдерін арттыратын америкалық жұмысшылармен келіссөздерде тарифтерді негізгі құрал ретінде пайдаланбақ.

Ақ үй әкімшілігі алдағы уақытта жеңіл және жүк көліктеріне де салық енгізілетінін айтты. Бұл қадам Еуропа елдеріне тікелей әсер етеді.

"Сауда соғысы болады деп ойлаймын", – дейді Фостер. "Жағдай халықаралық деңгейге шығып кетпесе де, Еуропадан келетін тауарларға 10-20 пайыз салық енгізілсе, Еуроодақ қарымта қадамдарға баратын сияқты".

Трамп әкімшілігі Брюссельдің алдында басымдыққа ие: АҚШ экономикасы Еуроодақпен салыстырғанда мықтырақ.

Trump has embraced tariffs as a key policy tool that he says will protect U.S. jobs and industry and also raise revenue.
Дональд Трамп АҚШ-тағы жұмыс орындарын және жергілікті индустрияны қолдау үшін тарифтерге басымдық беріп отыр.

Брюссель АҚШ-тың сауда саясатын қорқытып-үркіту деп қабылдаса, қарымта шара қолдануы мүмкін.

Фостердің айтуынша, Еуропаның өнеркәсіп саласы мен оның саяси жақтастары Трамп саясатына қарсы тұрып, мұның соңы халықты бір тудың астына жинайтын экономикалық патриотизмге ұласып кетуі ықтимал.

"Канадада не болғанын қараңыз", – дейді ол. "Бір ел өзіне басқа бір қуатты мемлекет экономикалық шабуыл жасап жатқанын сезгенде, агрессиялы позицияға көшеді".

"Экономикалық патриотизм – партияаралық сезім", – дейді Фостер. "Cсондықтан Еуропа елдері өзара келіспеушіліктерін шетке ысырып, АҚШ немесе өзіне қауіп төндірген кез келген басқа мемлекет алдында өз мүддесін қорғау үшін бірігеді деп ойлаймын".

Cars wait in line to enter the United States at a border crossing at the Canada-US border.
АҚШ-Канада шекарасында АҚШ-қа өткелі тұрған көліктер.

ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ АЛПАУЫТТАР ТАРТЫСЫ

Еуроодақ Google мен Apple сияқты технологиялық компаниялар қызметін реттеуде агрессиялы әдіске жүгініп отыр. Былтыр цифрлық нарықтар туралы заң күшіне енді. Бұл заңда алты технологиялық алпауыт "gatekeeper" деп аталып, оларға қатаң ережелерді бұзбау тапсырылған. Алты компанияның бесеуі – америкалық, біреуі – қытайлық TikTok.

Силикон алқабының басшылары, соның ішінде Tesla және X басшысы Илон Маск Трамп әкімшілігін қолдап отыр. Еуроодақ ережелері америкалық компанияларға ұнаған жоқ.

Осы аптада Парижде өткен, АҚШ пен Еуропаның көшбасшылары, технологиялық компания өкілдері қатысқан жасанды интеллект бойынша саммитте Трамптың вице-президенті Джей Ди Вэнс Еуроодақтың технологиялық секторды реттеу саясатын сынады.

"Жасанды интеллект секторын шектен тыс бақылауға тырысу маңызды саланы енді дамып келе жатқан кезеңінде өлтіруі мүмкін деп есептейміз", – деді Вэнс. "Жасанды интеллект саласындағы прагматикалық өсім мен саясатты қолдауға барымызды саламыз".

The European Union has long taken a more aggressive approach toward regulating tech companies like Google, Apple, and Microsoft.
Еуроодақ Google, Apple және Microsoft секілді компаниялардың жұмысын реттеуде табандылық танытып келді.

"Еуропалықтардың көбі "үлкен технологияларды" экономиканың болашағы, Еуропа технологиясының бәсекеге қабілеттігі және демократияға экзистенциалды қауіп көретін сияқты", – дейді Фостер.

"Бұл бәріміз білетін интернеттегі жалған ақпарат ғана емес... Компаниялардың көбі Еуропадан тыс жерде орналасқаны да алаңдатады", – дейді ол. "Сондықтан Еуропа басшылары Трамп әкімшілігінің сұранысын қанағаттандыра ала ма, білмеймін".

"Трамптың консервативті саясаты Венгрияның премьер-министрі Виктор Орбан мен Словакияның премьер-министрі Роберт Фицоның ықпалын арттыра ала ма?" деген сұрақ туады. Аталған қос тұлға да сайлауда жеңіске жету үшін консервативті саясатпен қоса популистік мәлімдемелер жасаған.

"Бір қызығы, Орбан мен Фицоның саясаты АҚШ-қа қарсы және Американың қарсыластары Қытай мен Ресейдің ықпалын нығайтуға бағытталған", – дейді Рохач. "Сөйте тұра олар "Бірінші кезекте – Америка" деген ұранды ұстанатын Трамп әкімшілігін жақсы көретін сияқты".

Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан мен Словакия премьер-министрі Роберт Фицо ұстанымдары бір саясаткер болып көрінеді, бірақ сарапшылар екеуінің ұстанымында айырмашылық барын айтады.
Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан мен Словакия премьер-министрі Роберт Фицо ұстанымдары бір саясаткер болып көрінеді, бірақ сарапшылар екеуінің ұстанымында айырмашылық барын айтады.

Орбан Еуроодақтан алшақтап, ақпарат құралдары мен соттарды тәуелсіздігінен айырып, билеуші "Фидес" партиясын үкіметтегі басым күшке айналдырып, билігін "либералды емес демократия" деген концепция аясында құрды.

Ол Трамп пен АҚШ-тағы консервативті белсенділерге қызығушылығын жасырмайды. Америкада сайлау өтіп, Трамп демократ қарсыласы Камала Харристі жеңген күні Венгрия басшысы Facebook парақшасына "Біз жеңдік!" деп жазды.

Орбан "Еуропаға күмәнмен қарайтын", либералды емес позициясын күшейтті. Бұл Еуроодақ сахнасындағы әрекеттерден де көрінеді", – дейді АҚШ-тағы Маршалл неміс қорының Берлинде істейтін қызметкері Жужанна Вег.

Вегтің айтуынша, Орбанның оппозициялық топтар мен үкімет сыншыларына қысым көрсетуге де құзыреті жетеді.

"Венгриядағы тәуелсіз ақпарат құралдары мен үкіметтік емес ұйымдарға шүйлігу саясатын Еуропадағы Орбанмен көзқарасы ұқсас басқа басшылар жалғауы мүмкін. Роберт Фицо осыған ұқсас жолмен жүріп келе жатыр", – дейді ол.

Словак саяси сарапшысы Григорий Месезниковтің пікірінше, Фицо – Орбанмен салыстыруға келмейтін бөлек тұлға және оны оңшыл саясаткерге жатқызуға болмайды.

"Иә, ол оңшыл топтардың көзқарасына ұқсас идеялар айтады, бірақ Фицо әдеттегі оңшыл саясаткер емес. Ол ресейшіл саясаткер болып қалды. Фицо Ресейді жақтайды, АҚШ-қа қарсы. Бұл – парадокс", – дейді Азаттыққа жиі жазып тұратын Месезников.

"Ол жалпы алғанда, Трампқа жақсы қарайды. АҚШ-қа қарсы болса да, Трамптың жеңісін жақсы қабылдады деп ойлаймын", – дейді сарапшы.

Өткен аптада Фицо америкалық USAID агенттігін таратуға тырысқан Илон Масктен осы ұйымнан ақша алған словакиялық үкіметтік емес ұйымдар, ақпарат құралдары мен журналистер тізімін беруді сұрап, ашық хат жариялады.

Месезников бұл хатты "әзілге" балайды, өйткені сарапшының сөзінше, USAID көп жылдан бері Словакияда белсенді жұмыс істемейді және бұрынғыдай қаржы бөлмейді.

"Трамп әкімшілігі Еуропадағы оңшыл популистердің позициясын күшейту үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Орбан мен Фицо сияқты билікте жүргендердің ғана емес, билікке ұмтылып жатқандарды да қолдайды", – дейді Бонд немістің "Германияға альтернатива" немесе француздардң "Ұлттық бірлестік" партияларын мысалға келтіріп.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG