Accessibility links

Шольц Вэнстің еуропалық демократия жайлы айтқанын сынға алды


Олаф Шольц қауіпсіздік жөніндегі конференцияда сйлеп тұр. Германия, Мюнхен, 15 ақпан, 2025 жыл.
Олаф Шольц қауіпсіздік жөніндегі конференцияда сйлеп тұр. Германия, Мюнхен, 15 ақпан, 2025 жыл.

15 ақпанда Мюнхенде өтіп жатқан қауіпсіздік жөніндегі конференцияда сөйлеген Германия канцлері Олаф Шольц АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнстің еуропалық демократия туралы айтқанын сынға алды.

Вэнс конференция делегаттары алдында жұма күні сөйлеген. Ол Еуропа елдері өз азаматтарының пікірін ескеруі керек және олармен, соның ішінде оңшыл популистік партиялармен де диалог жүргізгені жөн деп айтқан.

Бұған дейін Вэнс классикалық неміс партияларының "брандмауэр стратегиясын" ("Германия үшін балама" (AfD) әсіреоңшыл партиямен әріптестіктен кез-келген түрінен бас тарту) сынап сөйлеген.

Өз сөзінде Шольц Германия халқының басым бөлігі "қылмыскер национал-социализмді дәріптеуге я ақтап алуға" түбегейлі қарсы және AfD партиясын қолдамайды деп мәлімдеді.

Украинадағы жағдай туралы сөзінде канцлер соғыс аяқталғаннан кейін Киевке мықты өз армиясы қажет болатынын айтты. Шольцтің сөзінше, Украинаға Еуропадағы және Атлантиканың арғы бетіндегі серіктестері көмектеседі. Саясаткер бұған қоса Еуропа Одағында қару-жарақ өндірісін тұрақты жолға қоюға шақырды.

Сонымен бірге Шольц АҚШ-тың ортақ мақсатты – Украинаның тәуелсіздігін сақтап қалуға мүдделі екенін растағанына қуанышты екенін айтты. Ресей президенті жариялаған Украинаны қарусыздандыру жоспары іске аспады деген Шольцтің сөзін келтірген "РБК-Украина" интернет басылымы.

"Ресейдің жеңісі мен Украинаның бөлшектелуі Еуропада бейбітішілік пен тәртіпке жеткізбейді. Біз Украинаға бейбітшілікті сырттан таңуды ешқашан қолдамаймыз", – деген Шольц.

Канцлердің сөзінше, Германия Украинаны қолдауды жалғастыру үшін төтенше жағдай жариялай алады. Ондай қадам бюджет қаржысынан қарыз алудың белгіленген шекті мөлшерін айналып өту үшін қажет болуы мүмкін.

Шольц бұған қоса Украинаның болашағы жайлы кез-келген келіссөз тек сол елдің қатысуымен өтуі керек деген ұстанымда қалатынын айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG