27 қаңтарда Беларусьтің орталық сайлау комиссиясы жексенбі күні елде өткен президент сайлауының алдын ала қортындысын жария етті. Ресми ақпаратта сайлаушылардың 86,82 пайызы Александр Лукашенконы қолдап дауыс берді деп жазылған.
Сайлау бюллетеніне Лукашенкодан басқа тағы төрт адамның аты-жөні енгізілген болатын. Дауыс берудің алдын ала қорытындысы жайлы ресми мәліметте олардың қанша дауыс жиғаны көрсетілген:
- Сергей Сыранков, Беларусь коммунистік партиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы – 3,21 пайыз;
- Олег Гайдукевич, Беларусь либерал-демократиялық партиясы төрағасы – 2,02 пайыз;
- Анна Канопацкая,Ұлттық жиынның бұрынғы депутаты – 1,86 пайыз;
- Александр Хижняк, Беларусьтің еңбек және әділет партиясының төрағасы – 1,74 пайыз.
Сайлаушылардың 3,6 пайызы кандидаттардың барлығына қарсы дауыс берген.
Сайлаудың түпкілікті қорытындысы 3 ақпанда белгілі болмақ.
Беларусьтің орталық сайлау комиссиясының ресми мәліметінше, сайлауға дауыс беруге тізімдегі сайлаушылардың 85,7 пайызы қатысқан.
Бұл жолы шетелде сайлау учаскелері ашылған жоқ. Беларусь сайлауын бақылауға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымынан (ЕҚЫҰ), Батыс еолдерінен ешкім барған жоқ. Лукашенко Беларусь билігі ЕҚЫҰ-дан бақылаушылар шақырғанын, бірақ олар сайлауды бақылаудан бас тартқанын айтты.
ЕҚЫҰ болса Беларусь үкіметінен сайлауды бақылауға шақыру дауыс беруге 10 күн ғана қалғанда түскенін, ондай мерзімде бақылауды ұйымдастыру мүмкін еместігін айтып түсіндірді.
Беларусьтің орталық сайлау комиссиясы сайлауды бақылауға әлемнің 52 елінен 486 шетелдік бақылаушы және елдің өзінен 44361 байқаушы қатысты деген дерек жариялады.
Беларусьтің ішкі істер министрі Иван Кубраков "сайлау науқаны кезінде қоғамдық тәртіпті бұзу жайттары тіркелмеді" деп мәлімдеді.
Беларусьтің авторитар басшысы, 70 жастағы Александр Лукашенко осымен жетінші мерзім қатарынан президент сайлауына түсті. Ол елді 1994 жылдан бері билеп отыр.
Еуропа одағы мен Батыс елдерінің көбі Александр Лукашенко 2020 жылы өткен, жаппай бұрмалаушылықтар мен оппозицияның наразылық шеруін қатысгездікпен басып-жаншумен ерекшеленген президенттік сайлаудан кейін заңды мәртебесінен айырылды деп есептейді.
Жексенбі, 26 қаңтар күні таратқан мәлімдемесінде Еуропа одағының сыртқы саясат мекемесінің басшысы Кая Каллас Беларусьтағы сайлаудың қорытындысына сенім жоқ екенін айтып, сайлауды "жалған, еркін емес және әділетсіз" деп атаған. Мәлімдемеде Еуропа одағы Беларусь билігіне қарсы санкциялар енгізуді және Беларусьтің азаматтық қоғамы мен шетелде қуғында жүрген демократиялық күштеріне қолдау білдіруді жалғастыра береді деп айтылған.
Бұған дейін Еуропа одағы атынан осындай мәлімдеме жариялауға Венгрия қарсы болғаны жайлы Азаттықтың Беларусь қызметі өз дереккөздеріне сүйеніп хабарлаған.
Еуропарламент басшысы Роберта Метсола Беларусьтағы сайлауды "жалған" деп атады.
Жетекшілері шетелде қуғында жүрген немесе түрмеде қамауда отырған Беларусь оппозициясы жексенбідегі дауыс берудің қорытындысын мойындамайды.
Александр Лукашенконың қуғын-сүреңінен бассауғалап эмиграцияға кетуге мәжбүр болған саяси бәсекелестері мен шетелдегі беларус диаспорасы 26 қаңтарда әлемнің бірнеше елінде – Варшава, Прага, Стокгольм және өзге де қалаларда акциялар өткізді. Варшавада "Беларустар жақсы өмірге лайық" деген форумға беларусь оппозициясының лидері Светлана Тихановская қатысқа. Киевте ондаған адам Украинаның тәуелсіздігі қорғап қаза тапқан беларус азаматтарын еске алып, шеру өткізді.