Accessibility links

Үкімет АЭС салу келісіміне жақында қол қоймақ. Оны кім салады?


Атом электр станциясын салуға қолайлы орын деп айтылып жүрген өңірдегі Үлкен ауылы. Алматы облысы, 5 қазан, 2024 жыл.
Атом электр станциясын салуға қолайлы орын деп айтылып жүрген өңірдегі Үлкен ауылы. Алматы облысы, 5 қазан, 2024 жыл.

28 қаңтарда Астанада үкіметтің кеңейтілген отырысында елде атом электр станциясын салу жоспары бойынша қандай іс-шаралар атқарылып жатқаны баяндалды.

Сейсенбі күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында премьер-министр Олжас Бектенов:

– Жақын арада Алматы облысында бірінші атом электр станциясын салу бойынша тиісті келісімдерге қол қоямыз. Сондай-ақ, екінші АЭС құрылысы салынуы ықтимал орынды анықтау үшін өңірлерді талдау жұмыстары аяқталауға жақын, – деп мәлімдеді.

Президент Тоқаев үкіметке "Самрұқ-Қазынамен" бірлесіп атом саласын дамытудың ұзақ мерзімді жоспарын әзірлеуді тапсырды.

– Энергия тапшылығы артып отырған шақта бірінші АЭС құрылысын жылдамдатқан жөн, және де тұтас алғанда, ядролық [қуат] кластерін құруға кірісу керек. Бұл еліміздің прогресін қамтамасыз ету үшін маңызды міндет, – деді президент.

Бұған қоса Тоқаев үкімет пен парламенттен елде екінші АЭС құрылысы салынатын жерге байланысты ұсыныстар күтетінін айтты.

– Тағы да айтамын: елімізге ядролық энергия қажет, онсыз Қазақстанның ілгерілеп дамуы күмәнді болмақ. Энергия – бүкіл экономикамыздың қозғаушы күші, – деді Тоқаев.

Қазақстан президенті "тездетіп" салу қажетін айтып отырған бірінші АЭС-тің құрылысын нақты кім жүргізетіні әлі айқындалған жоқ.

Өткен аптада Қазақстанның энергетика министрлігі АЭС салушыны таңдау бойынша түпкілікті шешім "ұлттық мүдделерді, халықаралық нормаларды және МАГАТЭ кеңестерін ескере отырып", биылғы жылдың бірінші жартысында қабылданады деп хабарлаған.

Қазір Қазақстанда АЭС құрылысын салуға ниеттілер тізімінде ресейлік "Росатом", Қытайдың CNNC, Оңтүстік Кореяның KHNP және франциялық EDF компаниялары бар.

Алғашқы АЭС салынуы мүмкін деп таңдалған негізгі орын ретінде Алматы облысындағы Балқаш көлі жағалауындағы Үлкен ауылы айтылып жүр. Құрылыс мерзімі – келісімшарт жасалған сәттен бастап шамамен 10 жыл немесе одан да көп болуы мүмкін деген былтыр күзде премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр.

Биыл қаңтардың басында президент Тоқаев "Ана тілі" мемлекеттік басылымына берген сұхбатында АЭС құрылысын тездету қажет деп айтқан. Бұған қоса ол елде "жақын болашақта екіншісін, бәлкім үшінші АЭС-ті де сала бастауымыз мүмкін" деп мәлімдеген.

Сол сұхбатында Тоқаев Ресей президенті Владимир Путин 2024 жылы қарашада Астанаға сапармен келгенде онымен АЭС құрылысы мәселесін талқылағанын мойындаған.

Қазақстанда АЭС салу туралы жалпыхалықтық референдум былтыр 6 қазанда өтті. Байқаушылар референдумға дауыс беру кезінде заң талаптарын бұзу фактілері тіркелгенін, мысалы, референдум бюллетеньдерін дауыс беру жәшігіне топтап тастау секілді жайттар анықталғанын хабарлаған.

Орталық референдум комиссиясының ресми қорытындысына сай, дауыс берген азаматтардың 71 пайызы Қазақстанда АЭС салуды қолдаған.

Экологтардың көпшілігі елде АЭС салуға қарсы. Олар атом электр станциясын салуға қолайлы орын деп айтылып жүрген аймақтағы Балқаш көліне АЭС кері әсер етеді деп есептейді. Қоғам белсенділері мен саясаттанушылар егер АЭС-ті Ресей салатын болса, Қазақстан оған энергия жағынан тәуелді болып қалады деп алаңдайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG