Accessibility links

"Баланы анасында қалдыру — менталитетімізге жат". Солтүстік Кавказда ерінен ажырасқан әйелді перзентінен де шеттетеді


Ресей федерациясы құрамындағы Солтүстік Кавказ республикаларында күйеуінен ажырасқан, қайта тұрмысқа шыққан немесе жесір қалған әйелді өз баласына қамқоршы болу құқығынан айыру жиі кездеседі.

Саннет (өз өтініші бойынша есімі өзгертіліп берілді) қайтадан тұрмысқа шыққаннан кейін, әлі 12 жасқа толмаған екі баласына қамқоршы болу құқығынан айырылды.

Ресейдің Солтүстік Кавказ аймағындағы Ингушетияда сот былтыр осы істі қараған кезде, Саннеттің бірінші күйеуі балалары өгей әкенің тәрбиесінде болғанын қаламайтынын мәлімдеген. Сот істі ер адамның пайдасына шешті.

Саннеттің басынан өткен оқиға тұрғын халқының басым бөлігі ислам дінін ұстанатын, балаға тек әкесі мен оның отбасының иелік етуге хақы бар деп санайтын консерватив көзқарастағы қоғамда сирек кездесетін жайт емес.

Жергілікті жазылмаған дәстүр ережелері Ресей заңнамасымен мүлде қабыспайды. Әйтсе де, олар сот шешіміне жиі әсер етіп, көптеген аналарды, егер ол ерінен ажырасатын, я қайтадан тұрмысқа шығатын, немесе жесір болып қалған жағдайда, өз баласына қамқоршы болу құқығынан айырып, шеттетеді.

Саннеттің сөзінше, балаға қамқоршы тағайындау жөніндегі сот тыңдауы кезінде судья мен келіншектің бірінші күйеуінің адвокаты оған "сен екінші рет күйеуге тигенің себепті балаларды алуға құқың жоқ" деп ашық айтқан.

"Олардың әкесі де екінші отбасымен тұрып жатыр, басқа әйелі бар, ендеше неге балалар өгей шешемен тұруы керек? – деген сұрақ қояды Саннет. – Жоқ, олай емес дейді, ер адам екінші рет некелессе, онда тұрған ештеңе жоқ, балаларын тәрбиелесін, деп түсіндірмек болды маған".

Сот Саннетке қызыңды аптасына бір рет, ал ұлыңды – айына екі рет көріп тұруға хақың бар деген. "Бірақ бұрынғы күйеуім маған балалармен жүздесуіме жиі тыйым салады" деді келіншек қапаланып.

Бұрынғы күйеуі Саннетті сотқа беріп, балаларға ай сайын 26 мың рубль (260 доллар шамасында) алимент төлеп тұрсын деген талап қойған. Ресейдің мемлекеттік статистика федерациялық қызметінің деректері бойынша, Ингушетияда орташа айлық еңбекақы мөлшері 39 мың рубльге (380 долларға) тең.

СОТТЫҢ БҰРА ТАРТУЫ

Солтүстік Кавказда өз перзентіне қамқоршы болу құқығынан айырылып, балалары бұрынғы күйеуінде қалған әйелдердің нақты саны қанша екені белгісіз. Бірақ мұндай жағдай қоғамда кең тараған деп саналады.

2021 жылы Еуропаның адам құқығы жөніндегі соты (ЕАҚС) Ресей билігін ұлты шешен Луиза Тапаеваға төрт баласын қайтаруға міндеттеген. Тапаеваның күйеуі қайтыс болғаннан кейін оның кәмелетке жасы толмаған балаларын қайынатасы алып кеткен.

Дағыстанның Буйнакск қаласында ойнап жүрген балалар. Архивтегі фото.
Дағыстанның Буйнакск қаласында ойнап жүрген балалар. Архивтегі фото.

Қайынатасы Луизаға балалар әкесінің отбасына "тиесілі" деп айтқан. Өз балаларына қамқоршы болу құқығын қалпына келтірсем деген талпынысынан түк шықпағаннан кейін Тапаева Еуропаның адам құқығы жөніндегі сотына жүгінген.

Еуропалық сот өз қаулысында бұған дейін Ресейдің Солтүстік Кавказдағы республикалары – Шешенстан мен Ингушетиядан түскен шағымдар бойынша осыған ұқсас істерді қарағанын атап өткен.

Солтүстік Кавказдағы отбасы істерімен айналысатын адвокаттың (аты-жөнін атамай әңгімелесуге келісті) хабарлауынша, Шешенстан мен Ингушетиядағы судьялардың көбі жергілікті салт-дәстүрдің "ықпалынан шыға алмай", сотта істі қараған кезде Ресейдің заңнамасына кереғар шешімдер шығарады. Балаға қамқоршы тағайындау туралы сот процестерінде оның әкесінің құқығын қорғайтын адвокаттар істі өз пайдасына шешу үшін баланың анасының қайтадан тұрмысқа шыққанын дәйек ретінде пайдаланатыны – жиі кездесетін жайт, деді заңгер.

Ислам дінінде шариғатты түсіндіретіндердің көбі ерінен ажырасқан әйел қайтадан күйеуге тимеген жағдайда ғана балаларына қамқоршы болып қала алады деген пікір айтады. Теологтардың сөзінше, баланың әкесі тұрмыс жағдайы қандай екеніне қарамастан, перзентіне қаржылай қолдау көрсетіп тұруы керек.

"Мен сотта әйелдің екінші рет некеге тұрғанын дәйек еткен сөзді естіген кезде ол тарапты тоқтатып тастаймын. Біз мұнда не жайлы айтып тұрмыз? Бұл – зайырлы сот! Егер дін жолымен шешкілерің келсе, онда шариғат сотына барыңдар", – деді адвокат.

"Судьялар оңашада баланы анасымен қалдыру – біздің менталитетімізге жат деп айтады. Мен оларға: ал сонда алимент өндіріп алу – ол жат емес пе деп сұрақ қоямын. Олар үндемейді немесе менің сөзіме келіседі", – деді ол.

"Кавказ.Реалии" сайтының тілшісі Лидия Михальченконың материалы бойынша әзірленді.

XS
SM
MD
LG