Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қаңтарда Астанада өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында "қоғамдық пікірге теріс ықпал ету, биліктің беделін түсіру, ел ішінде алауыздық тудыру үшін жалған мәлімет таратып, ақпараттық шабуыл жасау" белең алып жатыр деді. Бірақ оған нақты мысал келтірмеді.
Тоқаев цифрландыру дамыған сайын алаяқтық көбейіп барады деді.
– Мұндай әрекеттер азаматтар қауіпсіздігіне және елдегі тұрақтылыққа үлкен қатер төндіреді. Сондықтан интернет-платформаларда арандату сипатындағы ақпарат таратқандарды жауапқа тартуды заң жүзінде бекіту мәселесін ойластыру керек. Бірақ киберқауіпсіздікті күшейту шаралары цифрландыру үдерісіне тосқауыл болмауға тиіс, – деді Тоқаев.
Оның сөзінше, қоғамда мемлекеттің азаматтарды кибералаяқтардан қорғауға қабылдап жатқан шаралары нәтижесіз деген "қасаң пікір" қалыптасып келеді. Жыл сайын 20 мыңнан астам интернет-алаяқтық оқиғасы тіркеледі, қылмыстың 80 пайызға жуығы әшкереленбейді деді Қазақстан президенті.
– Үкімет құқық қорғау органдарымен және қаржы саласын реттеушілермен азаматтардың жеке дерегін қорғауды мейлінше қамтамасыз етуі керек, – деді Тоқаев.
Қазіргі уақытта Қазақстандағы Қылмыстық және Әкімшілік кодексте жалған ақпарат тарату бойынша баптар бар.
Құқық қорғаушылар "Жалған ақпаратты жариялау, тарату" деген әкімшілік бап биліктің қолайына жақпайтын журналистерді, блогерлер мен белсенділерді қудалауға пайдаланатын құралға айналды деп санайды.
23 қаңтарда Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары кеңесінде Қазақстандағы адам құқықтарының ахуалы талқыға түсті. БҰҰ-ның Женевадағы кеңсесінде өткен бірнеше сағатқа созылған жиында Германия "әкімшілік кодекстегі жалған ақпарат тарату анықтамасын нақтылауды" сұраған.
ПІКІРЛЕР