Accessibility links

Вице-премьер салық реформасы аясында қосымша құн салығын арттыру туралы айтты


Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин парламент мәжілісі отырысынан кейін журналистерге сұхбат беріп тұр. Астана, 11 желтоқсан, 2024 жыл.
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин парламент мәжілісі отырысынан кейін журналистерге сұхбат беріп тұр. Астана, 11 желтоқсан, 2024 жыл.

Қазақстанда қосымша құн салығын (ҚҚС) 12 пайыздан 20 пайызға көтеруді жоспарлап отыр. 28 қаңтарда Астанада өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында премьер-министрдің орынбасары және ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жаңа Салық кодексі жобасында қаралатын өзгерістер туралы мәлімдеді. Кейінгі аптада сарапшылар және бизнес өкілдері оны сынға алып жатыр.

Жұманғарин Қазақстандағы қазіргі қосымша құн салығының мөлшері – әлемдегі ең төмен бағаның бірі деді. Оның сөзінше, әңгіме салықты механикалық тұрғыда көтеру туралы емес, экономиканы жақсартуға және салық жүйесін қайта теңестіруге ұмтылу жөнінде болып отыр. Жұманғариннің айтуынша, қосымша құн салығы көтерілсе, мемлекет жеңілдіктер жасауға, оның ішінде, еңбекақы төлеу қорына жүктемені азайтуға дайын.

– Еңбекақы қорына жүктеменің шамамен 40 пайызын бизнес төлейді. Бұл – өнімнің өз бағасы. Бұдан өнімнің өз құны жоғары, ал өнімнің өзі бәсекеге қабілетсіз болады. Осыған байланысты қосымша құн салығы мөлшері жоспардағы деңгейге дейін көтерілсе, әлеуметтік салықты және жұмыс беруші төлеуге тиіс міндетті зейнетақы жарналарын жауып, соның есебінен еңбекақы төлеу қорына жүктемені орта есеппен 10 пайыздан 30 пайызға дейін төмендетуге дайынбыз. Бюджет бұл шығынды өз мойнына ала алады. Әлеуметтік салық жергілікті бюджеттердің негізгі кірісі екенін түсініп отырмыз. Қазірдің өзінде республикалық бюджеттен жергілікті бюджеттерге салықтың басқа түрлерін қайта бөлу бойынша нұсқаларды қарап жатырмыз, өңірлерге өтемақы төлейтін боламыз, – деді Жұманғарин.

Елде тауар айналымы жылына 20 000 АЕК-тен асатын (2025 жылы 78 640 000 теңге) кәсіп иелері қосымша құн салығын төлеуі керек. Үкімет осы шекті бағаны 15 миллион теңгеге дейін түсірмек.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "жалпы реформа керек, мақұлдадым. Дегенмен оны талқылап, зерттеу керек" деді.

– Бұл реформаның бір ерекшелігі – қосымша құн салығын төлейтіндер тізімін ұлғайту. Оны қазіргі уақытта 137 700 кәсіпкер төлеп отыр. Нақты төлейтіні – 88 мың, 2 млн 300-ден тек төрт пайыз қосымша құн салығын төлейді, қалғаны ештеңе төлемейді. Сол себепті қосымша құн салығын төлейтіндер тізімі бұзылып, қазіргі уақытта жұмыс істемей тұр. Қазір 20 пайыз істейміз деп нақты ешкімге айтқан жоқпыз, бірақ әйтеуір солай көтереміз деген жоспар бар. 16, 20 пайызға дейін көтерсек, орташа кәсіпкерге жүктеме төрт пайыздан астам болмайды. Бұл бизнестің банкрот болуына әсер етеді деп ойламаймыз, – деді премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин баспасөз конференциясында.

Салық дифференциациясы туралы сұраққа жауап берген Жұманғарин "ауыл шаруашылығына 0 пайыз, оны көтермейміз, себебі оларды қолдау керек, бүкіл тағам сол жақтан келеді, фармацевтика, медицинаға – 10 пайыз. Бұл ертең қарапайым адамның әл-ауқатына әсер етпес үшін" деді.

Бюджет бағдарламаларын және басқа да мақсаттарды іске асыру үшін министрлер кабинеті шикізат сатудан түсетін қаражат жиналатын және болашақ ұрпақ қамына деп құрылған Ұлттық қордан жыл сайын миллиардтаған доллар алып отырады. 2024 жылы Ұлттық қордан 5,7 триллион теңгеден астам қаржы алынған. Бұл – рекорд сома, қорға түсетін кірістен шығыс көп болған.

Сарапшылар және бизнес өкілдері салық бойынша үкімет дайындаған өзгерістер жобасын сынға алып жатыр.

Экономистер қосымша құн салығы көтерілсе, азық-түлік пен басқа да тауарлар бағасы айтарлықтай өседі деп санайды, олардың пікірінше, бұл экономиканы баяулатуы мүмкін.

Шағын және орта бизнес өкілдері кәсібіміз бюджеттегі жыртықты жамайтын бірінші құрбан болады деп санайды. Lanzhou тағам желісінің негізін қалаушы Гүлбану Майгарина Bes.media-ға берген сұхбатында қосымша құн салығын көтеру және ол бойынша шекті бағаны азайту мәселені шешпейді, ол бизнестің көлеңкеге кетуіне әкеледі деді.

Қосымша құн салығы – тауар немесе қызмет бағасына қосылатын салық, ол бюджетке төленеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG