Сот "Дикий Арман" деген лақап атқа ие Арман Жұмагелдиевке – 20 жыл, Алматы қалалық мәслихатының бұрынғы депутаты Қайрат Құдайбергенге – 8 жыл түрме жазасын кесті.
Осы іс бойынша айып тағылған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 5-департаментінің бұрынғы бастығы Руслан Ысқақов 15 жыл 6 айға түрмеге қамалды.
Құдайберген мен Ысқақов мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Сот бұл үшеуінен өзге, осы іс бойынша айып тағылған 41 адамның барлығын кінәлі деп танып, оларға 1 жыл 3 айдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас еркіндігінен айыру жазасын кесті. Олардың арасында қаржы полициясының бұрынғы агенті Талғат Махатов, журналист Бердах Бердімұрат та бар. Бердімұрат 7 жыл мерзімге бас еркіндігінен айырылды.
Сот процесі Алматыдан 20 шақырым жерде орналасқан N72 тергеу изоляторында өтті. Мекеме аумағында күш құрылымдары күзеті күшейтілді.
Азаттық тілшілері ол аумаққа кіре алмай, үкімнен БАҚ өкілдеріне тікелей трансляция ұйымдастырылған Алматының мамандандырылған әкімшілік сотынан бақылады.
Алматы прокуратурасының мәлімдеуінше, Алматы қалалық мәслихатының бұрынғы депутаты, блогер Қайрат Құдайберген Қаңтар оқиғасы кезінде Арман Жұмагелдиевтің жанында болған, "Қазақстан" қонақүйіне адамдарды жинап, "жаппай тәртіпсіздікке қатысқан".
Қаңтар оқиғасы кезінде түсірілген видеоларда Құдайберген мен Жұмагелдиевтің бірге жүргені байқалады.
Сотта Қайрат Құдайберген "Арманмен таныстығы жоғын, тәртіпсіздік кезінде алаңда көргенін, ол жаққа халықты басу үшін барғанын" айтқан. Экс-депутаттың туыстары ақпарат құралдарына мәлімдеме жасап, Құдайбергенге тағылған айыптарға келіспейтінін айтқан.
"ТӘРТІПСІЗДІКПЕН КҮРЕСТІ ЖЕЛЕУ ЕТІП, ҚЫЛМЫСТЫ ЖАСЫРМАҚ БОЛҒАН"
Тергеушілер мен айыптаушылардың айтуынша, Жұмагелдиев 2022 жылғы Қаңтар оқиғаларынан бірнеше апта бұрын Түркиядан Қазақстанға ұшып келген. Оның жақтастары Ысқақовтың бұйрығымен дүрбелең күндері Алматыдағы Республика алаңына шыққан. Адам қарасы көбейгенде бейбіт жиын тәртіпсіздікке, күш қолдану мен атыс-шабысқа ұласқан. Белгісіз адамдар мемлекеттік ғимараттарға басып кіріп, оларға өрт қойған, тонаған, адамдарды ұрлап әкеткен, ұрып-соққан. Тергеушілер болжамы бойынша, Жұмагелдиев сол арқылы Қазақстан билігіне талап қою үшін әлдебір заңсыз орган қалыптастыруға тырысқан.
Сот жариялаған материалдардан бұл істегі ҰҚК рөлін нақтылау қиын. Бірақ соттың мәлімдемесі бойынша, 2022 жылғы 5 қаңтардан 6-сына қараған түні ҰҚК басшылығын ұстаған соң жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру жоспары іске аспайтынын түсінген Ысқақов қылмыс ісін жасыру мақсатында Алматыда жағдайды тұрақтандыру деген сылтаумен Жұмагелдиевке адамдарды ұрлап әкетіп, "Қазақстан" және The Ritz Carlton Almaty қонақүйлерінде ұстап отыруға нұсқау берген".
Істегі мәліметке қарағанда, Жұмагелдиев адамдары "тонаушылар мен тәртіпсіздік жасаушылармен күресті желеу етіп, бейбіт адамдарды заңсыз ұстаған" әрі оларды "аяусыз ұрып-соғып, тінтіген, кемсітіп, сұрақ-жауап алған", кейібеуірін тіпті ұрлық жасадым деп мойындатқызып, оны видеоға жазып алған.
2023 жылы маусымда Арман Жұмагелдиев Қаңтар оқиғасы кезіндегі "азаптау" бойынша істе жәбірленуші деп танылды.
"Дикий Арман" деген лақап атымен танылған Арман Жұмагелдиев 2022 жылғы 7 қаңтардан бері қамауды отыр. Тергеушілер оған "тәртіпсіздік ұйымдастырды", дүрбелең кезінде "кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдарды ұрлады", "заңсыз қару сақтады", "ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оны басқарды" деген айыптар таққан. Адвокатының сөзінше, Арман Жұмагелдиев бұл айыптарды мойнына алмаған.
"Алматыда тәртіп орнатамыз, сенімді алиби қалыптастырамыз деген желеумен Жұмагелдиев бандасы мен оның жақтастары өрт сөндіру көлігін Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментіне қайтарып, 12-ауруханаға күзет ұйымдастырған, сондай-ақ Алматы қаласының тұрғындарына азық-түлік таратуға бастама көтерген. Нақты белгілі болғанындай, Жұмагелдиев тәртіпсіздік ұйымдастырғандармен күрескен кейіп танытқан және оның барлық әрекеті өзі жасаған қылмыстардың ізін жасырып-жабуға бағытталған" делінген сот хабарламасында.
Жұмагелдиевтің қорғаушылары бұл айыпқа келіспейді.
—Бұл ұзақ процестің қорытындысын негізсіз, әділетсіз әрі лайықсыз деп санаймыз. Әрине, біз апелляцияға береміз, — деді үкім оқылғаннан кейін сөз алған Жұмагелдиевтің адвокаты Рена Каримова. — Қорғауымыздағы адамның кінәсіздігін дәлелдейтін айғақтар сотқа толық берілді деп санаймыз. Сот біздің уәждерімізге неге объективті баға бермеді, мұны үкімнің толық мәтінін алғаннан кейін айта аламыз. Процеске баға бере алмаймын, себебі ол жасырын режимде өтті, бірақ нәтижесіне көңіліміз толмайды.
САМАТ ӘБІШ ЖӘНЕ ҰҚК
Сот процесі басталғанда айыпкер Руслан Ысқақов бұл іске ҰҚК басшысының бұрынғы бірінші орыбасары Самат Әбіштің де қатысы бар деп мәлімдеген соң, 2023 жылдың қыркүйек айында процесс жабық режимге ауыстырылған-ды. Самат Әбіш – Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі.
Қаңтар оқиғасы кезінде ҰҚК төрағасының орынбасары болған Самат Әбіш бұл сот процесі басталғанда қызметінен әлдеқашан кеткен. Ол ҰҚК басшылығынан бостандықта қалған жалғыз адам болды. ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның Әбіштен басқа орынбасарлары төңкеріс ұйымдастырмақ болды және билікті асыра пайдаланды деп айыпталып, 3 жылдан 18 жылға дейін түрме жазасына кесілген.
Кейін Самат Әбішке де Қаңтар кезінде "билікті асыра пайдаланды" деген айып тағылды. Өткен жылдың наурыз айында оған 8 жыл шартты жаза кескені белгілі болды.
Әбіштің қанды оқиғада қандай рөл ойнағаны әлі түсініксіз: оны да жабық сотта соттаған, бұған істе мемлекеттік құпияның болуы себеп болған.
НАЗАРБАЕВТЫҢ РЕАКЦИЯСЫ
Британ зерттеушісі, PRISM консалтинг агенттігінің саяси сын-қатерлер және бизнес-аналитика бойынша сарапшысы, Chatham House сараптама орталығының Ресей және Еуразия бойынша маманы Кейт Маллинсон 2024 жылы Қаңтар оқиғасы - бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев әулетінің төңкеріс жасауға талпыныс әрекеті болды деген болжам айтты. Ол мұндай тұжырым жасауға не себеп болғанын түсіндіріп, дәйек келтірмеді.
Қаңтар оқиғасынан соң барлық атағы мен билігінен айырылған Нұрсұлтан Назарбаев жұрт алдына жиі шықпайды, ол Самат Әбішке шыққан үкім бойынша да пікір білдірмеген.
Басқа немере інісі, Самат Әбіштің ағасы Қайрат Сатыбалды экономикалық қылмыс жасады деп айыпталып, алты жылға сотталғанда ол қысқа комментарий берген. Сатыбалды былтыр тамызда мерзімінен босап шыққан, қазір ол жазаның қалған мерзімін шартты түрде өтеп жатыр.
2022 жылғы қарашада Назарбаев бұл үкім "әділ болды деп айту керек, оған келіспейтіндер болса арыз беруі керек. Бұл мәселелер сот жүйесінің құзырында" деген.
YOUTUBE-ТЕГІ ЖАЗБАЛАР
"Дикий Арманның" сот процесі кезінде YouTube-қа сот отырысының жазбасы деген видеолар жарияланды. Кей видеолардың ұзақтығы бір сағаттан асады.
Видеода Жұмагелдиев, Ысқақов және басқа да куәгерлер сөйледі деген тұстар көрсетіледі. Жұмагелдиевтің қорғаушылары бұл видеоларды жариялаған видеоларға қатысы жоқ екенін айтты.
Прокуратура жабық сот материалдары тарап кеткеніне байланысты қылмыстық іс қозғағанын хабарлады.