Accessibility links

Темірлан Еңсебекті қолдап шыққан белсендіге қомақты айыппұл салынды


Белсенді Гүлбақыт Өтебай Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті қолдап, пикет өткізіп тұр. Алматы, 27 қаңтар 2025 жыл. oyanqazaqstankz парақшасындағы видеодан алынған скрин.
Белсенді Гүлбақыт Өтебай Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті қолдап, пикет өткізіп тұр. Алматы, 27 қаңтар 2025 жыл. oyanqazaqstankz парақшасындағы видеодан алынған скрин.

Алматының әкімшілік соты қамауда отырған Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті қолдап, пикетке шыққан белсенді Гүлбақыт Өтебайға 275 мың теңге (шамамен 530 доллар) айыппұл салды.

Ол 27 қаңтарда Ұлттық ғылым академиясы ғимаратына қарама-қарсы Шоқан Уәлиханов атындағы алаңда пикет өткізген. Белсенді қолына Қазақстан әнұранындағы жолдарды меңзейтін "Ұрпаққа жол ашпаған" деген жазуы бар плакат ұстап шыққан, кейін оны полиция алып кеткен.

– Әділетсіз соттар, белсенділерді отырғызу, олардың үстінен іс ашу әділдікке жатпайды, бұл ұрпаққа жол ашпайды. Сатира – қылмыс емес, – деді ол пикет кезінде.

Сот оны "бейбіт жиын өткізу тәртібін әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайта бұзды" (488-бап, 12-тармағы) деп, 70 АЕК шамасында айыппұл салды.

Сот қаулысына сәйкес, Гүлбақыт Өтебай сот отырысында айыпты мойындамаған, ол алаңдағы әрекетін шығармашылық акт деп түсіндіріп, пікір білдіруге шыққанын айтқан. Сот белсенді бұл туралы әкімдікке хабарламады, рұқсат етілмеген жалғыз адамдық пикет өткізді деді.

Былтыр мамырда Алматының әкімшілік соты фем-белсенділер – Гүлбақыт Өтебай мен Гүлзада Сержанды "рұқсатсыз жиын ұйымдастырды" деп айыптап, екеуіне 184 мың теңгеден (50 АЕК) айыппұл салған еді. Олар "әйелін қатыгездікпен өлтірді" деп сотталған экс-министр Бишімбаев үкімінен кейін қала орталығында шеруге шығып, оны өмір бойына соттауды талап еткен.

Qaznews24сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті полиция 17 қаңтарда үйіне тінту жүргізгеннен кейін ұстап әкеткен. 18 қаңтарда Еңсебек екі айға қамауға алынды. Оған "ұлтаралық алауыздық қоздырды" деген айып тағып отыр.

Еңсебек күдікті деп танылған баптың санкциясында айыппұл, бостандығын шектеу немесе екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас еркіндігінен айыру жазасы қарастырылған. Еңсебектің адвокаты Жанар Балғабаеваның айтуынша, оның қорғауындағы сатиралық паблик авторының үстінен іс қозғап, тергеу бастауға әлеуметтік желіні бақылайтын полиция қызметкерінің рапорты негіз болған.

Темірлан Еңсебекке "Йоу, орыстар" атты әнге байланысты "алауыздық тудырды" деген айып тағылып отыр. Сатиралық паблик балағат сөздер бар даулы әнді осыдан бір жыл бұрын, ресейлік тележүргізуші Тина Канделакидің Қазақстанда орыс тілі кемсіту көріп отырғаны жайлы мәлімдемесіне реакция ретінде жариялаған (Қазақстан сыртқы істер министрлігі Канделакиді сол мәлімдемесігнен кейін нон-грата тұлғалары тізіміне қосқан). Қазақстанда ол әнге тыйым салынбаған: әртүрлі аккаунта әлі тұр.

Еңсебек қамауға алынғаннан кейін Қазақстанның бірнеше қаласында белсенді азаматтар мен журналистер оған қолдау білдіріп, көшеге шығып, пикет өткізді.

Алматы қаласының полиция департаменті сатиралық Qaznews24 паблигінің авторы Темірлан Еңсебек ісі бойынша пікір білдірді. Полиция оның үстінен іс қозғауға сатиралық жазбалары емес, автордың "бүтін бір этнос өкілін қорлайтын, ұлтаралық алауыздық қоздыратын белгілері бар материал жариялағаны" себеп болды деп мәлімдеді.

Қазақстан билігі елде саяси ой-пікір, көзқарасына бола қудаланғандар жоғын үнемі айтады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басылымға берген сұхбатында "Біздің заңнамада азаматтардың саяси көзқарастары үшін қудалануына жол ашатын бірде-бір бұйрық, заң немесе нормативтік құжат жоқ" деп мәлімдеген.

Сатиралық паблик авторының үстінен іс қозғалғанын тәуелсіз сарапшылар да сынға алып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG