Accessibility links

"Ашқұрсақ жүрсем де, елге оралайын". Трамп АҚШ-қа Мексика арқылы өтпек болған Орталық Азия мигранттарының жолын жапты


Қырғызстандық Рахаттың үш баласымен бірге Мексикадағы миграциялық орталықта түскен суреті.
Қырғызстандық Рахаттың үш баласымен бірге Мексикадағы миграциялық орталықта түскен суреті.

Президент Дональд Трамп АҚШ-тың оңтүстік шекарасында төтенше жағдай енгізіп, Мексикадағы бақылау бекетінен өтіп, Америкадан пана тапқысы келетіндер кезекке тұруға өтініш беретін CBP One ресми мобильді қосымшасын жауып тастады. Орталық Азиядан шыққан мигранттар АҚШ-қа кіру үшін осы қосымшаны пайдаланатын. Азаттық радиосы қазір Мексикада жүрген Қырғызстан азаматтарымен сөйлесті.

"Кері жол жоқ"

Қырғызстандық Рахат есімді келіншек (есімі өзгертілді) күйеуімен, кәмелетке толмаған үш баласымен бірге Мексиканың Тихуана қаласында тығырыққа тірелген. CBP One қосымшасы жұмысын тоқтатып, тіркеуі жарамай қалған. Рахаттың отбасымен АҚШ-қа бет түзеп, елден шыққанына 63 күн болыпты.

"Бірнеше күн Тихуанадағы "мешітті" паналап едік, онда көпбалалы отбасына жағдай жоқ екен. Пәтер жалға алып, ол жерден кетуге мәжбүр болдық. Күн сайын қосымша шығынға батып жатырмыз. Трамп шекараны жауып тастады деген жаңалықты естігелі бері мазамыз кетті. Бірақ кері жол жоқ. АҚШ-қа кетеміз деп шешім қабылдаудың өзі оңай болмады", – деді ол.

Рахатты Мексиканың Тапачула қаласындағы көші-қон орталығына уақытша орналастырған.
Рахатты Мексиканың Тапачула қаласындағы көші-қон орталығына уақытша орналастырған.

Рахаттың айтуына қарағанда, күйеуі мемлекеттік қызмет істеген. Жұмысында қиындық туғаннан кейін елден кетуге мәжбүр болған. Ол елден көшіп кетуге 30 мың доллардай ақша жұмсағанын айтты.

"Осынша шығын шығарып, қайтадан елге бару оңай емес. Қазір қандай да бір шешім қабылданса екен деп Алладан тілеп отырмыз. Мұнда бәрі де үмітпен өмір сүріп жатыр. Екі ай жолда болдық, қаншама ақшамыз кетті. Енді не кете алмай, не алға жылжи алмай отырмыз".

Рахаттың сөзінше, Тихуанадағы "мешіт" деген – мұсылман мигранттарға уақытша пана болатын орын. Қырғызстандықтар солай атап кетіпті. Әдетте мұнда кезегін күтіп, Мексикада біраз күнге қалатындар болады. Мексиканың қалаларында осындай бірнеше орын бар.

Мұсылмандар орналасатын орталық. Тихуана, Мексика.
Мұсылмандар орналасатын орталық. Тихуана, Мексика.

"Тихуанада ғана емес, Мехикода да осындай бірнеше "мешіт" бар. Тихуанаға келген қырғыздар әдетте осындай орынды паналайды, себебі туристердің қаласы болғандықтан, мұнда бәрі қымбат. Ішіп-жем мен баспанаға көп ақша кетеді. Мехико сәл арзандау. Ол жақтағы отандастарымыз бірігіп пәтер жалдайды немесе хостелде түнейді. Қазір де шекарадан өту мүмкіндігін күтіп жатқан қырғызстандықтар бар. Олардың нақты санын айту қиын. Шамамен 100-ден аса адам шығар", – деді АҚШ-қа қалай баруға болатыны туралы айтатын telegram-арналардың бірінің администраторы.

Мексикаға АҚШ-қа өту үшін барған қырғызстандықтар.
Мексикаға АҚШ-қа өту үшін барған қырғызстандықтар.

Telegram мессенжеріндегі "Путь в Америку через Мексику" немесе "Туристы" сияқты арналар бірнеше күннен бері шекарадағы жағдайды талқылап жатыр. Азаттық тілшісі 7000-дай адам жазылған осындай топтардың бірінде 80-ге жуық адам онлайн режимде Мексикамен шекарадағы қазіргі жағдайды талқылағанына куә болды.

Талқыға қатысқандардың көпшілігі дәл қазір АҚШ-қа бет алғандар. Олардың кейбірі аты-жөнін жарияламауды өтініп, пікір білдіруге келісті.

АҚШ-қа Мексика арқылы өтетіндер легі Трамп сайланғаннан кейін күрт азайған

"Қазір мұнда да жағдай күрделі әрі беймәлім болып тұр. Бір жағынан, CBP One қосымшасы бұған дейін де бірнеше рет жұмыс істемей қалған әрі осы қосымша арқылы шекарадан өтетін қырғызстандықтар да өте аз болған. Сондықтан қосымша жабылып, бәрі тоқтап қалды деуге болмайды. Қазір Мексикада күтіп отырғандар да, қайтып оралуды ойлап жатқандар да бар. Кейінгі екі күнде бізге көп адам жазды. АҚШ-қа Мексика арқылы өтетіндер легі Трамп президент болып сайланғаннан кейін күрт азайған, бірақ біржола тоқтап қалған жоқ. Кейбіреулер үшін осыдан басқа жол жоқ. АҚШ-қа Мексика арқылы өтетіннің бәрі бірдей мигрант емес. Ресейден кеткен немесе ресейлік төлқұжатпен кеткен азаматтар өте көп. Журналистер, блогерлер, оппозициялық саясаткерлердің жақтастары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер, арасында тіпті шенеуніктер де бар. Бізде зорлық көрген әйелдер де болды", – деді олардың бірі.

Тихуанадағы "мешіт", Мексика.
Тихуанадағы "мешіт", Мексика.

Қырғызстаннан шыққан мигранттар Мексикаға жету үшін бес-алты, кейде тіпті он елдің аумағынан өтеді. Жол бойы қалың орман ішімен жүруге, кішкентай қайықпен өзенді жүзіп өтуге мәжбүр болады. Мексикаға жетудің өзіне қыруар ақша кетеді.

Қазір Мексика арқылы өтетін мигранттардың есебінен пайда табуды көздейтін адвокат көбейген

"Сол үшін де кетпей, күтіп отырмыз", – деді тілшімізбен сөйлескен Қырғызстанның тағы бір азаматы. Айтуына қарағанда, әркімнің шығыны әртүрлі.

"Ресейлік төлқұжаты бар азаматтар Мексикаға тіке рейспен ұшып келеді, олардың кейбірі 4-5 мың АҚШ долларын ғана жұмсайды. Әйтсе де, 10-12, кейде тіпті 15 мың долларға дейін шығындайтындар да бар. Бұл аса қауіпті әрі беймәлім сапар. Шығын көлемі әртүрлі болуы мүмкін, күтпеген жағдайлар да кездеседі. Топ мүшелері арасында кеше шекарадан өткен адам болды, бірақ ол әзірге ешқандай ақпарат берген жоқ. Бүгін бірде-бір қырғызстандық өте алмады. Біз бірнеше күн күтейік деп тұрмыз. Қазір Мексика арқылы өтетін мигранттардың есебінен пайда табуды көздейтін адвокат та көбейген. Олардың қызметі қымбаттай түсті, ал кейде адвокаттар дұрыс ақпарат бермейтін жағдайлар да кездеседі", – деді ол.

Қырғызстан азаматтары Тапачуладан Мехикоға бара жатыр. Қауіпті болса да жылдам жеткізетін құрал қайық болып тұр.
Қырғызстан азаматтары Тапачуладан Мехикоға бара жатыр. Қауіпті болса да жылдам жеткізетін құрал қайық болып тұр.

"Саусағымызды сорып жүрсек те, елге оралғанымыз дұрыс"

Азаттық тілшісі дәл қазір Мексиканың әр қаласында бой тасалап жүрген Қырғызстанның ондаған азаматымен сөйлесті. Олардың кейбірі шекарадағы жағдайдың өзгеруін күтіп отырса, енді бірі Отанына оралуды жөн санайды.

Елге қайтуды жоспарлап отырғандар арасында бір айдан бері Мехикода жүрген Жомарт та бар.

"Біз балалармен үшеуміз бір пәтерде тұрып жатырмыз. Ең арзан жолы осы болып тұр. Тамақты үйден жасап ішіп, ақшаны мейлінше үнемдеп жұмсап жатырмыз. Кешеден бері көңіл-күйіміз жоқ. Осылай болуы мүмкін екенін білсек те, мұндайға дайын болмай шықтық. CBP One қосымшасында тіркелемін деп ойлағанмын, бірақ соның өзіне үлгермедім. Қазірге дейін 7000 доллар құрттым. Адвокатпен сөйлессем, одан да көп ақша қажет деп тұр", – деді ол.

Жомарт Мексикаға Дубай арқылы келгенін айтқанымен, нақты жүріп өткен жолын жария еткісі келмеді. Бұған дейін Ресейде және Еуропа елдерінде жұмыс істепті.

Бүгін қайтарға билет алдым. Ертең кетемін

"Бүгін елге қайтуға билет алдым. Себебі шекарадан өткен күннің өзінде, ұдайы тексеру болады деп жатыр. Бұл депортация қаупі жоғары деген сөз. Сондықтан бүгін қайтарға билет алдым. Ертең кетемін. Саусағымызды сорып жүрсек те, елге оралғанымыз дұрыс. Ақшамды құртып, біраз шығынға батсам да, мұның бәрі қалпына келетін дүние деп ойлаймын. Ақша табуға болады. Қазір Қырғызстанға жетіп, кейін Еуропаға жұмысқа бармақпын. Онда бұрын болғанмын. АҚШ-қа барғаннан кейін де қайтып кеткендер бар деп естідім. Мен сияқты Мексикаға дейін жетіп, кері қайтқандар да бар екен", – деді Жомарт.

Мексикада жүрген қырғызстандықтар
Мексикада жүрген қырғызстандықтар

Шекарадағы жағдай telegram-дағы "Детеншен" (detention) топтарында қызу талқыланып жатыр. "Детеншен" деген – АҚШ пен Мексиканың шекарасындағы арнаулы көші-қон орталықтары, басқаша айтқанда, көші-қон түрмесі. Ол жерден шыққан азаматтың әрі қарайғы тағдыры соттың қолында. Сот шешімімен не депортация жасауы, не АҚШ аумағына өтуге рұқсат беруі мүмкін.

Қырғызстан азаматтарының бірі жақындары қазір Калифорниядағы осындай орталықтың бірінде отырғанын айтты.

"Ерлі-зайыптылар. 7-8 ай бұрын кеткен. Орталықта отырғанына 200 күннен асып кетті. Бүгін хабарласқанымда тағы да 10 күндей сонда болып, егер мәселе шешілмесе, кері қайтаруды сұрайтынын айтты. Қазір топта жақындары осындай орталықта отырғандар көп, олардың алаңдауы түсінікті де. Жағдай өте ауыр. Алдымен 15 мың доллар, одан кейін қосымша тағы 2500 доллар шығындауға тура келген. Негізгі себебі саяси қудалау деп отыр. Расында да солай, бірақ істі "ұшынта" түсу үшін адвокаттар да біраз ақша алады. Солардың жағдайын көргеннен кейін тыныш отырайын дедім. Әйтпесе таяу арада мен де жолға шықсам деп отырғанмын", – деді қырғыз азаматы.

АҚШ-тан пана сұраушылар Мексиканың Тихуана қаласындағы портта CBP One қосымшасы арқылы тіркелу кезегінде тұр, 21 қаңтар, 2025 жыл.
АҚШ-тан пана сұраушылар Мексиканың Тихуана қаласындағы портта CBP One қосымшасы арқылы тіркелу кезегінде тұр, 21 қаңтар, 2025 жыл.

АҚШ-қа Мексика шекарасындағы өткізу-бақылау бекеті арқылы кіруге мүмкіндік беретін CBP One көші-қон қосымшасы 20 қаңтардан бері жұмыс істемей тұр. Бұл қосымшаны АҚШ-тың кеден және шекара қызметі жасаған. Сервистің сайтындағы хабарландыруда бағдарлама бұдан былай жұмыс істемейтіні және бұған дейінгі тіркеудің бәрі жарамсыз екені көрсетілген.

CBP One қосымшасы арқылы кеден және шекара бақылауы қызметінде алдын ала тіркеліп, АҚШ-тағы іс-әрекетін хабарлап отыру арқылы күн сайын 1450-ге жуық адам шекарадан өтетін. Қосымшаны пайдаланатындардың көпшілігі – Куба, Венесуэла, Гаити және Мексика азаматтары. Осы жүйе жұмыс істеп тұрған уақытта АҚШ-қа бір миллионнан астам мигранттың кіруіне рұқсат берілген деген мәлімет бар.

Мұның алдында Азаттық тілшісімен сөйлескен Орталық Азиядан шыққан мигранттар да АҚШ-қа CBP One қосымшасы арқылы өткенін хабарлаған болатын.

"Трамптың келуі Америкаға Мексика арқылы өткен қырғызстандықтардың меселін қайтарды"

20 қаңтар күні АҚШ президенті қызметіне ресми кіріскен Дональд Трамп инаугурацияда сөйлеген сөзінде елдің оңтүстік шекарасында төтенше жағдай жариялайтынын мәлімдеп, заңсыз жолмен өткісі келетін мигранттар АҚШ аумағына өтпей, Мексикада қалуын көздейтін саясат ұстанатынын айтты.

"Заңсыз кіруге дереу тоқтау саламыз, біз миллиондаған қылмыскер шетел азаматының келген жағына кету процесін бастаймыз", – деді АҚШ президенті.

Ант қабылдай салысымен Трамп тез арада ондаған жарлыққа қол қойып, энергетика саласында, Мексикамен шекарада төтенше жағдай жариялап, заңсыз мигранттарды депортациялайтынын мәлімдеді.

"Біз менің "Мексикада қал" деген саясатымды қалпына келтіреміз. "Ұста да, жібере сал" деген енді жоқ. Оңтүстік шекараға әскер жіберіп, елімізге лек-легімен кіріп жатқандарға тосқауыл қоямын", – деді Трамп ант қабылдаудан кейінгі сөзінде.

2017-2020 жылдары Ақ үйде билікте отырған кезінде Трамп заңсыз ғана емес, заңды көші-қонды да қысқарту керек деп мәселе көтерген. Трамп әкімшілігі саяси баспана ұсыну, депортация жасау және виза беру саясатын өзгерту бағытында бірқатар қадамға барған.

АҚШ-та тұратын Қырғызстан азаматы Еркін Орманбетов
АҚШ-та тұратын Қырғызстан азаматы Еркін Орманбетов

АҚШ-та тұратын Қырғызстан азаматы Еркін Орманбетов Трамп саясатының Қырғызстаннан баратын мигранттарға әсеріне қатысты мынадай болжам айтты:

"Трамптың билікке келуі Мексика арқылы Америкаға өткен қырғызстандықтардың меселін қайтарып тастады. Оның саясаты негізінен заңсыз мигранттарға қарсы бағытталған. Енді рейдтер болатыны айтылып жатыр. Алайда мұндағы рейдтерде Ресейдегідей белден басу жоқ. Мұнда сот шешіміне орай мигранттардың тұратын немесе жұмыс істейтін жерін тексеруі мүмкін. АҚШ-та көшеде кетіп бара жатқан адамды тоқтатып алып, құжатын тексеру деген жоқ. Бұл – заң бұзу болып есептеледі".

Мигранттармен жұмыс істейтін халықаралық ұйымдар мен бірлестіктер де, мемлекеттік органдар да азаматтарға еңбек миграциясына тек қана заңды жолмен бару керегін ұдайы ескертіп отырады.

Былтыр АҚШ-та Орталық Азиядан барған мигрант саны артқан. Елге заңсыз жолмен 50 мыңнан астам адам кірген. Оның ішінде:

  • 17 мыңы – Өзбекстан,
  • 7 мыңға жуығы – Қырғызстан,
  • 3 мыңға жуығы – Тәжікстан,
  • 2,7 мыңы – Қазақстан,
  • 2 мыңы – Түркіменстан азаматы.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің журналисі Айгерім Ақылбекованың материалынан аударылды.

XS
SM
MD
LG