Accessibility links

Еуроодақтың кейбір елінде Coca-Cola сусынынан хлорат заты табылған


Атлантадағы Coca-Cola компаниясының мұражайы. Джорджия, АҚШ.
Атлантадағы Coca-Cola компаниясының мұражайы. Джорджия, АҚШ.

Еуропаның кейбір елінде Coca-Cola сусынынан хлорат деген химиялық зат "жоғары мөлшерде" анықталған соң компания сондағы сауда желілеріндегі тауарларын қайтарып алатынын хабарлады. Бұл туралы BBC-дің Орыс қызметі жазды.

Компания Бельгия, Люксембург пен Нидерландта сауда орындарында тұрған тауарын қайтарып алып жатыр. Компания былтыр жыл аяғында Ұлыбританияға жеткен тауардың бүкіл партиясы сатылып кетті деп мәлімдеді.

Хлорат хлор негізіндегі дезинфекция құралдарын пайдаланғанда, атап айтқанда, суды өңдеуге қолданғанда пайда болуы мүмкін. BBC-ге сұхбат берген Coca-Cola компаниясының өкілі тәуелсіз сараптама талдауына сүйеніп, бұдан "тұтынушыларға төнер қауіп өте аз" деді.

BBC-дің жазуынша, Coca-Cola Ұлыбританиядағы тұтынушылардан ешқандай шағым түспеді, бұл мәселе бойынша ел билігімен әріптестікті жалғастырамыз деп хабарлаған.

Компанияның аты-жөні аталмаған өкіліне сілтеген AFP агенттігінің ақпаратынша, Бельгияның Гент қаласындағы Coca-Cola кәсіпорнын тексеру кезінде хлорат көп мөлшерде табылған. Сауда орындары әлі сатып үлгермеген тауарларды сөреден алып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG