Оппозициялық көңіл-күйдегі белорус азаматтары 26 қаңтардағы президент сайлауы — нағыз сайлау емес екенін айтады. Елде тәуелсіз ақпарат құралы қалмаған, көбі шетелге қуылған, оппозициядан халық сенетін кандидат жоқ, ал дауыс беру — жай ғана Лукашенко билігін нығайтуға арналған жаттығу сияқты. Сайлау қандай болса да, әділ әрі еркін өтпейді.
Екі саясаткерді сайлауға тіркемей қойған соң, сайлауға қатысатын 1994 жылдан бері билікте келе жатқан Лукашенконы қосқанда, бес үміткер қалды. Үш кандидат билікшіл партияларға мүше. Жалғыз Анна Канопацкая ғана ресми түрде тәуелсіз кандидат саналады. Бірақ оппозиция өкілдерінің көбі оны “режимнің қуыршағы” деп атайды.
БЕЛАРУСЬ ОППОЗИЦИЯСЫ ҚАЙДА?
2020 жылы өткен соңғы президент сайлауында көп жылдан бері болмаған оқиға болды. Сайлау қарсаңында оппозицияның бірнеше көшбасшысы түрмеге жабылған соң, тағы бір тәуелсіз кандидат Светлана Тихановская шықты. Сайлау әділ өтсе, Светлананың жеңіске жету ықтималдығы жоғары еді.
Халықаралық қауымдастық алаяқтық деп атап, қатаң сынаған сайлауда Светлана Тихановская жеңіліп қалды. Бірақ оның сайлауалды бағдарламасы біраз танымалдыққа ие болып, әлжуаз беларусь оппозициясына жан бітірді. Ондаған мың адам көшеге шығып, сайлау нәтижесіне қарсы наразылық білдірді.
Билік наразылықты аяусыз басып-жаншыды. Қауіпсіздік күштері мыңдаған адамды қамауға алды. Ұсталғандардың көбі қамауда азаптау мен қорлық көргеніне шағымданды. Тихановская елден қашуға мәжбүр болып, жұмысын Литвада жалғастырды.
Беларуське оралса, бірден түрмеге жабылатын Тихановскаяның екі қолы байлаулы болып отыр. Ол қуғын-сүргін қайталанар деп қорқып, азаматтарды наразылыққа шықпауға шақырды. Оның орнына беларусьтерді “Бәріне қарсымын” деп дауыс беруге немесе мүлде сайлауға бармауға үндеді.
ҚАНДЫ ҚУҒЫН-СҮРГІН
Қуғын-сүргін белорус оппозициясына қатты әсер етіп, либерализацияға деген әлсіз үміттің отын сөндірді.
Оппозиционерлердің көбі елден кетті немесе түрмеге жабылды. Тәуелсіз ақпарат құралдары, оның ішінде Азаттықтың Беларусь қызметі жабылды, бұғатталды немесе шетелге көшуге мәжбүр болды. Беларусьтің Lawtrend ұйымы жүргізген мониторинг деректеріне сәйкес, 2020 жылдан бері 1161 үкіметтік емес ұйым амалсыз қызметін тоқтатқан.
Қазір Беларусьте 1300 саяси тұтқын тіркелген. Олардың қатарында бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығының иегері, белсенді Алеся Беляцкая мен Азаттықтың Беларусь қызметінде істеген үш журналист бар. Олар адам төзгісіз жағдайда, медициналық көмек пен туыстарымен байланысу мүмкіндігінсіз қамауда отыр.
Сайлау алдында оппозицияға қысым күшейген. 2024 жылы қарашада билік оппозицияның үйлестіру кеңесіне қатысты 100-ден астам рейд жүргізген. 20 ғалым, журналист пен белсенді Тихановскаямен ықтимал байланысы бар деген күдікпен сырттай сотталды.
ҮКІМЕТТІҢ УАЙЫМЫ
Үкімет 2020 жылғы наразылық қайталануы мүмкін деп қауіптенеді. Сондықтан сайлау — Лукашенконың танымалдығына негізделген референдум емес, жүзеге асқан факт деген идеяны насихаттап отыр.
Мемлекеттік ақпарат құралдары мен әлеуметтік желідегі үкімет парақшалары қатаң саясаттың орнына қарапайым адам Лукашенконың әртүрлі қасиетін көрсетіп, президенттің хоккей ойнап немесе ағаш жарып жатқан суреттерін жариялайды.
Лукашенконың өзі президент сайлауын маңызды көрмейтін сияқты. TikTok желісіндегі биліктің дауыс беру процесіне жастарды тартуға тырысқан видеосында Лукашенко сайлау жайлы айтқанымен, «Оларды араластырудың қажеті жоқ» дейді.
Соған қарамастан билік сақтық жасап, наразы жастарды үйден шығармау үшін мемлекеттік арнадан сайлау қарсаңында ауқымды қауіпсіздік шаралары қолға алынып жатқанын көрсете бастады. Лукашенко жаппай наразылық болса, интернетті өшіріп тастаймын деп қорқытты. Билік адамдарға толтырылған бюллетеньдерді суретке түсіруге тыйым салды. Өйткені 2020 жылы азаматтар алаяқтық фактілерін осындай бюллетень суреттеріне қарап анықтаған еді.
Биыл шетелде сайлау учаскелері болмайды. Бұл да — сыртта тұратын, Лукашенкоға қарсы диаспораның аузын жабуға талпыныстың бір түрі.
БАТЫСТЫҢ ҚОЛЫНАН НЕ КЕЛЕДІ?
17 қаңтарда АҚШ-тың сол кездегі мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Беларусьтегі қуғын-сүргін атмосферасы заңды демократиялық сайлау өткізуге кедергі келтіреді деді. 22 қаңтарда Еуропа парламенті Беларусь сайлауын жалған деп танитын резолюция қабылдады. Дегенмен мұндай мәлімдемелер Беларусьтегі жағдайды өзгертіп, Лукашенкоға әсер ете қоймайды.
Кейінгі ондаған жылда Беларусь жетекшісі ара-тұра Батыспен қарым-қатынасын түзетуге тырысып көрген. Дипломаттар мен сарапшылар Беларусь бас одақтасы Ресеймен байланысын үзіп, “суықтан беті бері қарай бастады” деп баға берді.
Бірақ ол күндер өтті. 2020 жылдан бері Минск Мәскеумен қарым-қатынасын нығайтты. Әсіресе, бірлескен әскери жаттығулар жүргізіп, Ресейге Украинаға өз территориясынан шабуыл жасауға мүмкіндік беріп, әскери саладағы байланысын күшейтті.
Еуроодақ пен АҚШ Беларуське қарсы санкция салса да (активтерін бұғаттау, өз территориясына кіруге тыйым, сауда шектеулері), Ресейдің қолдауымен Беларусь экономикасы бар қиындыққа төтеп берді. Ресей одақтасына арзан газ ұсынып, қарыздарын кешіріп, Ресей нарығына шығуға мүмкіндік берді.
ЛУКАШЕНКО КЕТЕ МЕ?
Тағдыры белгісіз бір адам болса, ол — Лукашенко. Беларусь президенті қазір 70 жаста, денсаулығы нашар деген сыбыс бар. Кейінгі айларда Лукашенко Беларусь саясатында ұрпақ ауысуы керек дегенді айта бастады. Көбі президенттің сөзіне қарап, бұл оның соңғы президенттік мерзімі болуы мүмкін деп топшылады.
Билікке Лукашенконың ұлдарының бірі, атап айтқанда, 20 жастағы кенже ұлы Николай келеді деген қауесет болған. Лукашенко Қауіпсіздік кеңесінің немесе жалпыбелорустік халық жиналысының (2022 жылы конституциялық мәртебе берілген, президент басқаратын консультативті орган) құзыретін арттырады деген болжам да айтылды.
Қалай болған күнде де, Ресейде аяқ астынан билік ауысып кетпесе, Минск Мәскеумен байланысын тереңдете береді. Бұл — Беларусьті түбінде Ресейдің вассалына айналдыратын біржақты келісім болмақ.