Accessibility links

Астана қаласының мәдениет басқармасының бұрынғы жетекшісіне үкім оқылды


Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты. Көрнекі сурет.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты. Көрнекі сурет.

Астана қаласының мәдениет басқармасының бұрынғы жетекшісі Болат Мажағұловты сот қаладағы субұрқақты салу кезінде ірі көлемде қаржы жымқырды деп танып, 8,5 жылға соттады. Сотталушы айыптарды үзілді-кесілді жоққа шығарады.

Сот Мажағұловты 189-баптың 4-бөлігі 2-пункті бойынша кінәлі деп танып, түрме жазасымен қатар өмір бойы мемлекеттік қызметте істеуге тыйым салған.

Жобаның мердігері Мәди Қанапинді сот "сеніп тапсырылған біреудің мүлкін иемдену" және "Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың түрлерi" баптары бойынша кінәлі танып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды.

Олар қауіпсіздігі орташа мекемеде жазасын өтемек.

Сот сонымен бірге мәдениет басқармасының Мажағұлов пен Қанапиннен материалдық өтемақы ретінде 1,86 млрд теңге өндіру және мемлекет кірісіне баж салығы ретінде 32,6 млн теңге төлеу туралы азаматтық өтінішін қанағаттандырған.

2024 жылы қыркүйекте қаржы мониторинг агенттігі Астананың мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы және мергігер ұйым өкілдеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлаған.

Тергеу органдарының айтуынша, 2016 жылы Астанадағы субұрқақтың құрылысына қатысты келісім мемлекеттік сатып алуынсыз жасалған және субұрқақтың өзі жоба-сметалық құжатнамасыз және мемлекеттік сараптамасыз салынған. Құрылыс кезінде сапасыз материалдар пайдаланылған. 2017 жылдан бері субұрқақ істемей қалған. Тергеу органдарының айтуынша, жымқырылған сома көлемі 1 млрд теңгеден асқан.

Ақпаратқа қарағанда, мәдениет басқармасының бұрынғы жетекшісі ұсталып, іс аясында оның үш коммерциялық нысаны, екі тұрақ орны мен Астанадағы премиум-класс санатына жататын пәтеріне арест қойылған. Іс бойынша жалпы құны 572 млн теңге болатын мүлікке арест қойылған. Сот шешімі бойынша мүліктері тәркіленген.

Tengrinews сайтының жазуынша, Болат Мажағұлов сот кезінде өзіне тағылған айыптарды үзілді-кесілді жоққа шығарған.

"Мұның бәрі соншалықты қисынсыз, ешқандай дәлелсіз. Мен өзімді кінәлі сезінбеймін. Оның үстіне менің кінәсіздігім сотта толық дәлелденді. Мен шындықты соңына дейін дәлелдеймін, себебі мен балаларыма керекпін. Маған тағылған айыптардың барлығы дәлелсіз айыптауларға негізделген. Іс материалдарында менің шотыма ақша аударылғаны немесе заңсыз байлық жинағанымды дәлелдейтін айғақтар жоқ. Барлық банк шоттары тексеріліп, заңсыз мүлік табылмады" деді Мажағұлов.

Бұған дейін прокурор оған он жыл түрме жазасын сұраған.

Болат Мажағұлов 2010-2015 жылдары Астана қаласының мәдениет басқармасына жетекшілік еткен. 2015-2018 жылдары аралығында мәдениет, мұрағат және құжатнама басқармасын басқарған. Ізінше 2018-2019 жылдары мәдениет және спорт басқармасының басшысы болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG