Ресейдің Курск облысында Ресей әскері қатарында украин күштеріне қарсы соғысқан Солтүстік Корея әскерін көп адам шығынына байланысты шайқастардан кері қайтарған. Бұл жөнінде Украина және Америка шенеуніктеріне сүйенген The New York Times басылымы жазды.
Басылымның жазуынша, Солтүстік Корея әскері майдан даласында шамамен екі апта бойы көрінбей кеткен.
Украина шенеунігінің сөзінше, Солтүстік Корея әскері арасында адам шығынының көптігіне олардың ресейлік әскермен бірігіп қимылдай алмауы және шашыраңқылық себеп болған. Соғыс алаңына келгелі бері Солтүстік Корея жасағы өз бетінше әрекет етіп, аз әскери техникамен алға жылжыған және қайта топтасуға (әскердің мақсатқа қарай топтасып, бір аумақтан екіншісіне жылжуы) сирек қосылған.
The New York Times тілшілері сөйлескен Америка шенеуніктерінің сөзінше, Солтүстік Корея әскерін шайқастардан қайтару уақытша шешім болуы мүмкін. Олардың сөзінше, Солтүстік Корея жасағы қосымша дайындықтан кейін қайта оралуы мүмкін. Ресей әскері адам шығыны көп болмас үшін оларды әскерге қосудың басқа амалын да табуы ықтимал.
- Батыс барлаушыларының мәліметінше, Ресейге соғыста көмектесу үшін Солтүстік Кореядан шамамен он мың сарбаз әкелінген болуы мүмкін. Мәскеу мен Пхеньян Ресейге солтүстіккореялықтар әкелінгенін растамаған, терістеген де жоқ.
- BBC-дің Орыс қызметінің хабарлауынша, 2025 жылдың қаңтар ортасындағы мәлімет бойынша, Солтүстік Корея әскері соғыста шамамен 4 мың солдатынан айырылған. Украина әскерінің тұжырымдауынша, Ресей әскері солтүстіккореялықтарды көбіне нығайтылған позицияларды басып алу кезінде миналанған алаңдарға немесе оқ жауатын орындарға бірінші жіберіп, пайдаланады. Сол себепті солтүстіккореялықтар арасында адам шығыны көп.
- Қаңтар ортасында Украина президенті Владимир Зеленский украин күштері солтүстіккореялық әскерді Курск облысындағы соғыс кезінде алғаш рет тірідей тұтқынға түсіргенін мәлімдеген. Олардың біреуі Ресейге соғысу үшін емес, оқуға келгенін айтқан. Кейін Зеленский оларды Ресейде тұтқындалған украин азаматтарына алмастыруға дайын екенін, Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынға тұтқын алмасуды ұйымдастыруды ұсынған.