"СІЗДІ КЛАССИК ЖАСАҒАНЫМЫЗҒА РАҚМЕТ АЙТЫҢЫЗ!"
Астанада тұратын балалар жазушысы Дария Жұмагелдинованы "қазақстандық Агния Барто" (балаларға арналған өлеңдерімен танылған совет ақыны) деп те атайды. Оның шығармаларының қазақстандық және ресейлік әдеби жинақтарда жарияланып жүргеніне ширек ғасырдан асқан.
Ал 2015 жылдан бастап туындылары қазақстандық мектеп шәкірттері оқитын оқулықтарға да енгізілгенін жазушының өзі кейін біліп, таң-тамаша болыпты.
– 2015 жылы шыққан "Әдеби оқу" оқулық кітабының екі тарауы – менің шығармаларым. "Орыс тілі" оқулығында да өлеңдерім жүр. Алматыға бір барғанымда баспаға соғып: "Қаламақымды беретін шығарсыңдар?" – деп сұрадым. Олардың не дегенін білесіз бе?.. "Қандай қаламақы? Сізді классик жасағанымыз үшін қайта сіз бізге рақмет айтуыңыз керек! Міне мына жерге суретіңізді ілеміз!" деп жауап қатты, – деді Дария Жұмагелдинова.
"Мен оларға: "Кешіріңіздер, сіздер ірі тиражбен, миллиондап шығып жатырсыздар ғой!" деп айттым, – деді ақын.
Оның сөзінше, әлгі оқулықтарды басып шығарғандардан сол күйі ешқандай қаламақы алмаған.
Оқулықтар шығаратын "Алматыкітап" баспасы өкілдері шығармалары мектеп бағдарламасына енгізілген Жұмагелдиноваға және өзге де авторларға тиесілі қаламақы төленген, тек тікелей өздеріне емес, жанама жолмен деп отыр.
Оқулықтарды дайындау барысында түрлі ақын-жазушының туындыларынан ондаған үзінді пайдаланылуы мүмкін, сондықтан ол авторлардың әрбірімен жеке-жеке емес, барлығының қаламақыларын жинақтап, елдегі авторлар құқығын қорғайтын қоғамдық ұйымдардың біріне аударамыз деп түсіндірді баспа қызметкерлері.
ОН ЖЫЛ БОЙЫ ТАБА АЛМАҒАН
Қазір Қазақстанда авторлар құқығын қорғаумен айналысатын оннан астам қоғамдық ұйым бар. Баспа өкілдері Дария Жұмагелдиноваға тиесілі қаламақы қаржысы да солай аударылған деді.
"Бізде технологтар бар. Олар ақшаны есептеп шығарады. Біз шығарма санына қарай төлем ақшаны авторлар қауымдастығына аударамыз", – деді "Алматыкітап" баспасының заңгері Айнұр Қалықұлова. – Ары қарай әр авторға қаламақыны соның өзі төлейді. Сұрау салып отырған кезеңдегі, яғни 2017 жылға және 2022 жылға тиесілі ақшаны да оған толық аударғанбыз".
Авторлық және сабақтас құқықтар туралы заңға сәйкес, шынымен де, Қазақстанда шығарма авторына тиесілі сыйақы авторлық құқықты қорғайтын қоғамдық ұйымдар (тіпті шығарма авторы оған мүше болмаса да) арқылы аударылады. Авторға тиесілі қаламақыны нақты қай қоғамдық ұйымға аударатыны баспаның өз еркінде.
"Алматыкітап" баспасының өкілдері Дария Жұмагелдиноваға тиесілі қаламақы қаржысын "Шапағат" авторлық құқық қоруға қоғамына аударғанын айтты. Ол ұйым автормен хабарласып, ақша аударуға қажет жеке деректерін сұратып алуға тиіс болған.
Бірақ "Шапағат" авторлық қоғамының басшысы Серік Исаевтың айтуынша, өлеңдері қазақстандық оқулықтарда жарияланғалы бері он жыл өткен ақын Дария Жұмагелдинованы олар таба алмаған. Әйткенмен, ақын өзіне тиесілі ақшаны сұрау үшін осы қоғамдық ұйымға кез келген уақытта хабарласуына болады деді "Шапағат" жетекшісі.
"Жиналған сыйақылар тек авторлық қоғамның мүшелеріне беріледі. Егер автор басқа қоғамға мүше болса, ақша сол қоғамға аударылады. Ал егер ол ешқандай қоғамға мүше болмаса, автор іздестіріліп, табылғаннан кейін қаламақы өзіне төленеді. Біз сыйақыны авторды тапқаннан кейін ғана төлейміз. Біз авторларды интернеттен, әлеуметтік желілер арқылы іздейміз", – деді Серік Исаев.
Интернеттегі іздеу жүйесіне "Дария Жұмагелдинова (Дария Джумагильдинова)" деп жазып, түймені басып қалсаң ашылатын тізімнің басында қазақстандық балалар ақынының әлеуметтік желідегі аккаунттарының сілтемелері жарқ етіп шығады. Авторлық қоғам өкілдерінің ғаламтордан оны қалай таба алмай жүргені жұмбақ.
Ал ақын өз шығармалары үшін 50 мың долларға жуық қаржы төлеуді талап етіп, оны сот арқылы өндіріп алуды ұйғарып отыр.