Accessibility links

Алматылық компания Ресейге зымыран микросхемаларын жеткізуге септесіп отыр ма?


Минскідегі "Интеграл" кәсіпорыны.
Минскідегі "Интеграл" кәсіпорыны.

Батыс елдері санкция тізіміне қосқан Беларустің "Интеграл" кәсіпорны 2022 жылдың наурызынан 2024 жылдың маусымына дейін Ресейге құны 130 миллион еуродан асатын алты миллионнан астам микросхема жеткізген. Кәсіпорын еуропалық құрал-жабдықтарды Қазақстандағы шағын компания арқылы сатып алған дейді осы жайлы зерттеудің авторлары.

Германиялық компаниялардың өнімдері Қазақстанға Польша мен Түркия арқылы жеткізіліп, содан кейін санкцияларды айналып өтіп, Беларусь еліне жөнелтіліп отырған. Ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлықты зерттеу орталығы (OCCRP) халықаралық консорциумының қолдауымен Беларусь зерттеу орталығы әзірлеген материалдарында осылай делінген.

Ресейге жеткізілетін беларустық микросхемалар Батыста жасалған бөлшектерден құрастырылған. Ресей ол микросхемаларды Украинаға шабуылдағанда қолданатын қаруына пайдаланып жүр. Украина қорғаныс министрлігінің барлау басқармасы Ресей қару-жарағына пайдаланып келе жатқан шетелдік бөлшектер тізімінде Беларустің "Интеграл", "Радиотехника" және СКБ "Батыс" зауыттарының өнімдерін көрсеткен.

Журналистік зерттеу материалдарында Ресейге жеткізілетін беларустық микросхемалардың 80 пайызымен "Интеграл" қамтамасыз еткені айтылған. Ал оған қажет тұз қышқылы Алматыдан жөнелтіліп отырған дейді журналист зерттеушілер. Ал қазақстандық компания өкілі зерттеушілер "асыра сілтеген" дейді.

ТАБЫСЫ ӨСКЕН "ИНТЕГРАЛ"

"Украинада кең көлемді соғыс басталғаннан кейін "Интегралдың" табысы еселеп көбейді. 2023 жылы компанияның тапқан таза табысы 2022 жылғымен салыстырғанда 11 еседен астам өсіп, 150 миллион беларусь рубліне (шамамен 50 миллион доллар) жетті. Бұл 2021 жылғы "Интегралдың" табысынан 40 есе көп" делінген беларустық зерттеу орталығы мен OCCRP зерттеуінде.

Ол зерттеу жарияланған сәтке кәсіпорынның 2024 жылы тапқан табысы жайлы мәлімет ашық дереккөздерде болған жоқ.

Журналистер беларустық кәсіпорын санкцияларды айналып өтіп, шетелдік құрал-жабдықтарды, соның ішінде тазалық деңгейі өте жоғары тұз қышқылын сатып алғанын анықтады. Ол қышқыл жартылай өткізгіш пластиналарды өңдеуге қолданылады, олардың тазалығы мен тегістігін (әлгі микросхемалардың күрделі құрылымдарын жасауға қажет) қамтамасыз етеді.

2021 жылы, соғыс басталмай тұрып, Германияның UrSeCo Handels GmbH & Co. KG компаниясы тазалық деңгейі 99,999 пайыз тұз қышқылын "Интегралға" жеткізіп келген. 2022 жылы, Ресей Украинаға соғыс ашқан соң және "Интеграл" санкцияларға ұшырағаннан кейін Ресейге бұл химикатты жеткізуге тыйым салынды. Сондықтан оны жеткізудің жаңа схемасы пайда болды: әуелі Польша мен Түркия арқылы Қазақстанға жеткізіліп, содан кейін Беларусқа жөнелтіледі.

АЛМАТЫДА ТІРКЕЛГЕН UNITED TRADING GROUP

"Интегралға" арналған тұз қышқылын Қазақстанда жергілікті United Trading Group ЖШС компаниясы қабылдап келген. Зерттеушілердің айтуынша, 2022 жылғы ақпанда Ресей күштері Украинаға басып кіргеннен кейін бірнеше апта өткенде құрылған бұл шағын кәсіпорында жалғыз қызметкер ғана бар (Қазақстанда ол "ұсақ кәсіпкерлік" санатына енгізілген). Сонымен қатар, Қазақстанда тазалық деңгейі 99,999 пайыз тұз қышқылын шығаратын өндіріс бары жайлы деректерді мемлекеттік тізімнен таппайсыз. "Интеграл" тұз қышқылын басқа компаниядан (ол да "аралық" болуы мүмкін) сатып алғаны туралы құжаттарда қышқыл өндірілген жер ретінде Германия көрсетілген.

Қазақстандық United Trading Group ЖШС компаниясы дәл осындай аса таза тұз қышқылын Ресейге, атап айтқанда "Силтрон" ЖШС және "Электронснаб" ЖШС сияқты компанияларға жеткізіп келген. "Силтрон" компаниясы 2022 жылы Ресей Украинаға басып кірген соң үш айға жетпейтін уақыт өткенде құрылған, сірә, бұл да санкцияларды айналып өту үшін құрылса керек. 2024 жылдың қыркүйегінде "Силтронды" тікелей "Интеграл" сатып алды.

"Интеграл" бұған қоса шетелдік жабдықтарды да: микросхемалардың сапасын бақылау үшін Германияның Axiotron Carl Zeiss AG микроскоптарын, Швейцарияның VAT Vakuumventile AG клапандарын және өндіріс процестері кезінде мүлтіксіз тазалықты сақтауға қажет британдық Edwards вакуум жүйелерін қолданады. Бұл жабдықтар 2024 жылы Беларусь және Ресей мемлекеттік телеарналарының репортаждарында көрсетілген, сонымен қатар кәсіпорынның ресми каталогында да ол туралы айтылған.

Осы техниканы пайдалану үшін "Интегралға" Батыс шикізаты мен құрал-жабдықтары үнемі жеткізіліп отыруы қажет, оларсыз оны пайдалану мүмкін емес. Және кәсіпорын оларды, Беларусқа ондай тауарды жеткізуге тыйым салатын санкцияларға қарамастан алып отырған болса керек.

"ҚАЗАҚСТАНДА ШЫҒАРЫЛҒАН" ДЕГЕН БЕЛГІ ҚОЙЫП, РЕСЕЙГЕ ЖӨНЕЛТЕДІ

Зерттеуші журналистер тұжырымы бойынша, тұз қышқылын Германиядан алдыртатын Алматыда тіркелген – United Trading Group жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Компания тауарға "Қазақстанда шығарылған" деген қағаз жапсырып, ресейлік "Силтрон" және "Электронснаб" компанияларына жөнелтеді. Ал ол жақтан тұз қышқылы Беларуське жіберіледі. "Интеграл" оны қолданып микрочип жасайды. Ол зат Ресейдің әскери техника жасайтын фирмаларына жөнелтіледі. "Осылайша қазақстандық компания Ресейге санкцияны айналып өтуге көмектесіп отыр" дейді журналистер.

"Қазақстандық United Trading Group қышқылды өзі өндіретінін жазған. Алайда бұл шындыққа жанаспайды. Біріншіден, Қазақстан кәсіпкерлік субъектілерінің ресми тізіліміне сәйкес, компанияда бір ғана қызметкер жұмыс істейді. Ол "микрокәсіпкерлік" санатына жатқызылған. Екіншіден, бұл микрокәсіпорынның тізімінде ешқандай өндіріс жоқ. Ол тек көтерме саудамен айналысады. Қазақстанда 99 пайыз таза тұз қышқылының өндірісі бар екені туралы ақпарат таппадық. Қазақстан үкіметінің 2023 жылы қыркүйекте қабылдаған қаулысында елде тұз қышқылының жалғыз өндірушісі "Каустик" акционерлік қоғамы екені жазылған. Олар өндіретін қышқылдың максимал тазалығы – 35 пайыз. Елде 99 пайыз таза тұз қышқылын шығаратын өндіріс орны жоқ" делінген "Беларусь зерттеу орталығының" зерттеуінде.

"АСЫРА СІЛТЕП ЖАЗҒАН"

United Trading Group-тің жалғыз қызметкері әрі директоры – Әлімжан Беков деген азамат. Компания 2022 жылы Алматыда тіркелген. Сол жылдың өзінде 1,8 млрд теңге, 2023 жылы – 2 млрд, ал былтыр 2,6 млрд теңге табыс тапқан. Азаттық ашық дереккөзден компания директоры Әлімжан Бековтің нөмірін тапты. Ол журналистердің зерттеуінде "асыра сілтеу бар" деді.

"Мен саудамен айналысамын, сауда компаниясымыз, түрлі елге тауар жібереміз. ["Беларусь зерттеу орталығы"] асыра сілтеп жазған" деді Әлімжан Беков Азаттық сауалына жауабында. Бірақ ол уақыты жоғын айтып, тілшінің қосымша сұрақтарына жауап бермеді, кейінірек хабарласуды сұрады.

Қазақстандық компаниядан тауарды қабылдап алатын ресейлік кәсіпорын өкілі журналистерге "Еуропадан ешқандай тұз қышқылын алдырмаймыз, оны өзіміз өндіреміз" деген. Ал неміс компаниясының өкілі "қышқылды ешкімге сатып отырған жоқпыз" деп пікір білдірген.

Зерттеуде қазақстандық компания бұл шикізатты қалай жөнелтіп отырғаны айтылады. Мәселен, 2022 жылы маусымда германиялық өндіруші қазақстандық компанияға 860 келі таза тұз қышқылын жіберген. Тап сол айда Бековтің United Trading Group компаниясы ресейлік "Электронснабқа" дәл осындай мөлшерде тұз қышқылын сатқан. "Электронснаб" оны беларустық "Интегралға" жіберген. "Интеграл" тұз қышқылын микрочип өндірісіне пайдаланып, Мәскеуге кері сатады. Украинада соғыс басталғалы "Интегралдың" табысы еселеп артқан. 2022 жылы компания 50 млн доллар табыс тапқан. Одан бір жыл бұрын табысы 40 есе аз еді.

Беларусьтің авторитар басшысы Лукашенко Ресейдің әскери техника өндірісіне көмектесіп отырғаны үшін "Интеграл" компаниясын мақтан етеді.

Азаттық зерттеуі: Ресей Қазақстан компанияларын қалай пайдаланып отыр? (22 маусым, 2023 жыл)

Ресей Қазақстан компанияларын қалай пайдаланып отыр? Азаттық зерттеуі
please wait

No media source currently available

0:00 0:37:18 0:00

"Интеграл" туралы репортаждарда жартылай өткізгіш пластиналарды микрон дәлдігімен бөлуді қамтамасыз ететін Жапонияның DISCO Corporation кесу қондырғыларын және материалдарды талдауға арналған HORIBA жабдықтарын да көруге болады. Бұған қоса, компания микросхемаларды құрастырмас бұрын олардың жұмыс істеу қабілетін тексеруге мүмкіндік беретін АҚШ-тың Cascade Microtech (FormFactor) тестілеу жүйелерін қолданады.

2022 жылдың 24 ақпанында Ресей әскері Украинаға Беларусь аумағынан да басып кірді, ал Александр Лукашенко режимі бұл соғыста Ресейді қолдады. Басқыншылық басынан бастап, сонымен қатар кейінгі кезеңдерде де Ресей әскері Беларусь аумағын Украинаға шабуыл жасауға белсенді түрде пайдаланды. Бұған қоса Беларусь Ресейге белгілі бір әскери техниканы жеткізді. Беларусь пен Ресей қорғаныс өнеркәсібіндегі ынтымақтастығын да жандандырды: бірқатар беларус кәсіпорындары Ресейдің тапсырысын орындай бастады.

Ресми Астана Ресейдің Украинаға басқыншылығын айыптаған емес, қолдау да танытпаған. Қазақстан билігі санкция режимін сақтауға ынталы екенін айтып келеді, алайда бұл ретте жекелеген коммерциялық компаниялардың қоса мақсатты тауарларды Ресейге жеткізуге Батыс енгізген шектеулерді бұзуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.

XS
SM
MD
LG