Accessibility links

Қырғызстанда интернетте "жала жапқандар мен намысқа тигендерді" жауапқа тарта бастайды


Қырғызстанның президенті Садыр Жапаров интернет пен БАҚ-та жала жапқандар мен намысқа тигендерді жауапқа тартуға мүмкіндік беретін Әкімшілік кодекске түзетуге қол қойды.

Жаңа түзетуге сәйкес, айыпталған азаматтарға 20 мың сом (шамамен 230 доллар) және заңды тұлғаларға 65 мың сом (шамамен 740 доллар) көлемінде айыппұл салынбақ. Аталған норма бойынша хаттаманы милиция толтырып, сотқа береді.

Заң жобасын парламент 2024 жылы желтоқсанда көпшілік дауыспен мақұлдаған. Түзетулерге төрт депутат қарсы шықты. Заң жобасын әзірлеу жөнінде бастаманы мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі көтерген.

Қырғызстанның омбудсмені Жәмила Жаманбаева "сөз бостандығы және азаматтардың еркіндігі мен құқығын қамтамасыз ету" қажеттігін алға тартып, түзетулерді қабылдамауға шақырған.

Заң жобасына түсініктеме берген Садыр Жапаров "сөз еркіндігі Қырғызстанда болған және бола береді" деп мәлімдеді.

"Әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратпаңыздар, дәлелсіз жала жаппаңыздар, біреудің намысына тимеңіздер. Сіз өз талаптарыңыз бен сын-пікірлеріңізді кез келген жерде айта аласыздар, билікке де бағыттай аласыздар, бірақ дәлел болуы керек" деді ол.

XS
SM
MD
LG