Accessibility links

Бюро: Қазақстанның төрт украин босқынына саяси баспана бермеуі халықаралық міндеттемеге қайшы


Түркістан қаласы. Көрнекі сурет.
Түркістан қаласы. Көрнекі сурет.

Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы Қазақстан билігінің төрт украин босқынына саяси баспана бермеуін елдің халықаралық қауымдастық алдында алған міндеттемелеріне қайшы деп мәлімдеді. Адам құқығын қорғау бюросының хабарламасы 31 қаңтарда бюроның ресми сайтында жарияланды.

Бюроның жазуынша, 2024 жылы қарашада Қазақстан билігі украиналық төрт босқынның саяси баспана беру туралы өтінішін қанағаттандырмай тастаған. Түркістан облысының еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы шешімде бұған олардың "үшінші бір қауіпсіздік елдің аумағынан келгені" себеп деп те көрсеткен.

Бюроның мәліметінше, Украинаның төрт азаматы Қазақстан аумағына Ресейден кірген. Олардың бірі - жас жігіт Қазақстанның Украинадағы елшілігінің көмегімен Қазақстанға жеткізілген. Оның анасы - Қазақстан азаматы елшіліктен көмек сұраған.

Ал қалған үш әйел адам Украинада соғыс басталғаннан кейін туған жерінен кетуге мәжбүр болып, Ресейдегі туыстарын сағалаған. Одан кейін ізінше Қазақстанға келіп, босқын мәртебесін сұраған. Алайда комиссия төртеуіне де босқын мәртебесін бермеген.

"[Босқын мәртебесін бермеуі] бұл Қазақстанның саяси баспана беру жөніндегі халықаралық міндеттемелеріне қайшы. Халықаралық стандартқа сүйенсек, қауіпсіз үшінші ел деп пана іздеуші тұлға баспана сұрай алатын елді атауға болады. Нақты жағдайда Ресейді сондай ел деп қарастыруға болмайды. Бюро филиалының заңгері Украинаның барлық азаматтарына қатысты әкімшілік талап-арыздарды ресімдеді, сот өндірісіне қабылданды және бірінші сот отырысының күні белгіленді" деді бюро өкілдері.

Азаттық Түркістан облысының еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан жауап ала алмады.

Ресей Украинаға қарсы соғыс ашқалы бері Ресейде қуғынға ұшыраған немесе соғыстан қашқан бірқатар белсенділер, әскери қызметкерлер Қазақстан билігінен босқын мәртебесін сұраған. Қазақстан көп жағдайда олардың өтінішін орындамады. Олардың кейбірін Ресейдің қауіпсіздік қызмет өкілдері елден ұстап әкетті. Кейбірі Еуропаға кете алды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG