"Еуропа одағының бұл мәселе бойынша ұстанымы жоқ. Қазақстан болашақ атом электр станциясын кімге салғызатынын өз еркімен таңдай алады" деген Еуроодақ өкілі Астанаға ресейлік компаниямен серіктес болардан бұрын ойлануға кеңес берді:
– Ресей өз энерготасымалдағыштарын қаруға айналдырып отырғанын ескерсек, сіздер Қазақстанмен энергия өндіруде үздік серіктес бола ала ма, жоқ па дегенді жақсылап ойлануға тырысатын шығарсыздар. Бірақ бұл - толығымен Қазақстанның құзырындағы шаруа, – деді О’Салливан журналист сауалына.
Қазақстанның лауазымды тұлғаларымен кездескен дипломат Қазақстанның Ресейге қарсы санкцияларға қосылмау туралы шешіміне құрметпен қарайтынын айтты.
– Қазақстан бұл санкцияларды қабылдасын деп талап етпегенбіз, талап етпейміз де. Ресей мен Қазақстан арасында ұзақ жылдан бері қалыптасқан заңды сауда қарым-қатынасына араласу, оған қандай да бір жолмен кедергі келтіру ниетіміз жоқ» деді О’Салливан.
Дегенмен ол кейбір компаниялар Қазақстанды санкцияларды айналып өтетін ел ретінде пайдалануы мүмкін екенін айтып ескерту жасады.
– Бұл мүмкіндікті пайдаланып олар Еуропа одағында шыққан тауарларды, соның ішінде Ресейде зымыран, дрон және артиллерия сияқты қаруларды жасауға пайдаланылатын жоғары технологиялы өнмдерді қайта сатуы мүмкін. Бұл тұрғыда біз санкцияларды айналып өтуді болдырмау жолындағы Қазақстанмен әріптестігімізді жоғары бағалаймыз, – деді Еуроодақтың санкция жөніндегі өкілі.
Азаттық тілшісі Дэвид О’Салливанға Еуроодақтың Ресейге қарсы 16-шы санкция пакетіне енуі мүмкін деген қазақстандық екі компания туралы да сұрады. Азаттық ЕО-ның құжат жобасынан осындай деректі көрген.
– Ресейге қарсы 16-шы санкция пакетін көрген болсаңыз, менен көп біледі екенсіз. Өйткені оны әлі көргем жоқ, сондықтан оған қатысты пікір білдіре алмаймын. Ал санкцияны айналып өтпек болған компанияларға келсек, ондай компаниялар анықталса, олар санкция тізіміне ілінеді, – деді О’Салливан.
Оның сөзінше, Қазақстан үкіметінің өкілдерімен кездесу кезінде Қазақстан Батыс санкциясын айналып өту алаңы болмас үшін қандай амалдар қабылдануы қажеттігі мәселесі талқыланған. Ол бұл тенденция едәуір қысқарғанын айтып, Қазақстан үкіметімен "әріптестікті нығайта отырып, әрі қарай да амалдарын табамыз деген сенімдеміз" деді.
Қазақстан билігі әзірге бұл кездесуден ақпарат таратпады.
Былтыр қарашада сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Батыстың санкциясына ілінген қазақстандық компанияларды "бір күндік компаниялар" деп атаған.
Баспасөз жиынында Дэвид О'Салливан "жаппай басқыншылық басталып, санкция салынғаннан кейін Ресей санкцияны айналып өту үшін ғана көптеген юрисдикцияларда көптеген жалған компанияларды ашты. Әдетте мұндай компаниялар дұрыс орнықпаған, ұзақ жылдар бойы саудамен айналыспаған белгісіз компаниялар болып келеді. Бірақ бұл жөнінде әзірге дәлелдер жеткіліксіз, ол үшін жай-жапсарына үңілу керек" деді.
ПІКІРЛЕР