Қырғызстан Орталық Азиядағы мұсылман елдері арасында ниқабқа (әйелдің денесі, шашы мен бет-жүзін толық жауып, тек көзін ғана ашық қалдыратын ұзын киім) ең соңғы болып тыйым салды.
1 ақпаннан бастап қоғамдық орында ниқаб киген әйелге 20 мың сом (230 доллар) айыппұл салынбақ.
Орталық Азияда ислам үлгісіндегі киім кию мен сақал қою бұрыннан қоғамда талқы туғызып, үкіметтік науқандарға себеп болып келеді. Өңірдегі өркениетті даму жолын таңдайтын билік өз елінде исламның ықпалы артып кетуінен қорқады.
Қырғыз депутаттары "азаматтардың түр-тұлғасын анықтау үшін бет-жүзі толық көрініп тұруы тиіс" деп, ниқабқа тыйым салуды қауіпсіздік мақсатымен түсіндіреді. Бірақ бұл шектеуге қарсылар билік әйелді қалаған киімін кию құқығы мен таңдау еркіндігінен айырып жатыр деген уәж айтып жүр.
"ДӘСТҮРІМІЗДІҢ БІР БӨЛІГІ"
Ниқабқа тыйым – дін саласы жайлы заңға енгізуге ұсынылған толықтырулардың бір бөлігі. Президент Садыр Жапаров 21 қаңтарда қол қойған заң жобасында жергілікті халық кейде "пәренжі" деп те атайтын ниқаб жайлы тікелей айтылмаған.
Бірақ заңда "мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық орындарда адамның түр-тұлғасын анықтауға мүмкіндік бермейтін киімге тыйым салынады" деп жазылған.
Орталық Азияда ниқабты сипаттағанда дәл осы тіркес жиі қолданылады. Бұл тыйым жұмыс түріне байланысты қажет болған кезде немесе медициналық себеппен бетті жауып тұратын киім киіп/тағып жүретіндерге қолданылмайды.
Депутаттар мен мемлекет қолдайтын дін қайраткерлері бұл тыйымның хиджабқа немесе бас пен мойынды ғана жауып тұратын орамалға еш қатысы жоқ дейді.
Қырғызстан – Орталық Азиядағы мектептер мен жұмыс орнында хиджаб киюге рұқсат еткен жалғыз мемлекет.
– Ниқаб шектелмейді. Аналарымыз бен әпкелеріміз дәстүріміз бен дініміздің бір бөлігі ретінде қашанда орамал тағып келген, – деді парламент спикері Нұрланбек Шакиев былтыр депутаттарға заң жобасын таныстырған кезде.
Ниқаб Парсы шығанағындағы араб елдерінде кең таралған. Қырғызстанда ниқаб кию дәстүрі болмаса да, кейінгі жылдары консервативті әйелдер арасында осы киім түрі танымал болып келеді.
ҚЫЗУ ПІКІРТАЛАС
Қырғызстанда ниқабқа байланысты көп жылдан бері қызу пікірталас жүріп жатыр. Ниқабтың кең таралуы он жыл бұрын мемлекетті "Қайда бара жатырмыз?" деген науқан бастауға итермелеген.
2023 жылы парламент депутаты Шарапаткан Мажитова елдің оңтүстігіндегі Ош қаласына барып келгеннен кейін ниқабқа қарсы жаңа науқан бастады. Депутат жергілікті әйелдердің көбі ниқаб киетінін көріп, айран-асыр қалғанын айтты.
– Ошта әрбір төртінші әйел ниқаб киеді, олардың қатары күн санап артып келеді, – деп мәлімдеді Мажитова парламент отырысында.
Мажитованың науқаны да діни консерватизм белгісі саналатын сақал қоюға қарсы бағытталды. Ол қауіпсіздік мақсатында үкімет пен парламентті елде ниқаб киюге және ұзын сақал қоюға тыйым салуға шақырды.
Мемлекет қолдауымен жұмыс істейтін Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасы "мұсылман әйелдерге ниқаб емес, хиджаб кию уәжіп" деп мәлімдеді.
Сыншылар бұл тыйым ниқаб киетін әйелдердің оқшаулануына әкеледі деп ескертеді.
ҚАУІПСІЗДІК ҮШІН
Орталық Азияның өзге елдері: Қазақстан, Тәжікстан мен Өзбекстан мектепте, мемлекеттік мекемелер мен жұмыс орнында хиджаб киюге шектеу қойған.
Тәжікстан, Түркіменстан мен Өзбекстан полициясы көшелер мен базарларда рейд жүргізіп, ұзын сақал қойған азаматтарды ұстап, сақалын алып тастауға мәжбүрлейді.
Ислам дінінің айқын белгілеріне қарсы шараларды билік көбіне қауіпсіздікті қамтамасыз ету және дәстүрлі құндылықтарды сақтау мақсатымен жүргізіліп жатыр деп түсіндіреді.
Орталық Азия елдерінің билігі ұлттық киім үлгіміз ислам діні талаптарына толық сай келеді деп санайды.
Түркіменстан хиджабқа ресми түрде тыйым салмаған, бірақ әйелдің қоғамдық шаралар мен жұмыс орнында түркімен ұлттық киімін киіп жүргенін жөн көреді. Билік хиджаб тартқан бірнеше әйелден орамалын шешуді талап еткені жайлы ақпарат бар.
Тәжікстан әйелдің ұлттық киім киюін насихаттап, ислам діні дәстүріндегі киімді "тәжіктерге жат" деп сипаттайды.
ПІКІРЛЕР