Accessibility links

Ақтаудағы фитнес-жаттықтырушының өлімі: айыпталушылардың бірі өмірлік түрме жазасын алды


Ақтауда фитнес-жаттықтырушы Алина Серікованы ұрлап әкетіп, зорлады, күш көрсетті деп айыпталған бес адамның ісінде апелляциялық сот аяқталды. Бұл жөнінде "Лада" басылымы жазды.

Судья іс бойынша басты сотталушы Нұргелді Сейітқалиевке өмірлік түрме жазасын берді. Өзге сотталушылар Еркебұлан Аманқос – 16 жыл, Аралбай Мерей, Жалғас Үсенғалиев және Дархан Құлбас әрқайсысы 13 жыл түрмеге кесілді.

Сотталушылар сонымен бірге қаза болған қыздың отбасына материалдық өтемақы ретінде – 19 млн теңге, моральдық өтемақы ретінде 30 млн теңге төлеуі тиіс.

2024 жылы мамырда интернетте Алина Серікованың қазасы жөнінде видео тараған. Ол кезде полиция оқиғаны "өзін өлтіруге итермелеу" деп бағалаған.

Желтоқсанда Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты басты сотталушыға 20 жыл түрмесін берген. Ал қалғандарын 7-8,5 жылға соттаған. Ол кезде прокурор басты сотталушыға өмірлік түрме жазасын беруді, қалғандарына 15-16 жыл жаза беруді сұраған. Десе де, үкімді түсіндірген судья қыздың "өзіне қол жұмсап, мерт болғанын", "сотталушылардың әрекетінен қаза болмағанын" алға тартқан.

2025 жылы қаңтарда "НеМолчи" қоры оқиғаның жай-жапсарын жариялаған.

Соттың мәліметінше, сотталушылар жәбірленушіні ұрып-соғып, күштеп көлікке отырғызып, ұрлап кеткен. Сотталушылардың бірі қызды қорқытып, есірткі қолдануға мәжбүрлеп, еркінен тыс зорлаған. Бұдан бөлек, жәбірленушіні қорқытып, ақша талап етіп, телефонынан 2 млн теңге несие рәсімдеген. Осыдан кейін қызды босатып, біреуге бұл жөнінде тіс жарса, өлтіретінін айтып қорқытқан.

Бірнеше күн өткеннен кейін жәбірленуші қыз өзіне қол жұмсаған.

Былтыр марқұмның жақындары, қорғаушылары бірінші инстанциядағы үкіммен келіспеген.

Бұған дейін Маңғыстау облысының прокуратурасы бірінші инстанциядағы үкімге апелляциялық шағым түсіріп, жазаны күшейтуді сұраған.

Айыпталушыларға "Зорлау", "Жыныстық зорлық-зомбылық көрсету", "Өзін өлтіру жағдайына жеткізу", "Есірткі қолдануға көндіру", "Есірткімен заңсыз жұмыс істеу", "Бас бостандығынан заңсыз айыру", "Адам ұрлау", "Қорқытып алу" баптары бойынша айып тағылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG