Азаттықтың "Схемы" жобасы жүргізген зерттеу Қытайға жартылай болсын тиесілі компаниялар Ресейдің қару-жарақ өндірушілеріне стратегиялық маңызы бар минералдар жеткізіп отырғанын көрсетті. Ресей осындай жолмен өндірілген қару-жарақты үш жылдан бері Украинаға қарсы соғысында пайдаланып келеді.
Үш жыл бұрын Ресей Украинаға басып кіргелі, Батыс елдері Қытайды Мәскеуге микрочиптер мен қос мақсатта пайдаланылатын басқа да маңызды технологиялар жеткізіп, Ресейдің агрессивті соғысына қолдау көрсетіп отыр деп айыптады.
Вашингтон мен Брюссель жүздеген қытай компаниясы мен жекелеген тұлғаларға қарсы санкция салып, осындай қысым көмегімен Кремльдің соғыс машинасына қажетті технология тізбегін тоқтатуға тырысты.
Бірақ Ресейге галлий, германий мен антимоний жіберетін жиырма шақты қытайлық компания Батыс санкцияларынан тыс қалды. Аталған минералдар Мәскеудің Украинаға қарсы шабуылында пайдаланылған зымырандар мен дрондарда кездесетін маңызды элемент саналады.
Азаттықтың Украин қызметінің зерттеу бөлімі — "Схемы" жобасы қытайлық компаниялар маңызды минералдарды Ресейдің әскери өнеркәсіп кешеніне, оның ішінде Украинаға қарсы қолданылатын қару-жарақтың 80 пайызын өндіретін "Ростех" мемлекеттік конгломератына жіберіп отырғанын анықтады.
"Схемы" танысқан OCCRP (жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысқа қарсы ұйым) жазбаларына сәйкес, тауар жеткізушілердің үштен бірі жартылай Қытай үкіметіне тиесілі. Пекин Ресейдің Украинаға қарсы соғысында отқа май құйып, кикілжіңді одан әрі өршітіп отырғанын жоққа шығарады.
Минералдарды сатушы Қытай компаниялары
Ресейге маңызды минерал жеткізіп отырған қытайлық компаниялар арасында Yunnan Lincang Xinyuan Germanium Industry компаниясын атап өтуге болады. Компанияның ірі акционері — Коммунистік партия мүшесі Бао Вэндонг. Кіші акционерлер тізімінде мемлекет капиталына құрылған екі фирма бар.
Ресейге германий, галий мен антимоний жеткізушілердің қатарында VITAL Technology Group та бар. Бұл — қытайлық компания компаниялар тобы. Оның акциясының 25 пайызы Қытайдың мемлекеттік құрылымдарына тиесілі.
Үшінші компания — Hynhe Technology. Компанияның 10 пайызы Қытайдың Ханчжоу қаласында орналасқан жетекші мемлекеттік компания Zhejiang Jingsheng Mechanical & Electrical тиесілі.
Қытай металдарын сатып алып отырған компаниялар қатарында жапондарға тиесілі ресейлік фирма бар. "Схемы" танысқан кеден және салық жазбаларына қарағанда, бұл фирма қару-жарақ өндірісіне қажетті микроэлектроника өндіретін ресейлік компанияларға кремний пластиналарын сатады. Жапония Вашингтонмен және Брюссельмен бірлесе отырып, Ресей агрессиясына қарсы өз санкцияларын енгізген.
2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін АҚШ пен Еуроодақ галлий, германий және антимоний экспортына шектеу қойды. Бірақ Қытай Батыстың Мәскеуге қарсы санкцияларына қатыспайды, сондықтан бұл шектеуден нәтиже бола қойған жоқ.
— Қытай мен Ресей компаниялары арасында тікелей әріптестік болса, Батыстағы серіктестердің санкциялары бұған әсер ете қоймайды. Олар екеуара келісімін жалғастыра береді, — дейді Украина президенті Владимир Зеленскийдің санкциялық саясат бойынша комиссары Владислав Власюк.
Дегенмен Власюк санкциялар Ресей әскеріне қару-жарақ жеткізу тізбегін қиындатуда маңызды рөл атқаратынын айтады.
ҚАРУ-ЖАРАҚ ӨНДІРІСІ
АҚШ пен Еуроодақ елдерін қосқанда, әлемнің көп мемлекеті микроэлектроника мен әскери қосымшалардағы маңызы үшін галлий, германий және антимоний қорын қолдайды.
— Кез келген электронды жүйенің бөлігі — осы элементтер… Әсіресе, майданда, әскери нысандар мен қорғаныс жүйесінде маңызды, — дейді Киев авиация институтында авионика бойынша аға оқытушы болып істейтін Татьяна Соломаха.
Бұл минералдар ядролық қару, түнде көруге арналған көзілдірік, лазерлік көздеу жүйесі, дрондар мен әскери кемелерге арналған инфрақызыл датчиктер, ұшақтар, зымырандар мен танкілер жасауда қолданылады.
— Аталған металдар микропроцессор жасауға пайдаланылады. Ұшуды басқару тетігі мен микропроцессоры жоқ дрон мүлде ұша алмайды, — дейді украиндық дрон өндірісімен айналысатын Lab 418 компаниясының негізін қалаушы Антон Побута.
Әлемдегі ең ірі галлий, германий және антимоний өндірушісі Қытай өткен айда өз компанияларына аталған үш минералды АҚШ-қа сатуға тыйым салды. Бұл АҚШ-тың Пекинге қарсы жаңа экспорттық бақылау шараларына жауап болды.
Бірақ Қытай — аталған минералдар нарығында өз орны мен салмағы бар мемлекет. Пекиннің негізгі клиенттері — көбіне АҚШ санкциясына ілінген компаниялар.
Батыстың санкция режимі жағдайында 2023 жылы Қытай Ресейге галлий мен германий сатқан жалғыз мемлекет болды. Ресейдің кеден жазбаларына сүйенсек, әлі күнге Ресейдегі антимонийдің үлкен қоры Қытайдан келеді.
Қытайлық сирек металдар "Ростехпен" байланысты компаниялар арқылы Ресейдің қорғаныс саласына жетеді. Ондай компаниялар қатарында Ростехтің еншілес компаниясы Germanium JSC және "Ростехтің" іскерлік әріптесі Germanium and Applications бар.
"Схемы" қарап шыққан жазбалар Germanium and Applications компаниясы Қытайдың сирек металдарын Урал оптиқалық-механикалық зауытына жіберетінін көрсетеді. Бұл зауыт ресейдің әскери ұшақтары мен тікұшақтарына арналған оптикалық құрылғылар шығарады.
АҚШ-тың бақылауындағы Урал оптикалық-механикалық зауыты өзін Ресей әскеріне "оптикалық жүйелер жеткізуші негізгі компания" деп атайды.
Қытайдан сирек металл импорттайтын тағы бір ресейлік компания — АҚШ санкциясына іліккен, электроника өндіруші Enkor Grupp. Былтыр бұл зауытқа Ресей президенті Владимир Путиннің өзі барған. Келесі компания — Вашингтонның санкция тізіміндегі Cryotrade Engineering. Бұл компания "Ростехпен" және Ресейдің қорғаныс саласындағы басқа да компаниялармен жұмыс істейді.
Мемлекеттік сатып алулар жайлы есепке сәйкес, Қытайдан галлий импорттайтын Cryotrade Engineering АҚШ санкциясына іліккен бірнеше ресейлік ғылыми-зерттеу институттарымен, атап айтқанда Путиннің жақын серіктесі басқаратын, ядролық қару өндіретін Курчатов институтымен жұмыс істейді. Галлий атом бомбасындағы плутонийді тұрақтандыру үшін қолданылады.
Галлий де, германий де Ресейдің қару-жарақ өндірісіне қажетті технология өндірісіне, оның ішінде Мәскеудің Украинаға қарсы пайдаланған "Орлан-30" ұшқышсыз басқарылатын барлау аппаратындағы жүйеге ұқсайтын лазерлік көздеу жүйесінде қолданылады.
Ресейдің қорғаныс министрлігі қарашада "Орлан-30 құрылғысының ұзақ қашықтықтағы нысанды анықтайтын лазерлік көздеуіші әуе бомбасы немесе артиллериялық снаряд болсын, оқ дәріні нысанаға дәл жеткізуге мүмкіндік береді" деп мақтанған.
ЖАПОНИЯНЫҢ ТАУАР ТІЗБЕГІ
"Схемы" талдаған жазбалар Ferrotec жапон компаниясының микрочиптерге арналған кремний бөлшектерін өндіретін ресейлік еншілес компаниясы Қытайдан антимоний импорттап, әскери мақсатта пайдаланылатын микроэлектроника шығаратын кәсіпорындарға кремний пластиналарын сатқанын көрсетті.
Мәскеуде орналасқан Ferrotec Nord еншілес компаниясы кейінгі 4 жылда VITAL Technology Group қытайлық конгломератына кіретін компаниялардан антимоний импорттап келген. Аталған конгломерат акциясының 25 пайызы Қытайдың мемлекеттік құрылымдарына тиесілі.
"Схемы" қолындағы кеден жазбаларында көрсетілген соңғы импорттың бірі 2024 жылы ақпанда — Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін екі жылдан соң болған.
"Схемы" жобасы танысқан салық есептеріне сәйкес, былтыр Ferrotec Nord Мәскеудің іргесіндегі Epiel зауытына кремний пластиналарын жеткізген.
Epiel — Ростехқа тиесілі Angtrem фирмасына микросхема бөлшектерін жеткізетін негізгі компаниялардың бірі. Angtrem ресейлік қару-жарақ өндіруші кәсіпорындармен жұмыс істейтінін жасырмайды.
2023 жылы қарашада Ресейдің азаматтық сот процесінде Angtrem Ресейдің қорғаныс министрлігі, "Роскосмос" мемлекеттік ғарыш агенттігі, санкцияға ілінген, ресейлік қару-жарақ шығаратын Уралвагонзавод кәсіпорнына микросхемалар мен жартылай өткізгіш құрылғылар сататынын мәлімдеген.
Компания Ресейдің арнаулы әскери операциясына (Кремль Украинаға қарсы соғысын солай атайды) байланысты тапсырыс көлемі 4 есе өскенін мойындаған.
"Схемы" жобасы Жапонияның Ferrotec холдингіне хабарласып, Қытайдан сирек металл импорттап, Ресейдің әскери-өнеркәсіп кешеніне тауар жеткізу жайлы сұрады.
Бірақ мақала жарияланғанға дейін редакция хатына жауап келмеді.
ПІКІРЛЕР