Accessibility links

Балаева желіде "шындыққа жанаспайтын ақпарат" көбейгенін айтып, оны өшіруге шақырды


Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева
Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева

Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева онлайн платформаларда "шындыққа жанаспайтын ақпарат жиі тарап жатқанын" айтып, "заңға қайшы контентті" өшіруге шақырды. Ол бұл жөнінде Facebook-тегі парақшасында арнайы пост жариялады.

Министр жазбасында қандай да бір платформа я адам атын атамаған.

Оның мәліметінше, былтыр Қазақстан бойынша онлайн платформаларда заңға қайшы 78 539 материал анықталып, оның 24,3 пайызы өшірілген.

"Статистикаға сүйенсек, 2023 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта Қазақстан интернет сегментінде заңға қайшы контент көлемі екі есе өсіп, 116 354 материалға жетті. Ең көп таралған заңбұзушылықтар қатарында – терроризмді, діни экстремизмді және есірткі құралдарын насихаттау, онлайн-казино мен қаржы пирамидаларын жарнамалау бар" деді Балаева.

Министр "нағыз құқықтық мемлекет қалыптастырудың басты кілті саналатын заң мен тәртіп қағидатын берік ұстануымыз қажет" деді.

Халықаралық ұйымдар Қазақстанда баспасөз еркіндігі шектелген деп санайды. "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымы әзірлейтін баспасөз индексі рейтингінде Қазақстан 180 елдің ішінде 142-орында тұр. Ал Freedom House ұйымының биылғы "Интернет еркіндігі" есебінде "еркін емес" елдер қатарында қалды.

You Tube-тегі "Ne Deidi?" арнасының авторы журналист Думан Мұхаммедкәрім "экстремизмді қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйым жұмысына араласты" деген айыппен 7 жылға сотталып, былтырдан түрмеде отыр. Жуырда QazNews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебек қамалып, оның үстінен "ұлтаралық алауыздық қоздыру" бабы бойынша іс қозғалған. Белсендінің ұсталғанына байланысты журналистер, сарапшылар сын айтқан. Полиция Еңсебек шығармашылығына байланысты ұсталған жоқ деп мәлімдеген.

Қазақстан Конституциясы бойынша, елде цензураға тыйым салынған. Астананың көзқарасы бойынша, сөз және баспасөз бостандығына шектеу жоқ.

"Менің ойымша, біздің елде сөз бостандығына қатысты ешқандай мәселе жоқ. Керісінше конструктивті әрі өркениетті диалог бар. Заң мен тәртіп қағидаты сақталады. Қалағанын жазады, сынайды, кейде өткір сынайды" деген Балаева 2024 жылғы қарашада журналистерге берген сұхбатында.

2024 жылы маусымда Қазақстанда "Масс-медиа туралы" заң қабылданды. Жаңа заңға сәйкес, масс-медиаға бұқаралық ақпарат құралдары ғана емес, интернет-ресурстар да жатқызылған. Баспасөз құқығын қорғаушылар бұл заң мемлекеттің БАҚ-қа бақылауын одан сайын күшейтуі мүмкін деп алаңдайтынын айтқан.

Ал мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов "Масс-медиа туралы" заң "журналистерге ерекше мәртебе беретінін және олардың өз кәсіби міндеттерін орындауына мүмкіндік ашып, оларды қорғайтынын" айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG