Accessibility links

Вашингтон Қазақстанға бұрын қойылған шектеуді алып тастауы мүмкін


АҚШ мемлекеттік хатшысы қызметіне ұсынылған Марк Рубио
АҚШ мемлекеттік хатшысы қызметіне ұсынылған Марк Рубио

АҚШ-та Дональд Трамп жетекшілігіндегі жаңа әкімшілік өкілдері Орталық Азия елдеріне қатысты Джексон-Вэник түзетулерінің күшін жою қажеттігін мәлімдеді. Сенаттағы тыңдау кезінде АҚШ мемлекеттік хатшысы қызметіне ұсынылған Марко Рубио құжатты "өткеннің сарқыншағы" деп атады.

Тыңдау кезінде сенатор Стив Дейнс түзетулерді алып тастау Орталық Азия елдері оның ішінде, Қазақстан және Өзбекстанмен арадағы қарым-қатынасты қалыпқа келтіру қадамы болмақ деді. Ал Рубио Орталық Азия елдеріне аталған түзетуді ендігәрі "қысым құралы" ретінде пайдаланудан мән жоқ екенін айтты.

"Мұны адам құқықтары бойынша жеңілдіктерге қол жеткізу немесе Орталық Азия елдерін Ресей және оған ұқсас елдермен емес, бізбен неғұрлым батыл қадам жасауға мәжбүрлеудің тұтқасы ретінде ұстап тұру керек деп санайтындар бар. Менің ойымша, кейбір жағдайда бұл өткеннің сарқыншағы" деді Рубио.

Рубио өз сөзінде Қазақстанды да атап өтіп, оның бірнеше жыл бұрын дүниежүзілік сауда ұйымының тексерісінен өткенін алға тартты.

Түзетулер жойылса, осы шектеуден зардап шеккен Орталық Азия елдерінің кезігіп отырған қиындықтары едәуір жеңілдемек.

Джексон-Вэник түзетуі – бұл 1974 жылы АҚШ қабылдаған, көші-қонға кедергі келтірген немесе адам құқығын бұзатын елдермен сауда-саттықты шектеуге мүмкіндік беретін АҚШ-тың сауда туралы заңына енгізілген түзету. Аталған түзетуге қатысы бар елдер АҚШ-қа тауар тасымалдаған кезде өте жоғары баж салығын төлеп, импорт-экспорттық шектеулерге тап болуы мүмкін.

Осы шектеуге ұшыраған кейбір елдер Совет одағы құлағаннан кейін тізімнен шығарылған. 2000-2012 жылдары Қырғызстан, Грузия, Украина, Армения, Молдова және тіпті Ресейдің өзі де тізімнен шықты. Бірақ Орталық Азияның қалған елдеріне қатысты түзету күшінде қалған. Бұған дейін Қазақстан бұл шектеуді алып тастау жөнінде өтініш айтқан, алайда нәтиже болмаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG