АҚШ президенті Джо Байден өзінің қоштасу сөзінде азаматтарды елде олигархияның қалыптасуына жол бермеуге үндеді.
"Қазіргі кезде Америкада асқан байлық пен билік, ықпалдың олигархиясы қалыптасып жатыр, бұл елдегі демократияға, біздің негізгі құқықтарымыз бен еркіндігімізге қатер төндіріп тұр" деді Ақ үйдегі кабинетінен эфирге шыққан 82 жастағы Джо Байден.
Америкалықтарға "технологиялық өнеркәсіп кешенінің" ықпалын ескерткен АҚШ президентінің сөзі Reuters-тің жазуынша, 1961 жылы АҚШ-тағы "әскери-өнеркәсіп кешеннің" ықпалының артуы туралы мәлімдеген 34-ші президенті Дуайт Эйзенхауэрдің сөзімен үндеседі.
Байден АҚШ-тағы ірі технология компанияларының жетекшілерінің аттарын атамады. Бұған дейін Трамптың инаугурациясына Tesla және SpaceX негізін қалаушы, Трамптың сайлауалды компаниясына шамамен 250 млн доллар қаражат құйған және Трамптың ең ықпалды кеңесшілерінің бірі Илон Маск қатысатыны белгілі болған. Онымен бірге Amazon жетекшісі Джефф Безос, Facebook желісін шығарушы Марк Цукерберг те қатысады деп айтылады. Безос пен Цукерберг Трамптың инаугурация қорына бір-бір миллион доллардан қаражат құйған.
Қоштасу сөзінде ол сонымен бірге жалған ақпараттар мен қоғамдық пікірді бұрмалау талпыныстарының артуына да алаңдаушылық білдіріп, бұған технология компанияларының ықпалы артуы әсер етіп жатыр деді.
Цукерберг негізін қалаған, Facebook пен Instagram-ды иеленетін Meta компаниясы жуырда Facebook, Instagram және Threads-тегі қолданушылардың жазбаларын тексеру бағдарламасынан бас тартқан. Бұған дейін Байден Meta шешімін сынаған.
Байден сөзінің соңында америкалықтарды АҚШ-ты қорғауға үндеді. Дегенмен ол Американың демократиялық институттары елді гүлдендіретініне сенім білдірді.
"Біздегі билік бөлінісі жүйесі, тежеу және тепе-теңдік жүйесі ең үздік жетілген жүйе болмауы да мүмкін. Бірақ бұл 250 жыл бойы бізді демократиямен, мұндай батыл эксперимент жасап көрген кез келген елге қарағанда ұзағырақ қамтамасыз етті" деді Байден.
Дональд Трамп 20 қаңтарда АҚШ-тың 47-президенті қызметіне кіріседі.
ПІКІРЛЕР