Істі Алматы гарнизонының әскери соты қарап жатыр. Сотталушы – 42 жастағы әскери қызметші Айтжан Әубәкіров, оған билікті асыра пайдаланды деген айып тағылып отыр. 2024 жылдың ақпан айына дейін қылмыс "Кісі өлтіру" бабымен сараланды.
Ерлан Жағыпаров пен Әуез Қапсалановты қалай өлтірді?
Сот желтоқсанның ортасында басталды. Өткен отырыстарда айыптау актісін оқып, сот-медицина сарапшылары мен куәгерлерден жауап алды.
Сонымен қатар Ерлан Жағыпаровтың жақын досы Асқар Уәлиев сөз алып, оқиға болған күнгі жағдайды сипаттап берді.
Іс материалдарына сүйенсек, Алматыда Қаңтар оқиғасының ошағы болған Республика алаңында Жағыпаров әртүрлі уақытта болған, алдымен 15:01-ден 16:05-ке дейін болған. Содан кейін Асқар Уәлиевтің үйіне барған. Сағат 18:55 шамасында Республика алаңына жақын маңдағы Самал-2 ықшамауданындағы үйіне қарай шыққан.
Сол уақытта түсірілген бейнежазбада Ерланның қала орталығындағы жағдай туралы пікірі естіледі: "Алаңға қарай бара жатырмын, кім қай жақтан атып жатқаны түсініксіз, халық жоқ сияқты, не болып жатқаны түсініксіздеу. [Президент] резиденциясындағы (наразылық білдірушілер басып кірген ғимараттың бірі – ред.) көл жақта бірдеңе болып жатыр, бірақ адамдар көрінбейді".
Іс материалдарында Жағыпаровтың қаруы болмағаны көрсетілген.
Сағат 19:53-те Уәлиевке телефон соғып, ұсталғанын айтқан. Куәгердің сөзінше, телефонмен сөйлесіп жатқан кезде ар жақтан айғай-шу естілген. Жағыпаров әлдекімге: "Соқпаңдар, қазақпыз ғой" деген. Содан кейін байланыс үзілген.
Уәлиев қайыра телефон соғып, Ерланнан тұтқаны ұстаған жігіттерге беруді өтінген. Белгісіз ер адам Ұлттық ұланнан екенін айтқан. Аты-жөнін айтуды сұрағанда: "Бері кел, айтамын" деп, одан кейін балағат сөз айтқан. Байланыс тағы да үзілген.
Уәлиев досының телефонына сағат 20:32 кезінде тағы қоңырау шалған. Әлгі бейтаныс ер адам жауап берген. Ар жақтан Жағыпаровтың дауысы естілген, ол ауырсынып айғайлап жатқан.
Басқа біраз жайтты тағы бір куәгер, Қаңтар оқиғасы кезінде Ұлттық ұланда техник маман болып қызмет атқарған Арлан Сейсембаев айтты. Ол Жағыпаровпен таныс болған, 6 қаңтар күні танысының ұсталғанын білгеннен кейін телефон соғып, онымен байланысуға тырысқан. Бірнеше рет соққаннан кейін ғана жауап берген. Сейсембаевтың айтуынша, Жағыпаров біртүрлі, құмығып сөйлеген, содан кейін, шамасы, оның қолынан телефонды тартып алса керек. Куәгердің сөзінше, ертесіне оның жұмыс орнына қарсы барлау қызметкерлері келген.
"Мені басқа кабинетке алып барып: "Кеше Ерлан Жағыпаровқа телефон соққан сен бе? Оны танисың ба?" деп сұрады. "Иә, танимын" деп жауап бердім. "Ал сен оның террорист екенін білесің бе?" деді. "Олай болуы мүмкін емес" деп жауап бердім". Бұл – Арлан Сейсембаевтың сотта айтқаны.
Айыптау актісіне сәйкес, күш құрылымдарының қарулы қызметкерлері алаңға 2022 жылғы 6 қаңтарда кешкі алтылар шамасында келе бастаған.
- Бірінші болып ҰҚК "А" арнайы жасағының сарбаздары, ІІМ "Бүркіт" арнайы мақсаттағы жасағы мен Ұлттық ұланның 5572-бөлімінің әскери қызметшілері келген, олар "қызмет бабында ұстайтын қару-жарақпен" қаруланған (110 адам алты беренді техникамен жеткен).
- Сағат 19:40 кезінде Ұлттық ұланның 5571-әскери бөлімінің үш батальонының жеке құрамы (410 адам) бөлім командирі, полковник Бағдәулет Оспанбековтың басшылығымен, 14 КАМАЗ, екі БТР-80 және жеті УАЗ көлігімен жеткен. Олар АК-74 автоматымен қаруланған, әрқайсына 120 патрон берілген.
- Сонымен бірге 18404-әскери бөлімнің сарбаздары (200 адам) келген, АК, АКС атқыш қаруымен қаруланған сарбаздар 10 КАМАЗ көлігімен жеткен, оларға бөлім командирінің оқ атып жою жөніндегі орынбасары подполковник Абылай Шілдебаев басшылық еткен.
Бұл топтардың барлығына ҰҚК "А" арнайы мақсаттағы қызметі екінші орталығының бастығы, ұлттық қауіпсіздік полковнигі Қайырбек Төлешев басшылық еткен. Ол Оспанбековке алаңды Желтоқсан көшесі мен Алматы әкімдігі жағынан, ал Шілдебаевқа Назарбаев даңғылы жақтан айналдыра күзетуді жүктеген.
Шені подполковник, командирдің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары болған сотталушы Айтжан Әубәкіров 5571-әскери бөлімнің жедел мақсаттағы екінші батальонының тобына жетекшілік еткен. Оның сарбаздары "қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қорғауды қамтамасыз ету үшін" Республика алаңының солтүстік-батыс жағына орналасқан.
Айыптау актісінде сағат 19:30-дан 20:00-ға дейінгі аралықта алаңда "ҰҚК "А" арнайы мақсаттағы жасағының сот алдындағы тергеу кезінде жеке басы анықталмаған қызметкерлері" Ерлан Жағыпаров пен Әуез Қапсалановты ұстаған деп жазылған. Содан кейін оларды Ұлттық ұлан сарбаздарына берген.
Айыптау актісінде сағат 22:30 бен 00:30 аралығында "сот алдындағы тергеу кезінде жеке басы анықталмаған Ұлттық ұланның 5571-әскери бөлімінің қызметшілері, билік өкілі бола отырып, қызметін асыра пайдаланып, өз құқықтары мен өкілеттіктері аясына мүлде жатпайтын әрекеттер жасаған" деп айтылған.
Жағыпаров пен Қапсалановтың қолына кісен салып, қолмен, аяқпен және автоматтың дүмімен ұрған. 2022 жылдың ақпан айында жүргізілген сараптама олардың денесіне көптеген зақым келгенін тіркеген.
Сот процесінде сарапшы Әсем Мұхамедкәрім Жағыпаровтың бетінде автомат ұңғысындағы компенсатордың ізі қалғанын, кеудесі мен іші зақымданғанын, қолы бірнеше жерден сынғанын және жерге сүйрегеннен кейін қалған іздер болғанын айтты.
Екінші сот-медицина сарапшысы Ержан Қасымбеков сот кезінде: "Жәбірленушілердің бетіне, кеудесіне, аяқ-қолына зақымның бәрі көзі тірісінде келтірілген", – деп мәлімдеді.
Айыптау актісіне сәйкес, 6 қаңтар сағат 23:00 мен 7 қаңтар күнгі 00:30 аралығында Айтжан Әубәкіров командир Оспанбековтен ұсталғандарды босату туралы бұйрық алып, әскери қызметшілер Азамат Сағындықов пен Бекмұрат Іздеуге Жағыпаров пен Қапсалановты қоршаудың сыртына шығарып, қолындағы кісенін шешуді тапсырған.
Құжатта көрсетілгендей, капитан Сағындықов бұйрықты орындап, Қапсалановтың қолындағы кісенді шешіп, Жағыпаровтың білегіндегі кісенді шешпек болып, бір қолын босатқан. Осы кезде Жағыпаров, айыптау актісінде жазылғандай, әрі қарай ұрады деген қауіппен жұлқынып шығып, Қапсалановпен бірге Сәтбаев көшесінің бойымен батыс жақ бағытқа қарай жүгіріп кеткен.
Айыптау актісінде: "Подполковник А.Әубәкіров, билік өкілі бола тұрып, қашып бара жатқан Е.Жағыпаров пен Ә.Қапсалановты көріп, олар қашып бара жатыр деп ойлап, <...>, билігін асыра пайдаланған. <...>, А.Әубәкіров <...>, болып жатқан жағдайды объективті бағаламай, <...>, көпе-көрнеу өз құқығы мен өкілеттігі аясынан шығып, қызмет бабын асыра пайдалану мақсатында қылмыстық пиғылын іске асырып, қашып бара жатқан екеуін 10 метр жерден АК-74 қаруымен көздеп тұрып қасақана атқан", – деп жазылған.
"Денесінің әртүрлі бөлігін оқ тесіп өткен Е.Жағыпаров пен Ә.Қапсаланов алған жарақат салдарынан оқиға орнында жантәсілім еткен. <…> А.Әубәкіровтің құқыққа қайшы әрекеті Е.Жағыпаров пен Ә.Қапсалановтың өліміне апарып соқты", – деп жазылған құжатта.
Сотталушы оқиға туралы өз байламын айтты. Тараптардың сұрағына жауап берген Айтжан Әубәкіров әскери қызметшілердің бірі жәбірленушілердің қолындағы кісенді шешкен уақытта қалғандары атысқа бола қоршаудың сыртына кетіп қалғанын, содан кейін әскери адамдарға шабуыл жасалғанын айтумен болды.
"Шамамен бір, бір жарым сағаттан кейін бізге қарай "таран" келе жатты. Дәл сол кезде оң жағымыздан шабуыл жасалды, бізге қарай оқ атылып жатқанын көрдім де, сол жақты шамалап оқ аттым", – деді әскери қызметші.
Ол он рет ауаға оқ атып, содан кейін он рет жақындап келе жатқан сұлбаларға қарай аттым деумен болды. Атыс аяқталғаннан кейін Әубәкіров те, басқа әскери қызметшілер де қоршаудың сыртындағы оқиға орнын тексермеген.
Оның айтқаны куәгерлердің сөзіне қарама-қайшы. Жауап алу хаттамасы іс материалына тігілген, құпия куәгердің бірі сағат 00:30 шамасында әлдекімнің: "Ат, ат!" де айғайлағанын естігенін мәлімдеген. Содан кейін автоматтан бірнеше оқ атылған. Осыдан кейін куәгер жерде екі ер адамның жатқанын көрген: бірі етбетінен, екіншісі қырынан жатқан. Екеуінің де басы батыс жаққа, Желтоқсан көшесіне, ал арқасы қоршауға қарап тұрғанын көрсеткен.
Сол уақытта алаңда болған кинологиялық қызмет мамандары бөлімшесінің бастысы, кіші сержант Данияр Баранқұлов жауап беру кезінде 6 қаңтарда сағат 20:00-ден бастап 7 қаңтар таңғы сағат 4-ке дейінгі аралықта қоршауды бұзып өтпек болған таранды байқамағанын айтты.
Жағыпаров пен Қапсаланов ту сыртынан атылған оқтан мерт болғанын сот-медицина сарапшылары да көрсетті. Әсем Мұхамедкәрім Жағыпаровқа оқ денесі сәл еңкейген күйде, яғни қашып бара жатқан адамға тән күйде тиген деп мәлімдеді.
"Біз эксперимент жасап көрдік, егер денесі тік тұрғанда мұндай жарақат болмас еді, демек осындай жарақат алуға еңкейіңкіреп тұрғаны ықпал еткен", – деп қорытты сарапшы.
Жағыпаровтың денесінен барлығы 8 оқтың ізі табылды, іште қалып қойған үшеуі оқтың қандай қарудан атылғанын анықтауға септесті.
Әуез Қапсалановқа 4 оқ тиіп, 3-еуі жанап өткен.
Іс материалдарына сәйкес, 2022 жылғы 7 қаңтарда таңертең әскери қызметшілер мерт болғандарды алаңның басқа жағына апарған, күндіз қантөгіс орнындағы мәйіттің барлығын құтқарушылар алып кеткен.
Әуез Қапсаланов туралы не білеміз?
35 жасында оққа ұшып мерт болған Әуез Қапсаланов отбасындағы жеті баланың екіншісі. Алматы облысының Байсерке ауылындағы пластик шығаратын зауытта жұмыс істеген, сол маңдағы саяжайда тұрған. Жақындары Әуез үйленемін деп тойына ақша жинап жүрген еді дейді.
Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыдағы алаңға Әуездің қалай барғаны белгісіз. Үйдегілердің айтуынша, Қапсаланов 2022 жылғы 5 қаңтарда жұмысқа кеткен. Сол кеткеннен оралмаған. Төрт күннен кейін, 10 қаңтарда туыстары өлген жігітті мәйітханадан тапқан.
"Орталық мәйітханаға кіргізді, ішінен қарап шықтым, онда болмады. Бір жерде жараланып жатыр ма екен деген ой келді. Қалқамандағы ауруханаға бардым. Қалқаманға барып едім, кеше түннен бері жаралысы бар, бәрін алып кетті, қайда алып кеткенін білмейміз деді (Күш құрылымдарының өкілдері науқастарды аурухана палатасынан күштеп алып кетті. Жаралыларға медициналық көмек көрсетілген жоқ. Көпшілігі одан кейін бірнеше күнге созылған азаптауға ұшырады, оларды тергеу изоляторы мен басқа да жерлерде ұрып-соққан – ред.). Күндіз ортаншы ұлым звондап: "Бауырымды таптым" деді. Қайдан тапқанын сұрап едім, орталық мәйітханадан деді. "Бағана жоқ еді ғой" деп едім, кейін келгендер ішінен табылыпты", – деді марқұмның әкесі Аватхан Қапсаланов.
Айтуына қарағанда, мәйітті жуындырған кезде Аватхан Қапсаланов шыдай алмай сыртқа шығып кеткен, ұлының денесінің сау-тамтығы қалмапты.
"Кісі қолынан қаза тапқаны жанға батады. Итті атып тастаса да, заң алдында жауап береді ғой. Ал олар адам атып тұр ғой. Ешкім келген жоқ, жағдайымызды сұраған жоқ. Ешкім кешірім сұраған жоқ. Ешкімді көрген жоқпын, әйтпесе күнде үйдемін", – деді марқұмның анасы Айгүл Қапсаланова.
Аватхан Қапсаланов ұлының өліміне қатысты сотқа жәбірленуші ретінде жалғыз қатысып жатыр, адвокат жалдауға отбасының ақшасы жоқ. Әзірге Аватхан Қапсаланов бірде-бір рет жәбірленуші ретінде тараптарға сұрақ қою құқығын пайдаланған жоқ.
Ерлан Жағыпаров туралы не білеміз?
Ерлан Жағыпаровтың жасы 49-да еді. Жақындары оны "петроглифтер жоқшысы" деп атайтын. Мамандығы археолог Жағыпаров Қазақстандағы тасқа басылған жазуларды сақтау жолында күресіп, тарихи ескерткішті қорғаумен айналысқан.
Ерлан отбасының үлкені болатын. Інісі Нұрлан мен қарындасы Айгерім шетелде тұрады. Анасы Бақытжан Жағыпарованың айтуынша, Ерланның да шетелге кететін мүмкіндігі болған, бірақ ол туған жерінің тарихи ескерткіштерін зерттеуге ден қойыпты.
2022 жылғы 7 қаңтарда таңертең Жағыпаровтың отбасы мен достары оны барлық полиция бөлімшесі мен қаланың ауруханаларынан іздеп табал алмаған.
"1414 желісіне (Қазақстандағы мемлекеттік қызмет көрсететін бірыңғай байланыс орталығы – ред.) екі-үш сағат сайын қоңырау шалдым. "Хабар жоқ" деумен болды", – деді Ерланның анасы Бақытжан Жағыпарова.
Үй-іші Ерланды мәйітханадан тапты. Қаза тапқан жігіт бір қолы кісенделген күйі жатыр екен.
"Аты-жөні жазылмапты, "белгісіз азиат" деп көрсетіліпті. Құжаттары қалтасында болған, Ерлан Жағыпаров деп жазып қоюға болар еді. Тілдей қағазы болды. Әлі күнге дейін сақтап жүрмін. Құжат бойынша ол мәйітханадағы өлгендер тізімінде болған жоқ. 11 қаңтарда үйге алып келдік. 1414-ке телефон соғуды доғардым. 14 қаңтар күні ме, өздері хабарласып, "Ұлыңызды таптыңыз ба?" деп сұрады. Жерлеп қойғанымызды айттым", – деді Бақытжан Жағыпарова.
Ерланның сүйегін жуған інісі Нұрлан Жағыпаров ағасының денесінде көптеген жарақат ізі барын көрген. 13 қаңтар күні Лондоннан Алматыға ұшып келген. Содан бері өткен үш жыл ішінде Нұрлан ауық-ауық Қазақстанға келіп, тергеу барысын бақылаумен болған. Ол тергеу ұзаққа созылды деп санайды. Әйтсе де, желтоқсан айында басталған сотты "әділдікке қарай жасалған алғашқы қадам" деп есептейді.
"Әділ жазасын алады деп сенеміз", – деді марқұмның інісі.
Нұрлан Жағыпаров ауыр бап бойынша тағылған айыптаудың мейлінше жеңілдетілуіне және сотталушының қазір емін-еркін бостандықта жүруіне наразы.
"Жаңа ғана қабылдау бөлімінде кездесіп қалдым. Екі адамды өлтірді деген айып тағылып отырған адамның бұлай жүруі дұрыс емес деп ойлаймын", – деп мәлімдеді ол.
Сот отырысының бірінде Нұрлан Жағыпаровтың адвокаты сотталушыға белгіленген бұлтартпау шарасын қамауға алу түріне ауыстыруды сұрап өтініш берген. Қорғанушы тарап бұған қарсы болып, өткен үш жыл ішінде Әубәкіровтің тергеуден қашпағанын алға тартты.
Сот жәбірленуші тараптың өтінішін қанағаттандырмады.
Іс бойынша келесі сот отырысы 16 қаңтарға белгіленген.