Табысты өмірдің кілтін шетелден іздеген көптеген африкалық сияқты Деррик Нгамана да өзге мемлекеттегі, нақтырақ Ресейдегі жоғарғы оқу орнына түскісі келген. Бірақ оқуға ақшасы жетпей, өткен күзде Ресей әскерінен бір-ақ шыққан.
Ресей әскеріне жалдану туралы шешім қабылданғаннан санаулы ай өткенде ағасы Диогенге орыс тілінде «Сәлеметсіз бе, Деррик өлді» деген хабарлама келген.
– Деррик майданда өлді дегенге сенген жоқпын. Қайғыдан қан жұттым… Мен ғана емес, бүкіл отбасым қара жамылды, – деді Диоген Орталық Африка Республикасының астанасы Бангиде Азаттыққа берген сұхбатында. Ол 32 жастағы марқұм інісінің артында 2 баласы қалғанын айтты.
Деррик Нгамана – Ресей президенті Владимир Путин 2022 жылы ақпанда Украина жеріне басып кіргелі Мәскеудің атынан соғысқа жазылған мыңдаған шетелдік жауынгердің бірі ғана. Киевтің айтуынша, сырттан тартылған жауынгерлер қатарында Солтүстік Корея азаматтары да бар, олар тұтқынға түскеннен кейін "пайдалы" барлау деректерін бөліскен.
Ресей Украинаға қарсы соғыста жүздеген мың адамынан айырылды. Сондықтан Мәскеу әскери күшін Африка азаматтары есебінен де ұлғайтып жатыр. Кремльдің Африка құрлығындағы ықпалын күшейтуге мемлекет қолдауымен жұмыс істеген ресейлік "Вагнер" жалдамалы әскері әсер етті.
Африканың кей азаматтарын депортациямен қорқытып, соғысқа алып кеткен. Кейбірін Ресейде түрмеде отырған жерінен үгіттеген. Арасында ақшадан қысылып, әскер қатарына қосылғандар да бар.
Нгамананың отбасы Банги мен Мәскеудегі бюрократиялық кедергілер кесірінен марқұмның мәйітін туған жеріне қайтара алмай отыр.
– Не істерімізді білмей отырмыз, – деді Диоген.
Отбасы бір жағынан балаларын асыраудың қамымен жанталасып жүр.
– Құдайдың мейірімімен балаларымыз аш қалмас деп ойлаймын, – деді Диоген.
КУРСКІДЕ ҚАЗА ТАПҚАН
Ресей үшін соғыста қанша африкалық қаза тапқаны жайлы ресми дерек жоқ. Украин әскері былтыр Ресейдің Африка құрлығында Кремльге "тірі қалқан" болатын жауынгер іздеп, көбіне Руанда, Бурунди, Конго мен Уганда азаматтарын соғысқа тарту науқанын күшейткенін айтады.
Киевтің дерегінше, жалдамалы жауынгерлерді 2 мың доллар сыйақы мен 2200 доллар айлық жалақы береміз, медициналық сақтандыру болады, өзі мен отбасына Ресей азаматтығын табыстаймыз деп қызықтырған.
Азаттық тәуелсіз зерттеу жүргізіп, Деррик Нгамананың бұрын "Вагнер" әскери тобының жаттығуынан өткен Орталық Африканың қарулы күштері (FACA) қатарында капрал қызметінде істегенін анықтады. Нгамананы соғысқа тартуға "Вагнер" тобының қатысы бар-жоғы белгісіз.
Диоген інісі Ресейге қыркүйекте Мәскеудің атынан соғысуға келіскеннен кейін кеткенін айтады. Деррик ағасына балаларын елден алып кетіп, оларға жарқын болашақ сыйлағысы келетінін айтқан.
– Қарашаның 26-сы еді, – дейді Диоген өзіне орыс тілінде хабарлама келген күнді еске алып. Мәтінді түсінбей, хабарламаны отбасылық досы Лоик Оуангапоуға жіберген. Лоик Орталық Африка Республикасының Мәскеудегі елшілігінде дипломат болып істейді. Диогеннің айтуынша, екі аптадан кейін Дерриктің қаза тапқанын растауға да осы досы көмектескен.
– Ол маған қоңырау шалып, хабарламада "Сәлеметсіз бе, Деррик өлді" деп жазылғанын айтты, – дейді Диоген.
Оуангапоу марқұмның отбасына Дерриктің қазасына байланысты ары қарайғы процедураға қажетті құжаттарды жіберген. Бірақ қағаздардың бәрі орыс тілінде болған.
– "Бір сөзін түсінбедік" дедім. Бізге құжаттарды аударып, түсіндіруі керек еді. Бірақ ол ашуланып, қағаздарды тастап, кетіп қалды, – дейді Диоген.
Азаттық танысқан құжаттарда Нгамананың 15 қарашада Ресейдің Курс аймағындағы Новоивановка ауылында қаза тапқаны жазылған. Украина әскері былтыр тамызда Ресейдің осы облысына басып кіріп, біршама бөлігін өз бақылауына алған.
Құжаттарға қарағанда, Нгамана Ресейдің Тынық мұхит флотына қарайтын 155-ші теңіз-құрлық әскері бригадасының №30926 әскери бөлімінде болған. Украинаға қарсы соғыста аталған бригада көп шығынға ұшырады.
Әскери бөлім басшылығымен таныс ақпарат көзі Азаттыққа Нгамананың Курс өңірінде қаза тапқанын растады. Ақпарат көзі "Ресей жағында соғысып жатқан африкалық азаматтар көп пе?" деген сұраққа "Нақты санын білмеймін, бірақ жетерлік" деп жауап берді.
Нгамана отбасының қолындағы құжаттардың арасында жауынгердің қазасына байланысты Ресей үкіметінен оның жақындарына өтемақы төлеу туралы өтініш те бар.
"ОРТАЛЫҚ АФРИКА АЗАМАТЫ БОЛЫП ҚАЛА БЕРЕДІ"
Диоген Бангуидегі Ресей елшілігіне хабарласқанын, олар Орталық Африка Республикасының Ресейдегі елшілігіне сілтегенін айтады. Орталық Африка Республикасының елшілігі Ресей қорғаныс министрлігіне шығу үшін отбасы өз атынан өкілдік етуге рұқсат беруі керегін айтқан.
– Содан бері олардан хабар жоқ, – дейді Диоген.
Диоген қосымша ақпарат алу үшін Орталық Африка Республикасының бас штабына хабарласқан. Олар Деррик қарулы күштер қатарынан шығып кеткендіктен, көмектесе алмайтынын айтқан.
Орталық Африка Республикасы үкіметінің баспасөз хатшысы Максим Балалу 30 желтоқсандағы мәлімдемесінде Деррик Нгамананы өз басын қатерге тіккен "авантюрист" деп атады.
– Мемлекеттің бұған не қатысы бар? – деді ол Бангиде өткен баспасөз конференциясында.
Диоген үкімет бұл жағдайға бейжай қарап отыр деп алаңдайды.
– Ол қайткен күнде де Орталық Африка азаматы ғой, елден өз еркімен кетсе де орталық-африкалық болып қала береді, – дейді Диоген.
Нгамана отбасының Орталық Африка Республикасының Мәскеудегі елшілігінде істейтін досы Оуангапоу 14 желтоқсанда Facebook желісінде түсіндірме жариялап, Деррик 2023 жылы өзі хабарласып, Ресейде университетке оқуға түсуге көмектесуін сұрағанын, бірақ оқу ақысына жеткілікті ақшасы болмағанын жазды.
Оуангапоудың сөзінше, 2024 жылы шілдеде Нгамана Ресейге барудың басқа жолын тапқанын, турист болып келетінін айтқан.
– Деррик өз еркімен Ресей әскерінің қатарына қосылып, осы жолмен жүремін деп шешті. Бұл – оның өз шешімі, – деп жазды ол.
Дипломат та, Орталық Африка Республикасының Мәскеудегі, Ресейдің Бангидегі елшілігі де Азаттықтың осы оқиғаға қатысты пікір беруді сұраған хатына жауап бермеді.
Бұл материалды дайындауға Азаттықтың "Система" зерттеу тобының қызметкері Данил Беловодьев атсалысты.
ПІКІРЛЕР