АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трамп Гренландияны қосып аламыз деп қызу талқы тудырды. Бұл жолы ол Данияның Арктикадағы аралын әскери жолмен тартып алу ықтималдығын жоққа шығармады. Вашингтон бұл арал АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі үшін қажет деп санайды.
АҚШ-тың Гренландияны құрамына қосып алуға деген талпынысы жүздеген жыл бұрын басталған. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Даниядан бұл аралды 100 млн долларға сатуды сұраған. Ақшаны алтынмен беруді ұсынған.
Кейінгі жылдары климаты суық бұл аралды АҚШ құрамына қосу мәселесі қайтадан күн тәртібіне оралды. Оған Ресей мен Қытайдың Арктикадағы әскери және коммерциялық белсенділігі күшейгені түрткі болды. Бұл екі ел Арктикада бірлескен әскери жаттығу өткізіп, гипердыбысты жаңа зымырандарын сынаған.
– Қытаймен ғаламдық бәсеке және соғыс жүргізудегі жаңа технологиялық революцияға қарай Гренландияның маңызы артып келеді. Гренландия зымыранға қарсы қорғаныс, ғарыш, кеме қатынасы мен теңіз жолдарының рөлін күшейткен ғаламдық бәсеке жағынан да маңызды, – дейді АҚШ қорғаныс министрлігінің Арктика стратегиясы бойынша бұрынғы кеңесшісі, Уилсон орталығының полярлық инстиутында директор қызметін атқаратын Ребекка Пинкус.
ҚОРҒАНЫС САЛАСЫНЫҢ ӘЛЖУАЗ ТҰСЫ
Дания патшалығының автономды территориясы – Гренландия физикалық тұрғыдан АҚШ-қа жақын. АҚШ-тың Мэн штаты мен Арктикадағы арал арасы небәрі 1900 шақырым.
Данияның территориясы болғандықтан, Гренландия НАТО-ның бөлігі саналады. Бірақ Гренландия Копенгагеннен тәуелсіздік алғысы келеді. Кей сарапшылар бұл Ресей мен Қытайдың Арктикада бекінуіне жол ашуы мүмкін деп қауіптенеді.
АҚШ-тың Гренландияда зымыранға қарсы қорғаныс жүйесі мен ғарышты бақылауға арналған базасы бар. Бірақ аралды толықтай өз қолына алу Вашингтонға өңірден туатын теңіз, әуе және ғарыш қаупінен жақсырақ қорғануға мүмкіндік берер еді.
Арктикада АҚШ-қа қарағанда Ресейдің әскери құрылымы көбірек. Мәскеу Украинадағы соғысқа қарамастан, Арктикадағы қорғаныс мүмкіндігіне қомақты қаржы құюды жалғастырып жатыр.
Бұрын АҚШ-тың Солтүстіктегі әскери бөлімін басқарған отставкадағы генерал Терренс Дж. О’Шонесси 2020 жылы ақпанда Сенатта өткен жиында "Ресей АҚШ-қа шабуыл жасағысы келсе, Арктика арқылы шабуылдайды. Арктика бұрынғыдай қамал қабырға емес, ал мұхит қорған болар жыра емес. Енді бұл – бізге жақындатар жол" деген.
Азаттыққа үкімет атынан емес, тәуелсіз сарапшы ретінде сұхбат берген АҚШ әскери-теңіз колледжінің профессоры Джахара Матисек Американың Арктикадағы әскери инфрақұрылымы құлдырап, қорғаныс саласының ең әлжуаз тұсына айналды дейді.
– Мықты ғарыш державасына айналып, ғарыш қаруының шабуыл-қорғаныс жүйесі және барлау мен бақылаудың басқа да түрлері тұрғысынан қуатыңызды күшейткіңіз келсе, сізге Оңтүстік поляр шеңберін айтпағанның өзінде, спутниктермен үздіксіз байланыста болып, қадағалап отыру үшін Поляр шеңберінің ар жағынан инфрақұрылым керек, – дейді ол.
ҚЫТАЙ МҮДДЕСІ
Қытай Арктикаға жақын ел болмағанымен, осы аймақта ірі ойыншыға айналғысы келеді. Кейінгі жылдары Пекин Гренландиядан порттар, инфрақұрылымдар мен пайдалы қазба өндіру құқығын сатып алуға әрекет жасады, бірақ бұл талпынысы нәтижесіз аяқталды.
Матисектің пікірінше, АҚШ Қытайдың бұл жобалардағы түпкі мүдддесі Поляр шеңберінің ар жағына америкалық әскери спутниктерді бақылап, Вашингтонның өңірдегі ғарыш операциялары жайлы барлау деректерін жинау үшін қос мақсатта пайдаланылатын датчиктер мен радарлар орнату деп күдіктенеді.
– Қытай "жою тізбегімізді" бұза алса, бізге нысандарды атып құлату қиын болады. Нысананы көздеп, анықтап, шабуылдай алмай қаламыз. Сол себепті Гренландияның маңызы зор, – дейді ол.
Пинкус АҚШ-қа Арктикада көбірек барлау-бақылау қызметтері керек дейді.
– Бұл – ең үлкен кемшін тұсымыз, осыны жабуымыз керек. Сондықтан бізге ғарыштан бастап теңіз түбіне дейін көбірек датчик керек. Деректерді біріктіру мүмкіндігі қажет. Шешім қабылдайтын адамдарға пайдалы болуы үшін датчиктер мен бақылаудан түскен деректердің бәрін бір жерге жинау керек, – дейді ол.
Пинкус Ресей мен Қытайдың Арктикада бірлескен оқу-жаттығу жүргізуінің мәні бар деп есептейді.
– Олардың Арктикаға мән беріп отырғаны тегін емес. Өйткені АҚШ Арктикадағы су бетін әлсіз қамтыған, – дейді ол Американың екі ғана мұзжарғыш кемесі, ал Қытай мен Ресейдің төрт және ондаған кемесі барын меңзеп.
СОЛТҮСТІК ӨТКЕЛ
Температура көтерілген сайын Арктикадағы мұз еріп, Еуропа мен Азия арасында Гренландия мен Канада сулары арқылы қатынайтын әскери кемелерге жол ашылды.
– Қытайдың сауда кемелері Солтүстік бағыт бойынша кеме қатынасын кеңейтеді, өйткені бұл – олар үшін қысқа жол. Бұл жолды қытайлық әскери кемелер де пайдаланады, – дейді отставкадағы генерал-лейтенант, бұрын АҚШ-тың Еуропадағы қарулы күштерін басқарған Бен Ходжес.
Арктикадан Атлант мұхитына баратын әскери кемелер Гренландия, Исландия мен Шотландия арасындағы GIUK өткелін (Гренландия, Исландия, Ұлыбритания елдерінің атауынан құралған) кесіп өтуі керек. Ходжестің айтуынша, қырғи-қабақ соғыс кезінде НАТО күштері Совет Одағының осы өткел арқылы Солтүстік Атлант мұхитына баратын суасты кемелерін бақылап отырған.
Мұздың еруі Гренландияның мол қазба байлығын игеруді жеңілдетеді. Олардың қатарында жоғары технологиялық тауарлар, электромобильдер мен жел турбиналарын өндіруге қажетті металдар бар.
Қытай аталған металл нарығының көбінде басымдыққа ие. Металл өндіру, тазарту мен қайта өңдеуден де алдына жан салмайды. Сондықтан Пекин де Гренландияның табиғи байлығын игеруге қызығушылық білдіріп отыр.
Гренландияның тәуелсіздік жайлы арманын жүзеге асыру үшін осы табиғи байлықты ақшаға айналдыру керек. Арал әлі күнге дейін Данияның субсидиясына тәуелді.
– Гренландия сияқты еліңіз болса, инвестицияға ақша керек. Қытай мен Ресей бұл мақсатқа ақшаны аямайды, – дейді АҚШ Қарулы күштерінің төрт жұлдыз иеленген, отставкадағы генералы, 2013-2016 жылдары Американың Еуропадағы әскерін басқарып, НАТО-ның бас қолбасшысы болған Филлип М. Бридлав The Cipher Brief басылымына берген сұхбатында.
– Гренландияның Батысшыл болуын қадағалау аса маңызды, – дейді ол. Генерал мұны аралды толықтай иеленбей-ақ жасауға болады деп есептейді.
Матисектің пікірінше, Трамп жай ғана Солтүстік Американың қорғанысындағы рөлі үшін АҚШ-ты Гренландияға салмақты қарауға итермелегісі келіп жатқан болуы мүмкін.
– Бұл сондай-ақ қытайлар мен орыстардың Арктикада ізі қалмайды дегенге көз жеткізуге тырысу, – дейді ол.
ПІКІРЛЕР