Accessibility links

Қостанай облысында өрттен қаза болған бес баланың анасына үкім оқылды. Жазаны өтеу шегерілді


Қостанай облысының картасы.
Қостанай облысының картасы.

Қостанай облысының Жітіқара аудандық сотында өрттен қаза болған бес баланың анасына үкім оқылды. Бұл жөнінде соттың баспасөз қызметі телеграм-арнасында хабарлады.

Іс материалдарына қарағанда, сотталушы әйел балаларын үйде қараусыз қалдырып, үлкен ұлына "үйдің іші суық болса, пешке от сал" деп айтып кеткен.

"Ұл бала пеште отын, көмір және тұрмыстық қоқыс жаққан, сондай-ақ белгісіз сұйықтығы бар пластик бөтелкені отқа салған. Салдарынан пештегі от лапылдап жанып, өртке айналған. Өрт салдарынан бес бала қаза болды" деп жазылған сот хабарламасында.

Соттың хабарлауынша, сотталушы кінәсін мойындап, өзін түрмеге жібермеуді өтінген.

Прокурор сотталушыға 5 жылға шартты түрде бостандығынан айыру жазасын беруді сұраған. Әйелдің алтыншы баласы аман қалған. Жәбірленушінің өкілі (аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі) осыны алға тартып, сотталушыны бостандығынан айырмауды, басқа жаза тағайындауды сұраған.

Сот әйелді 5 жылға бостандығынан айырды, кішкентай баласы болуына байланысты жазаны өтеу кейінге шегерілді.

2024 жылы 11 қазанда Қазақстан төтенше жағдай министрлігі Қостанай облысы Жітіқара ауданында жеке аула аумағындағы өрттен бес бала өлі күйде табылғанын хабарлаған. Өрттің салдарынан үйдің төбесі құлаған. Құтқарушылар оқиға орнына келген кезде үй лаулап жанып жатқан деп айтылады. 1,5 сағаттан кейін өрттің оқшауланғаны хабарланып, ізінше толық сөндірілгені белгілі болды.

Апат кезінде үйде ересектердің қарауынсыз 2011, 2016, 2018, 2019, 2022, 2023 жылы туған кәмелетке толмаған балалар болған. Балалардың үлкені 2011 жылғы бала өрттен аман қалған.

XS
SM
MD
LG