Қонаев соты кәсіпкер Мұратхан Тоқмадидің түрмеден ерте босап шығу туралы өтінішін қараусыз қалдырды. Бұл жөнінде "Власть" басылымы жазды.
Мұратхан Тоқмади – БТА банк басшысы Ержан Тәтішевті Мұхтар Әблязовтің тапсырмасымен өлтірді деп айыпталып, көп жылға сотталған кәсіпкер.
Басылымның жазуынша, Мұратхан Тоқмади жазасын өтеп отырған мекеменің өкілі сотталушы сот отырысына қатысудан бас тартып, өзінің өтінішін қараусыз қалдыруды өтінгенін айтқан. Мұны Тоқмадидің адвокаты Нариман Кервенов те растаған. Оның сөзінше, қорғау жағы бас прокуратурадан жауап алмаған және Тоқмади ерте босап шығу туралы өтінішті қайта түсіруді жоспарлап отыр.
Былтыр шілдеде Қонаев соты Тоқмадидің ерте босап шығу туралы өтінішін орындаған, алайда жәбірленуші жақ оған қарсы шағым түсіріп түсіріп, қыркүйек айында сот Тоқмадиді ерте босату туралы шешімнің күшін жойған.
БТА банктің басшысы Ержан Тәтішев 2004 жылы аңшылықта жүргенде оқ тиіп өлген. Сол кезде мұны сот "жазатайым оқиға" деп танып, банкирдің жанында бірге болған кәсіпкер Мұратхан Тоқмадиді бір жылға соттаған. Бірақ 2017 жылы іс қайта қаралып, Мұратхан Тоқмади "Тәтішевті "ТұранӘлем" банкін иеленуді көздеген Мұхтар Әблязовтің тапсырысымен өлтірдім" деген. Сот оны 2018 жылы он жарым жылға соттаған. Қазақстан соты Әблязовті "банк активтерін иемденгені үшін" сырттай өмірлік түрме жазасына кескен. Бұрынғы банкир, оппозиционер Мұхтар Әблязов Ержан Тәтішевтың өліміне қатысы жоғын, Мұратхан Тоқмадиді танымайтынын айтқан.
2022 жылы наурызда Мұратхан Тоқмади Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, істі қайта қарауды сұраған. Хатта Тоқмади қамауда отырған кезде өзін азаптағаннан кейін тағылған айыпты "мойындауға" мәжбүр болғанын айтқан. Тоқмадидің азаптау туралы шағымы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталған. Ізінше "азаптау" шағымы бойынша қылмыстық іс "қылмыс құрамы болмағандықтан" тоқтатылғаны белгілі болды.
ПІКІРЛЕР