Accessibility links

Ақтөбеде кепілден құтқарылғаннан кейін қаза болған ерлі-зайыпты жерленді


Полицияның арнайы операциясы нәтижесінде кепілден босатылғаннан кейін қайтыс болған ерлі-зайыпты зейнеткерлердің жаназасы кезінде үй маңында тұрған көліктер. Ақтөбе, 16 қаңтар, 2025 жыл.
Полицияның арнайы операциясы нәтижесінде кепілден босатылғаннан кейін қайтыс болған ерлі-зайыпты зейнеткерлердің жаназасы кезінде үй маңында тұрған көліктер. Ақтөбе, 16 қаңтар, 2025 жыл.

16 қаңтарда таңертең Ақтөбенің жұрт "Мәскеу" деп атап кеткен ауданындағы жеке үйлердің бірінде 74 жастағы отағасы Ә. мен оның 66 жастағы зайыбы Ш. марқұмдардың жаназасы оқылды. Оларды ақтық сапарға шығарып салуға адам көп жиналды. Үйдің маңында полиция мен медициналық жедел жәрдем көліктері тұрды.

Ерлі-зайыпты екеуі өздері тұрған осы үйде 13 қаңтарда кепілге алынып, полицияның арнайы операциясы нәтижесінде құтқарылғаннан кейін, көп ұзамай қайтыс болған еді. Ресми ақпаратта Ш. ауруханаға апара жатқан кезде, Ә. ауруханаға түскеннен кейін көз жұмған деп жазылған.

Ағайын-туғандары марқұмдарды қала шетіндегі зиратқа жерледі.

Олармен бірге кепілде болған 40 жастағы әйел қазір ауруханада жатыр. Бұған дейін дәрігерлер оның денесіне бірнеше жерден зақым келгенін айтқан еді. Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, науқастың беті бері қарап келеді. Қатты қорқып қалған онымен аурухана психологтары жұмыс істеп жатыр.

Ол жатқан палатаны полиция күзетіп тұр. Медицина қызметкерлерінен өзге адамдарға палатаға кіруге тыйым салынған.

Қайтыс болған егде жастағы адамдар – осы әйелдің анасы мен өгей әкесі. Екеуінің қайтыс болғанын ол әзір білмейді.

Бұл отбасын танитындардың айтуынша, көлденең қазаға ұшыраған екі адам осыдан жеті жыл бұрын қосылып, ерлі-зайыпты ретінде тұрып жатқан.

Ақтөбедегі жеке үйлердің бірінде белгісіз ер адам үш кісіні кепілге алғаны туралы суыт хабар полицияға 13 қаңтарда кешкі сағат сегіздің шамасында түскен.

Оқиға орнына жедел жеткен полиция күдіктімен бірнеше сағат келіссөз жүргізіп, одан еш нәтиже шықпаған соң, арнаулы жасақ операция бастау туралы шешім қабылдап, ақырында кепілдегі адамдарды босатқанын, пышақталып, жараланған егде жастағы ерлі-зайыпты үйдің жертөлесінен табылғанын сейсенбіге қараған түні облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлаған.

Арада бірер сағат өткенде әлгі үш адамның екеуі қайтыс болды деген ақпарат тарады. Полиция дерегінше, егде жастағы әйел ауруханаға апара жатқан жолда көз жұмған. Ал оның жұбайы ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер оны аман алып қалу үшін 30-40 минуттай күрескен, бірақ науқас қайтыс болған.

Олармен бірге кепілден құтқарылған 40 жастағы әйелдің миы шайқалғанын, бетінде, денесінде жарақат барын, ол аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылғанын дәрігерлер хабарлады. Бір күннен кейін оны реанимациядан палатаға ауыстырған.

– Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деді Ақтөбе облыстық полиция департаментінің басшысы Абай Жүсіпов.

Кейін белгілі болғандай, күдіктінің үстінен "кісі өлтіру" және "кепілге адам алу" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу орындары сотқа күдіктіні тергеу кезеңінде қамауда ұстау туралы өтініш бермек.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG