Оңтүстік Корея президенттігінен уақытша шеттетілген Юн Сок Ёлға тергеу орындары бүлік бастамақ болған деген айып тақты, былтыр оның елде әскери режим енгізу туралы шешімінің күшін парламент жойған еді. Бұл туралы Yonhap агенттігі хабарлады.
Осылайша Юн Сок Ёл ел тарихында қызметте отырғанда тұтқынға алынып, ресми түрде қылмыстық айып тағылған алғашқы президентке айналды. Юн тұтқындалмай тұрып парламент оған импичмент жариялап, президент өкілетін атқарудан шеттетілген. Алайда оның өкілетін қайта қалпына келтіруге Конституциялық соттың құзыреті жетеді.
Юн Сок Ёл 15 қаңтарда ұсталды, ал 19 қаңтар, жексенбі күні Сеулдің округтік соты оны қамауға алуға санкция берді. Yonhap агенттігінің хабарлауынша, оны сотқа дейінгі қамау мерзімі дүйсенбі күні аяқталғанға дейін оған не ресми айып тағылуы, болмаса оны босату керек болатын. Биліктен қуылған президенттің қорғаушылары прокурорлардың оған айып тағу туралы шешімін сынап, мұны «ең нашар таңдау» деп атады. Ал оппозиция ол шешімді құптады.
2024 жылғы 3 желтоқсанда Юн парламенттік оппозициямен ұзаққа созылған тәжікеден кейін Оңтүстік Корея аумағында әскери режим тәртібі енгізілгенін жариялады. Оған сәйкес, елде саяси партияларға, наразылық акцияларына, ереуілдерге тыйым салынды, президент жарлығы парламент жұмысына тоқтау салып, цензура мен дала соттары енгізілді.
Юн президент жарлығының күшін жоюға жол бермеу үшін бір мезгілде әскерге парламент мүшелерін тұтқындауға бұйрық берген деген күдікке ілінді. Әскери адамдар парламентті басып алуға әрекет жасап тұрған кезде депутаттар елде әскери жағдай енгізу туралы жарлықтың күшін жоюды қолдап дауыс беріп үлгерді. Парламент президент жарлығының күшін жоятын шешім қабылдағаннан кейін әскер казармаға оралды. Осыдан соң депутаттар Юн Сок Ёлға импичмент жариялау мәселесін дауысқа салып, бір рет қажет дауыс жинай алмай, екінші рет талпынғанда ғана қабылдады.
Биліктен шеттетілген президент 15 қаңтарда ұсталды. Оның жақтастары жаппай наразылық білдірді.