Украина әскерінің хабарлауынша, 1 ақпанда кешке Ресей әскері Курск облысы Суджа қаласындағы мектеп-интернатқа соққы жасаған. Ресей қорғаныс министрлігі соққыға украин күштерін кінәлады.
Мектеп-интернатқа соққы жасалғаны жөнінде ақпаратты Суджадағы украиналық комендатурада істейтін қызметкер хабарлады, кейін ақпаратты Украинаның қарулы күштері де таратты. Ақпаратқа қарағанда, ғимаратқа соққы жасалған сәтте ішінде бейбіт азаматтар болған. Украина күштері Ресей әскерін ғимаратқа қасақана түрде соққы жасады деп айыптады.
Сенбі күні кешке Украинаның қарулы күштері Суджаға соққыдан кемінде төрт адам қаза болғанын, жарақаттанған төрт адамның жағдайы ауыр екенін, зардап шеккен тағы 84 адамның жағдайы қалыпты екенін хабарлады. Іздеу-құтқару жұмысы жалғасып жатыр.
Украиналық комендатураның өкілі ғимаратта 95 адам болғанын, басым бөлігі қарттар мен мүгедектер екенін, көбі үйінді астында қалғанын хабарлаған.
Украина қарулы күштері ғимаратта ондаған адам болғанын, арасында әйелдер мен балалар да бар екенін айтты. Ол сонымен бірге соққыдан кейінгі видеоны да жариялады. Онда ғимараттың жартылай қирағаны көрінеді.
Украинаның қарулы күштері соққыны "Ресей билігінің бейбіт халыққа қарсы бағытталған кезекті әскери қылмысы" деп атады.
Ресей қорғаныс министрлігі бірнеше сағаттан кейін Суджадағы оқиғаға байланысты хабарлама таратты. Ведомство интернатқа соққы жасалғанын растады, алайда соққыға украин күштерін кінәлады. Олар соққыны "арандату әрекеті" деп атады. Ведомствоның айтуынша, "Украинаның Сумы облысынан ракета ұшырылғанын Ресейдің әуе қорғаныс жүйесі тіркеген". Бұған дейін осыған ұқсас тұжырымдарды бірқатар ресейлік әскери телеграм-арналары да жазған. Ресей қорғаныс министрлігі де, Украинаның қарулы күштері де оқиғаны әскери қылмыс деп атады.
Соғыс жағдайында және Суджада байланыс болмағандықтан тараптардың ақпаратын тексеру мүмкін болмай тұр. Осыған дейін де тараптар бір-бірін азаматтық нысандарға соққы жасады деп айыптаған.
ПІКІРЛЕР