Accessibility links

TikTok "Йоу, орыстар" әнін өшірді


Мәдениет министрлігінің ғимараты. Көрнекі сурет.
Мәдениет министрлігінің ғимараты. Көрнекі сурет.

Қазақстан мәдениет және ақпарат министрлігінің TikTok әлеуметтік желісіне шағымынан кейін онлайн-платформа "Йоу, орыстар" әнін өшірді. Бұл жөнінде Қазақстан мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетовқа сүйенген Ресейдің мемлекеттік ТАСС агенттігі жазды.

"27.01.2025 жағдай бойынша TikTok онлайн платформасының әкімшілігі заңсыз контентті жойған" деп жазған Кочетов агенттікке жіберген жауабында.

Оның айтуынша, бұл ән немесе оның үзінділері TikTok (12), YouTube (8) және "ВКонтакте" (2) желілерінен табылған. Осыған орай интернет-ресурс, онлайн-платформа мен онлайн-плафтормалардың әкімшіліктеріне жою жөнінде шағым-ескерту жіберілген.

Азаттық әзірге аталған платформалардың әкімшілерінен жауап ала алмады.

Дәл осы әнге қатысты QazNews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті Алматы полициясы 17 қаңтарда ұстаған еді. Оған "ұлтаралық алауыздық қоздырды" деген айып тағып отыр. Сатиралық паблик мазмұнында дөрекі сөздер бар даулы әнді осыдан бір жыл бұрын, ресейлік тележүргізуші Тина Канделакидің Қазақстанда "орыс тілі кемсіту көріп отырғаны жайлы" мәлімдемесіне реакция ретінде жариялаған еді (Қазақстан сыртқы істер министрлігі Канделакиді сол мәлімдемесінен кейін нон-грата тұлғалары тізіміне қосқан).

Еңсебек күдікті деп танылған баптың санкциясында айыппұл, бостандығын шектеу немесе екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас еркіндігінен айыру жазасы қарастырылған. Еңсебектің адвокаты Жанар Балғабаеваның айтуынша, оның қорғауындағы сатиралық паблик авторына қарсы іс қозғап, тергеу бастауға әлеуметтік желіні бақылайтын полиция қызметкерінің рапорты негіз болған.

Еңсебек тұтқынға алынғаннан кейін Қазақстанның бірнеше қаласында белсенді азаматтар мен журналистер Еңсебекке қолдау білдіріп, көшеге шығып жалғыз адам пикетін өткізді. "Сатира қылмыс емес" деген ұранмен Алматыда журналистер Руслан Бикетов пен Әсем Жәпішева, белсенділер Ақмарал Жәкібаева мен Ақторғын Ақкенжебаласы, Қостанайда Сергей Зинченко, Ақтөбеда Мұсағали Дауылов. Астанада Марат Мұсабаев акциялар өткізді.

Ал Алматы полициясы Еңсебек сатираға бола емес, "араздық қоздырғаны" үшін қылмыстық іс бойынша жауапқа тартылып жатыр деп айтты.

Журналистер қауымы мен сарапшылар биліктің Темірлан Еңсебекті қудалауын сынға алды.

Былтыр шілдеде Алматы соты аталған әнді айтқан белсендіні 10 тәулікке қамаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG