Белгілі педиатр, Қазақстандағы балалар хирургиясының негізін қалаушы, кезінде "Азат" қозғалысы басшыларының бірі болған, Халықтық- демократиялық партия жетекшісі Камал Ормантаев 1993 жылы, Қазақстанда тұңғыш Конституция қабылданған соң, он екінші шақырылымдағы Жоғарғы кеңес тарап, жаңа сайлау белгіленген тұста Азаттық радиосына сұхбат берген.
ШИПАГЕРЛІКТЕН – САЯСАТКЕРЛІККЕ
Камал Ормантаев 1936 жылы Қызылорда облысы Қармақшы ауданында дүниеге келген. Хирург. Ғылым докторы, профессор, академик. Әр жылдары Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығын басқарды. Ғылыми еңбектерінің дені балалар хирургиясына арналды. Бас пен миға жасалатын отаның жаңа әдістерін тәжірибеге енгізді. Осы салада ғылыми мектептің негізін қалады. Өз саласындағы 50-ге жуық авторлық куәлік және патент иесі. Ондаған мың ота жасаған дәрігер.
Ол "Азат" қозғалысы басшыларының бірі болды, Халықтық-демократиялық партияны құрып, басқарды.
Камал Ормантаев 1993 жылдың аяғы, 1994 жылдың басында Азаттық радиосының Алматыдағы тілшісі Едіге Мағауинге сұхбат берген. Сұхбаттың эфирге ұсынылмаған нұсқасы қазір Астанадағы ұлттық академиялық кітапханадағы Сирек қордағы Хасен Оралтайдың жеке қорында сақтаулы тұр. Сұхбаттың толық дерегі көрсетілмеген. Онда 1993 жылы желтоқсанда он екінші шақырылымдағы Жоғарғы кеңес өзін-өзі таратқаннан кейін, 1994 жылғы 7 наурызға белгіленген парламент сайлауы қарсаңындағы саяси ахуал туралы айтылады.
ТӘУЕЛСІЗДІКТЕН КЕЙІНГІ ТҰҢҒЫШ САЙЛАУ. ПАРТИЯНЫҢ СЫНЫ
"Қазақстанның саяси өміріндегі ең басты тақырып – алда наурызда өткелі отырған сайлау. Бұл – Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан бергі алғашқы өткізілмек сайлау. Сондықтан бәріміз де бұл сайлауды шын мәнінде демократиялық дәрежеде өтеді деп үміттеніп отырмыз. Қазақстандағы бір саяси партияның жетекшісі ретінде сіздің пікіріңіз сайлау туралы пікіріңіз қандай?". Камал Ормантаевпен сұхбат осы сұрақпен басталады.
"Қазақстан дербес мемлекет болған соң, әртүрлі кезеңді өткеріп жатыр. Солай болуы да керек. Қиыншылықтарға қарамай алға жылжуымыз керек. Алдағы уақытта депутаттары аз, сапасы жоғары болады деген парламент сайлауына ат салысып жатырмыз", – деп Камал Ормантаев жаңа қабылданған Конституцияның негізінде сайлау туралы заң шыққанын меңзейді. Айтуынша, Қазақстан толыққанды демократияға жетуі үшін бұл саяси партиялар белсенді әрекет етуі тиіс.
Сайлауда Халықтық-демократиялық партияның мүмкіндіктері қандай болуы мүмкін? Бәсекелес партиялардың беталысы қандай?
"Біздің партиядан, жалпы "Азат" қозғалысынан бірлі-жарым адам депутаттыққа өтеді деп үміттеніп отырмыз. Дегенмен Қазақстан халық бірлігі одағы мен Қазақстан халық конгрессі партиясынан парламентке өтетіндер бізге қарағанда көбірек болатын сияқты. Олай деуімнің екі себебі бар. Біріншіден, олар құрылғаннан бері нығайып, күшейіп алды. Екіншіден, осы ұйымдардағы адамдардың біразы өкіметте жұмыс істеп, танылған", – дейді Камал Ормантаев.
Ол өзі басқаратын Халықтық-демократиялық партияның қанаттас, әлде бәсекелес партиялардан айырмашылығы жайлы баяндаған.
"Басқа партиялар қазақ халқының мұң-мұқтажын біз сияқты көтере қоймайды. Олар ұлтаралық татулықты, достық пен бірлікті көбірек айтады. Оны біз де қолдаймыз. Достық нығая түсу үшін мемлекеттің иесі қазақ халқының жағдайы жақсаруы керек. Олар экологиялық апат аймақтарында тұрып жатыр, әлеуметтік жағдайы төмен. Біз қазақтың мәдениетін көтеруді алға ұстап отырмыз. Тіл мәселесін реттесек дейміз. Тіл мәселесі басында жақсы басталып еді, қазір сол іс дұрыс жүріңкіремей жатыр", – деген саясаткер бәрі бір күнде орнамаса да, іс біртіндеп жүзеге асуы керек деп есептейді.
Ормантаев әсіресе, тіл мәселесін ондаған жылдарға, 50 жылға созбалаудың қажеті жоқ деп біледі. "Күннен күнге өзгерістер болып жатуы керек еді", – деген ол.
Камал Ормантаев өзі басқаратын Халықтық-демократиялық партияны кімдер жақтап, қолдайтындығына да тоқталған.
"Олар кімдер? Олар – қазақтар. Көбі оңтүстік және батыс облыстарда тұрады. Бізден өзін-өзі сайлауға ұсынатын адамдар да осы аймақтардан түсетін шығар", – деген Камал Ормантаев "Азат" қозғалысы мен Халықтық-демократиялық партиядан 4-5 адам парламентке өтуі мүмкін деп болжаған.
САЙЛАНЫП ҮЛГЕРМЕГЕН ПАРЛАМЕНТТІҢ БОЛАШАҒЫ
Камал Ормантаев Азаттыққа берген осы сұхбатында он үшінші сайланатын Жоғарғы кеңес те ұзаққа бармайды деп топшылайды. Алайда бұл парламенттің дәурені ол айтқандай екі жарым, үш жылға жетпеді.
Тәуелсіз ел тарихындағы демократиялық жолмен сайланған тұңғыш кәсіби парламент шамамен 11 ай жұмыс істеді. Ал 1995 жылы наурызда Татьяна Квятковскаяның арызынан кейін Конституциялық сот парламентті заңсыз деп тауып, тарқатып жіберді.
"Парламент президент сайлауына дейін екі жарым-үш жылдай жұмыс істесе, содан кейін, президент сайлауы, сосын қайтадан парламент сайлауы өтер. Өйткені мұның бәрі уақытша. Дүниежүзінде қалыптасқан тәжірибе бойынша, парламент әдетте 4-5 жылға сайланады. Ал біз ондай дәрежеге әлі жеткен жоқпыз. Бізде бәрі жаңадан құрылып жатыр. Көп нәрсеге дайындық жоқ. Бірақ бұл сайлау бұрынғы сайлаудан деңгейі жоғары болады, сайланған адамдардың деңгейі де сондай болады деп үміттенеміз. Бірақ жаңа парламент те бес жыл отыра қоймас. Содан кейінгі сайлауларда ғана сайлау жолы демократияландырылып, жоғары деңгейдегі парламентке ие боламыз деп есептейміз", – деген еді Камал Ормантаев.
Он екінші сайланған Жоғарғы кеңес жергілікті халық депутаттары кеңестері ыдырағаннан кейін өзін-өзі таратты делінеді. Мұндай бастаманы Қазақстанда әуелі Алматы қаласындағы Алатау аудандық депутаттар кеңесі көтеріп, өзгелерге үндеу жолдаған. Бұл бастаманың шығу төркіні жайлы сол кезде Алматы қаласын басқарып, кейін түрлі қызмет атқарған, соңынан оппозицияға өткен Заманбек Нұрқаділовтің айтқаны бар.
Көп жыл президент Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге қызмет істеген Нұрқаділов 2004 жылы наурызда президентті қатты сынға алған. Ол Алматының аудандық советтерінің "өзін-өзі таратуына" ықпал еткенін мойындаған. Сайып келгенде Нұрқаділов Назарбаевтың ыңғайына көнбей жүрген Жоғарғы кеңесті президентке жығып бергенін мәлімдеп, өзін әлі кінәлі сезінетінін айтқан. Назарбаев естеліктерінде Нұрқаділовтің сөзін жоққа шығарған.
Парламенттің оқыс тарауы, аяқ астынан жаңа сайлаудың өтуі елдегі жаңа қалыптаса бастаған демократиялық күштерді абдыратып тастады. Ал Халықтық-демократиялық партияның төрағасы Камал Ормантаев сол шамада Азаттық тілшісі Едіге Мағауинге берген сұхбатында, Жоғарғы кеңестің тарауын көрші елдердегі советтердің тарауымен байланыстырды. Ормантаев өздері он екінші сайланған Жоғарғы кеңестің тарауы жылдам бола қалады деп күтпегенін айтқан. Егер сайлау енді бір жылдан кейін өткенде "Азат" қозғалысы да, Халықтық-демократиялық партия да алдын-ала қам жасар еді деген ол.
"ЗИЯЛЫЛАР ОППОЗИЦИЯ ЖАҒЫНДА ЖҮРГЕНІ ДҰРЫС"
1994 жылдың наурызында өткен сайлауда елдегі партиялар үшін парламентке жол ашылғандай болды. Алайда олардың арасында Камал Ормантаев басқаратын Халықтық-демократиялық партия өкілі болған жоқ. Парламентке өткен партиялар қатарында Қазақстанның халық бірлігі одағы, Қазақстан халықтық конгресс партиясы, Социалистік партия және Республикалық партия.
Бұдан басқа осы парламент қабырғасында Кәсіподақтар федерациясының фракциясы және 14 депутаттық топ құрылды. 177 депутаттың 42-сі президенттік тізіммен тағайындалса, одан кейінгі орынды 32 депутатпен Қазақстан халық бірлігі одағы иеленді. Бұл сайып келгенде назарбаевшыл топ болатын. Президент партиясы осы одақтан бастау алған.
Осы сайлау қарсаңында Азаттық радиосына сұхбат берген Халықтық-демократиялық партияның басшысы Камал Ормантаев бертінде, "Азат" газетінің 2006 жылғы 2 ақпандағы санында жарияланған сұхбатында "Мемлекетте оппозиция болуы керек, бір адамның ғана пікіріне қарап отыруға болмайды, ол да қателеседі. Әсіресе, оппозиция жағына елдің көзі қарақты, зиялы адамдары шыққаны дұрыс, қарапайым адамдар өз нанын тауып жесе, соның өзі үлкен табыс. Кейіннен 1998 жылы біз "Азамат" деген қозғалыс құрдық, оған қазақтың 74 зиялы азаматы мүше болып кірген еді, бірақ оның ғұмыры белгілі себептермен ұзаққа созылған жоқ. Қазір мен ешқандай партияда жоқпын, бірақ көзім көрген шындық туралы жасырмай айтуды жөн көремін", – деген еді.
"ЕЛГЕ БАРҒАНДА ҚИНАЛЫП ҚАЙТАМЫН..."
Камал Ормантаев осы сұхбатында өзінің саясатқа "Азат" қозғалысы арқылы келгенін айтқан.
"Азат" қозғалысы – 1986 жылғы оқиғалардан кейін қазақтың ұлтжанды азаматтарының дербес мемлекет құру идеясын басшылыққа ала отырып құрған саяси ұйымы. Қозғалыстың 1990 жылғы 30 маусым – 1 шілде аралығында өткен құрылтайына мен "Семей-Невада" қозғалысынан өкіл болып қатыстым. Қозғалыс құрылған күннен бастап оның басы-қасында болдым, өйткені мен бостандықты сүйетін адаммын. Мен дәрігер болсам да саясатқа жақын жүретін себебім – бостандықты, адалдықты, әділеттілікті жақсы көретіндігім... "Азатқа" келген адамдардың көпшілігі өкіметтен таяқ жеген азаматтар еді, кінәсіз қудалауға түскендіктен олар күрес жолын таңдап алады. Мені де екі рет педиатрия институтының директорлығы қызметінен босатқан болатын. Бір рет Дінмұхаммед Қонаев қайта әкеліп орныма қойған еді. Көбіне адамға әділетсіз түрде зорлық-зомбылық жасау оны әр түрлі саяси партияларға жүгінуге итермелейді. Егер өкімет тарапынан қолданылған шаралар әділетті болса, ол үшін үкіметке ешкім қарсы болмайды", – деген Камал Ормантаев "Азат" қозғалысы құрамында жүріп Халықтық-демократиялық партияны құруына елдің жағдайының нашарлауы себеп болғанын айтады.
"Өзім халықтың арасынан шыққан, ауылда өскен адаммын, сол ауылдың жағдайының нашарлауы, халықтың тұрмысының төмендеуі қазіргі күні де маған маза бермейді. Бүгінгі күні мемлекетіміздің байып, дамып жатқаны туралы көптеп айтылады, ал елде тұратын жағдайы нашар халық туралы ешкім жұмған аузын ашпайды, 15 млн ғана халқымыз бар ғой, егер билік елдің қамын ойласа, олардың жағдайын түзеуге тиіс, өйткені қазір байып жатқандар тек үркердей ғана топ, қалған халық кедейшілікте өмір сүруде. Мен ғалым ретінде көп марапаттарға, атақтарға ие болдым, бірақ мен елден шықтым, Қызылорда облысының Қармақшы ауданындағы қазақ мектебін бітірдім. Елге барғанда қиналып қайтамын, ауданның өзінде жұмыссыздық көп", – деген Камал Ормантаев.
"БІЗ БІР-БІРІМІЗДІ ТЫҢДАЙ БЕРМЕЙМІЗ..."
Камал Ормантаев 2006 жылы "Азат" газетіне берген сұхбатында "Азат" қозғалысының тарау себебін түсіндірген.
"Біздің басымызды біріктірген ортақ мақсат – ұлттың қамы болған еді, бәріміз тәуелсіз ел болсақ деген мүддемен жұмыс істедік. Біз қазақ халқының бостандығын аңсадық, сол жолда қолымыздан келгенше әрекеттер жасадық. Ал біздің тарап кетуіміздің, менің ойымша, үлкен екі себебі болды. Оның бастысы ретінде арамызға жіберілген өкімет адамдарының бізді ыдырату бағытындағы атқарған жұмыстарын айтуға болады. Екінші себеп, ол әрқайсымыздың көзқарасымыздың әртүрлі болуы еді. Біз ортақ тіл табыса алмадық. Бастапқы кездері Марат Шорманов пен Сәбетқазы Ақатаев арасында жиі жанжалдар болып тұратын. Әркімнің әр түрлі мінезі, ақыл-ойы, тәрбиесі болды. Ол көбінесе отырыстардағы бір-біріне тиісу, ренжісу ретінде көрініс тауып отырды, бірақ төбелеске ешкім бара қойған жоқ. Әсіресе, Сәбетқазы Ақатаев пен Жасарал Қуанышалин ұшқыр мінезді адамдар еді, екеуі қатты сөздерге келе беретін. Содан кейін арамызда қазақтың бір-бірін тыңдамайтын мінезі бар ғой, айтыс-тартыс, бір мәселе қозғалғанда, екінші бір қатысы жоқ мәселе туралы сөз көтеріледі, біз қанша жоғары білімді азаматтар болсақ та, бір-бірімізді тыңдай бермейтінбіз. Арамызда біршама уақыт төраға болып Михаил Есеналиев қызмет атқарған еді, ол кісі саясаткер, іскер, сөзді тыңдай білетін азамат болатын, сол кісі келген соң ғана біздің арамызда өзара түсіністік орнай бастады", – деген "Азат" қозғалысы жөнінде Камал Ормантаев.
Сол қайшылығы көп, әйтсе де демократия қарлығашы болған "Азат" қозғалысының құрылғанына биыл, 2025 жылы 35 жыл толмақ.
Азаттық радиосының әр жылдарғы маңызды хабарларына шолу жасайтын "Азаттық толқынында" подкасында кезінде "Азат" азаматтық қозғалысы басшыларының бірі болған, Халықтық-демократиялық партияны құрып басқарған Камал Ормантаевтың Қазақстанның тұңғыш кәсіби парламенті сайланар қарсаңда Азаттыққа берген сұхбатына шолу жасадық.
Аудиоподкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдауға болады.
ПІКІРЛЕР