АҚШ Украинаға жыл соңына дейін президент және парламент сайлауын өткізуді ұсынады. Бұл жөнінде АҚШ президенті Дональд Трамптың Украина бойынша арнайы уәкілі Кит Келлог Reuters агенттігіне айтты.
Reuters-ге берген сұхбатында ол "демократиялық елдердің көбі тіпті соғыс кезінде сайлау өткізеді" деп айтып, сайлау Украинадағы демократия үшін маңызды екенін атап өтті.
"Соғыс кезінде сайлау өткізу" жөнінде айтқан Келлогтың нақты қандай тарихи оқиғаға сүйенгені белгісіз. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде АҚШ-та президент және парламент сайлауы өткен. Алайда ол кезде әскери қимыл әрекеті АҚШ аумағында болмаған. Мысалы, Ұлыбританияда сайлау 1945 жылы Еуропадағы соғыс аяқталғаннан кейін өткен.
Украинада Жоғарғы рада сайлауы былтыр президент Владимир Зеленский мен қазіргі парламенттің өкілеті аяқталған кезде өтуі керек болған. Алайда соғысқа байланысты белгісіз уақытқа шегерілген. Заң бойынша, соғыс кезінде сайлау өткізуге болмайды.
Былтыр шынайы бәсекесіз жағдайда алдын ала белгілі нәтижемен бесінші рет президент болып сайланған Ресей президенті Владимир Путин жуырда Украина басшысы Владимир Зеленскийдің президенттік өкілеті былтыр аяқталғанын айтып, оның легитимдігіне тағы шәк келтірген еді. Украина заңнамасы бойынша, президент жаңа сайлау өткенге дейін өз қызметін жалғастыра беруге тиіс.
Екі дереккөзге сүйенген Reuters-дің жазуынша, Трамп әкімшілігі Ресеймен атысты тоқтату бойынша келісімге келу үшін Украинада сайлау өткізу маңызды деп санайды. Ақпаратқа қарағанда, Трамп әкімшілігінде әуелі Украинамен атысты уақытша тоқтату туралы келісім жасап, сайлау өткізіп барып, Ресеймен тұрақты бейбітшілік келісім жасау мүмкіндігі де талқыланып жатыр. Бірақ Украинаға жағына ресми түрде мұндай ұсыныс жасалуы мүмкін екендігі хабарланған жоқ.
Бұған дейін Зеленский биыл сайлау өткізуге болады, алайда атыс тоқтаған кезде және Украина қауіпсіздігіне кепілдік берілген жағдайда ғана өтуі мүмкін деген. Киев әзірге Reuters ақпаратына түсініктеме берген жоқ.
Осыған дейін Fox News арнасына берген сұхбатында Кит Келлог Дональд Трамп командасында соғысты тоқтатып, Украина мен Ресей арасында бейбіт келіссөзді бастау бойынша сенімді жоспар бар деп мәлімдеген. Арнайы уәкілдің пікірінше, атысты жыл емес, айлар ішінде тоқтату мүмкіндігі бар.
- Дональд Трамп сайлауалды кампаниясы кезінд Ресей мен Украина арасындағы соғысты қысқа уақыт аралығында бітіруге уәде берген. 31 қаңтар Трамп Мәскеумен "салмақты талқылау" болғанын айтқан, бірақ жай-жапсарына тоқталмады. Ал Кремль Трамп командасынан ұсыныс түспегенін айтты.
- Мәскеу осыған дейін украин күштері Украинаның аннекияланған төрт облысы: Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстарынан кетіп, Киев бейтарап статусқа көшсе және Мәскеуге қарсы санкция алынса бейбіт келіссөзге баратынын айтқан. Ал Украина басшысы Владимир Зеленский мұны ультиматум деп атап, НАТО Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік беріп, қару-жарақты тоқтатпауы керек деген шарт қойған.