АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Украина мен Ресей арасындағы соғыс тығырыққа тірелді деп санайды. Соғыстан украиналықтар да, ресейліктер де қатар зардап шегіп жатқанын алға тартқан Рубио президент Дональд Трамп соғысты аяқтап, тұрақты бейбітшілік орнатуды мақсат етіп отырғанын айтты. Рубионың айтуынша, ол үшін екі жақ келіссөз бастауы керек және келіссөз барысында екі тарапқа "әлденені құрбан етуге" тура келеді.
Журналист Меган Келлиге сұхбатында АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Путин "сұмдық нәрсе жасады" деп мәлімдеп, Украина Ресей әскерін 1991 жылғы шекараға дейін тықсыра ала алмайтынын мойындауы керек деді.
"Біз неге екені белгісіз Украина Ресейді жеңіп қана қоймай,... 2012, 2014 жылғы сызыққа дейін Ресей әскерін тықсыра алады дегенге жұртты сенуге мәжбүрледік. Нәтижесінде кейінгі 1.5 жылда олар адамдардың қасіретін ұзартқан тығырық жағдайды қаржыландыруды сұрап келеді" деді Рубио.
"Энергия жүйесі қираған Украина 100 жыл кері ысырылды және әлдекімге осыны қалыпқа келтіруге тура келеді, ал украиналықтардың көбі елден кеткен... Бәлкім, олар ешқашан оралмайтын да шығар. Бұл олардың болашағы және бұл тұрғыда оған қатер төніп тұр" деді АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы.
АҚШ президенті Дональд Трамп қаңтар айында дүниежүзілік Давос экономикалық форумында видеобайланыс арқылы сөйлеген сөзінде Ресей президентімен кездесіп, Украинадағы соғысқа нүкте қойғысы келетінін айтқан. Трамп Ресейді келіссөзге шақырып, бас тартқан жағдайда санкция мен салықтарды еселеп арттыратынын айтып сес көрсеткен.
Ал Ресей президенті Владимир Путин осыған дейін Трамппен кездесуге дайын екенін айтқан.