Қаңтар оқиғасы бойынша 20 жыл түрмеге кесілген "Дикий Арман" деген атпен танылған Арман Жұмагелдиев түрмеде денесін жарақаттады. Ақпаратты қылмыстық атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) хабарлады.
"Сотталушы өзіне жеңіл дене жарақатын салған. Дереу медициналық көмек көрсетілді. Денсаулық жағдайы қанағаттанарлық. Мекеме психологтары сотталушымен профилактикалық жұмыс жүргізіп жатыр" деп жазылған ҚАЖК хабарламасында.
Комитеттің айтуынша, фактіге орай қызметтік тексеріс тағайындалған. Оқиғаның қай жерде болғаны және оған не түрткі болғаны ҚАЖК хабарламасында айтылмайды.
Бұған дейін Жұмагелдиевтің қорғаушыларының бірі Елена Жигаленок әлеуметтік желіде Жұмагелдиев пен осы іс бойынша сотталған тағы бірнеше адамды сот процесі аяқталғаннан кейін үкім күшіне енбей жатып, Қазақстанның әртүрлі аймақтарындағы қамау мекемелеріне әкеткенін хабарлаған болатын. Олар осылайша олардың әділ сотталу, қорғау құқығы бұзылғанын айтқан еді.
ҚАЖК бұл мәлімдемеден кейін барлық сотталушы тергеу изолятоларында деп айтқан.
Сот кезінде Жұмагелдиев ҰҚК-ның тергеу изоляторында болған және сот отырысына видео арқылы қатысқан.
Бұл іс бойынша 27 қаңтарда 44 адам сотталды, арасында Алматы қалалық мәслихаттың бұрынғы депутаты, кәсіпкер Қайрат Құдайберген және ҰҚК бесінші басқармасының бұрынғы жетекшісі Руслан Ысқақов бар. Бұған қоса, қаржы полициясының бұрынғы агенті Талғат Махатов және журналист Бердах Бердімұрат та бар.
Іс материалдары бойынша, ҰҚК-нің жоғары лауазымды өкілі Руслан Ысқақов Жұмагелдиевтің қылмыстық ұйымына қолдау көрсеткен, 2022 жылы қаңтарда "билікті күшпен басып алу мақсатында" жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру үшін аталған топты іске қосқан. Сот Жұмагелдиевті жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру, адам ұрлау, адамдарды заңсыз еркіндігінен айыру, қылмыстық топ тұру, қарақшылық баптары бойынша кінәлі деп танып, 20 жылға соттады. Ысқақов 15,5 жылға сотталды.
Адвокаттары үкіммен келіспей, шағым түсіретінін айтқан.
Сот процесі жабық өтті. Сот процесі басталғанда айыпталушы Руслан Ысқақов бұл іске ҰҚК басшысының бұрынғы бірінші орыбасары Самат Әбіштің де қатысы бар деп мәлімдеген соң, 2023 жылдың қыркүйек айында процесс жабық режимге ауыстырылған-ды. Самат Әбіш – Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі.
Кейін Самат Әбішке Қаңтар кезінде "билік өкілетін асыра пайдалану" бабы бойынша айып тағылды. Былтыр көктемде ол шартты түрде 8 жылға сотталды. Самат Әбіштің қанды оқиға кезіндегі рөлі белгісіз болып қалды: оның да соты жабық өтті, судья істе мемлекеттік құпия барын алға тартқан.