Каспий құбыр консорциумы (КҚК) акционерлерінің бірі ресейлік "Транснефть" мемлекеттік компаниясы Кубаньдағы мұнай айдайтын "Кропоткинская" станциясына дрон шабуылынан кейін қатты зақым келді, оны жөндеуге 1,5-2 ай кетуі мүмкін деп хабарлады. Компанияның болжамынша, бұл уақытта Қазақстан мұнайын айдау 30 пайыз азаюы мүмкін.
"Каспий құбыр консорциумы мамандарының пікірінше, соққы салдары 1,5 айдан 2 айға дейін жойылады, осыған байланысты Қазақстаннан мұнай айдау көлемі шамамен 30 пайыз азаюы мүмкін", – деді "Транснефть".
Ресейлік компанияның хабарлауынша, шабуыл салдарынан нысанның шатыры қираған, құрылғылар, газ турбина қондырғысы бүлінген, кабельдерге, су сақталған резервуарға соққы тиген, трансформаторлар мен сүзгілер жойылған.
17 ақпанда Каспий құбыр консорциумындағы мұнай айдайтын "Кропоткинская" станциясына дрон шабуылдады. КҚК шабуылды "террористік" деп атады, консорциумның баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, станцияға ішінде жарылғыш зат пен металл зақымдайтын элементтері бар жеті дрон шабуылдаған. КҚК-ның мәліметінше, дрондар араға уақыт салып ұшқан.
"Транснефть" дрон шабуылына Украинаны айыптады.
18 ақпанда Украина қарулы күштерінің бас штабы Украина күштері Ресейдегі әскери және отын-энергетика инфрақұрылымындағы стратегиялық нысандарға шабуыл жасағанын растады. Украина Краснодар өлкесіндегі мұнай өңдеу зауытына, мұнай айдайтын "Кропоткинская" және "Андреаполь" станцияларына соққы тиді хабарлады.
КҚК бұған дейін "Теңіз – Новороссийск құбыр жүйесі арқылы мұнай станцияны айналып өтіп тасымалданады, мұнай төмен режимде айдалады" деп хабарлаған.
"Кропоткинская" – Каспий құбыр консорциумының Ресей аумағындағы ең ірі мұнай айдайтын станциясы, Кубаньдағы Кавказ ауданында орналасқан.
17 ақпанда Қазақстанның энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумынан Қазақстан мұнайына шектеулер жоқ, мұнайды әдеттегі режимде қабылдап жатыр деп мәлімдеген. Министрліктің дерегінше, 2024 жылы КҚК бойынша 55 млн тоннаға жуық Қазақстан мұнайы айдалған.
Қазақстан мұнайының көбін Еуропаға тасымалдайды. Тасымалдың басым бөлігі Ресей аумағынан өтетін Каспий құбыр консорциумы арқылы жүзеге асады. Ұзындығы 1,5 мың шақырым КҚК Қазақстанның Теңіз кен орны мен Ресейдегі Новороссийск түбіндегі Қара теңіз терминалын жалғайды. Онымен мұнай айдау тез әрі оңай.
Теңіз кенішіндегі құбырға айдалатын мұнай Құрманғазы, Исатай аудандарындағы станциялар арқылы Ресей аумағымен Новороссийск жанындағы Южная Озереевка кентіндегі теңіз терминалына жеткізіледі. Ары қарай танкерге тиеліп, теңіз порты арқылы Еуропаға жөнелтіледі.
Каспий құбыр консорциумының 24 пайызына – Ресей, 19 пайызына Қазақстан иелік етеді. Қалған ірілі-ұсақ акциялар Батыстың бірнеше ірі мұнай өндіруші компаниясының иелігінде.
ПІКІРЛЕР